Негізінен, алкоголь өніміне шектеу қою туралы бастама – Қазақстанда үздіксіз қозғалып жүрген тақырып. Кезінде Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл «демалыс күндері арақ-шарап саудасына тосқауыл қойып, шарапсыз жексенбіге қайта оралсақ» деп ұсыныс та айтқан еді. Тура солай болмаса да, жаңа заң жобасы мақұлданған жағдайда арақ зауыттары мен оның сауда шарттары қатаңдатылатынға ұқсайды. Еліміздің бас салықшысы Әнуар Жұмаділдаев осыны алға тартып, Қазақстан аумағында түн мезгілінде арақ сатуға тыйым салынатынын ерекше атады.
Тоқтала кететін жайт, бұған дейін Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі алкоголь өніміне акцизді көтеруді көздейтін заң жобасын Парламенттің қарауына беріп қойған-ды. Ол бойынша Қазақстанда арақ-шарапқа акцизді арттыру кезең-кезеңімен жүзеге асады. Сөйтіп, үш жылдан кейін арақ-шарап өнімдеріне акциз ставкасы 3,1 пайызға өседі. Яғни мамандар бір литр арақ бағасы орта есеппен 1600 теңгеден кем түспейтінін алға тартады.
Алкоголь өніміне акциз түсімі мемлекет кірісінің үлесінде бір пайызды құрайды екен. Ал осыдан бес жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда Қазақстанда акциз түсімі 10 млрд теңгеден 24 млрд теңгеге өскен, сөйтіп, өндіріс көлемі 2008 жылмен салыстырғанда 47 млн теңгеден 58 млн теңгеге дейін артыпты. Бір қызығы, Салық комитетінің басшысы елдегі арақ зауыттарының саны 2008 жылдан бері 95-тен 66 зауытқа қысқарғанын қуанышпен жеткізген еді. Зауыт қысқарғанымен, пайдасы өсіп отырса, оның несі қауаныш? «Көлеңкелі» өндірістің тым өршіп отырғанын да осы аңғартпай ма? Екіншіден, әлбетте, бұған қарап «бюджеттің бүйірі томпайды» деп мақтануға да болмайды, өйткені тұтынушы өзіміз. Сонымен қатар Қазақстанның алкоголь өнімі нарығында барлығы 205 этил спирт және алкоголь өнімін өндірушілер ресми түрде тіркелген көрінеді. Оның 18-і спирт және 16-сы арақ зауыты. Сонымен қоса, 1500 көтерме және 46 мыңға жуық бөлшек саудадағы алкоголь өнімін өткізушілер тағы бар.
Жалпы, 2011-2012 жылдар аралығында арақ өндірісі мен оның айналымында 8 млн литр алкоголь өнімі көлеңке өндірістен алынып, 1,9 млрд теңге шамасында айыппұл салынған. 31 өндірушінің лицензиясы түбегейлі жойылып, 15-і – өз жұмысын біржола тоқтатқан. 2013 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 300 млн теңгені құрайтын 891,1 мың шөлмек арақ заңсыз өндіріліп келгені анықталып отыр.
Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстандағы алкоголь өнімінің заңсыз айналымының үлесі ішкі нарықтағы арақ-шарап саудасының 25 пайызына дейін алады. Экономикасы өтпелі болып саналатын елдерде заңсыз арақ сату, жалпы, алкоголь саудасының 30-35 пайызын иеленеді екен. Ал дамыған елдерде мұның көрсеткіші 20 пайыздан аспаса, АҚШ пен Швейцарияда 8-10 пайызды көрсетеді. Алайда акциз бағасының өсуі арақ саудасының көлеңкелі айналысының артуына себеп болатыны анық. Бұны күні кеше Мәжілістегі жиында Үкімет басшысы Серік Ахметов те меңзегені есте.
Сөйтіп, алдағы уақытта арақ-шарапты шектейтін және бір заң Парламентке аттанады. Онда, ең бастысы, экономикалық тетік, яғни арақ-шарап бағасын арттыру көзделмек.
Арақ-шарап түнде сатылмайтын болады
Последние статьи автора