Ақылдастар алқасы құрылады
Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі жанынан Еуразиялық экономикалық кеңістік шеңберіндегі сауда-саттық бойынша тиімді шешімдерді қабылдау үшін Ақылдастар алқасы құрылатын болды. «Ол Еуразиялық экономикалық комиссияға Кеден одағына мүше мемлекеттердің өзара сауда-саттықтағы арыз-шағымдары бойынша бұрынғыдай тек Үкімет арқылы ғана емес, салалық бизнес-қауымдастықтар тарапынан да шығуға мүмкіндік береді»,– дейді осы апта басында елімізде болған ЕЭК-тің сауда министрі Андрей Слепнев.
«Кеден одағы шеңберінде ресми кездесулерден тыс, үш мемлекеттің бизнес-қауымдастығының қатысуымен тұрақты жұмыс істейтін Ақылдастар алқасы құрылады. Оған «Атамекен», «РСПП» және салалық әмбебап қауымдастықтар енетін болады», – деді министр өз сөзінде.
Бұл құрылымда функциясы өзара мәселелерді реттеуге негізделген кәсіби секциялар да жұмыс істейді деп болжанып отыр. Аталған кеңес қызметінің аясында нарықты қорғау, кедендік салық, тарифтік реттеу секілді бірқатар шаралар жетілдіріледі деп күтіледі.
Сондай-ақ Кеден одағы үштігінің тауарлары сыртқы нарықта қандай да бір кедергілер мен мәселелерге тап болған жағдайда біріккен инвентаризация жүргізу ісі де жоспарланған екен. Осы мақсатта таяу кезеңде Еуразиялық экономикалық кеңістік (ЕЭК) мемлекеттері тағы 50 техникалық регламентті бекітпекші.
«Техникалық регламент мәселелері реттеліп қойды, қазірдің өзінде біздің интеграциялық бірлестік оның 20 шақтысын қабылдады. Өздеріңізге белгілі, қазір барлық әлем техникалық кедергілерге басымдық береді. Сондықтан біз барлық кедендік аймақты қамтитын бірыңғай техникалық регламентті құру жолын түзіп жатырмыз. Бүгіндері осы бағытта көп жұмыс істелді, меніңше, біз басымдық берілген позициялар бойынша шамамен 50 регламентті бекітуге қол жеткізе алатын секілдіміз. Бұл шара ішкі сауда-саттықта қандай да бір мәселелер туындатпас үшін керек», – дейді Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда министрі Андрей Слепнев.
Ал Кеден одағы іске қосылғаннан бергі жетістіктерге министр былайша тоқталды:
– ЕЭК аясында бірыңғай теміржол тасымалы нарығына қатысты келісімге қол жеткіздік, бұл арада барлық тауарларға қатысты бірыңғай тариф қолданылады, яғни одақ мемлекеттерінің тауарларына импорт немесе экспорттық тариф деген бөлініс жасалмайды. Сыртқа тауар тасымалдайтын қазақстандық компаниялар үшін Ресейдің ішкі тарифін қолдану өте тиімді және қолайлы болады деп ойлаймын.
Бірыңғай техникалық реттеу жүйесі мен ауыл шаруашылығы саласындағы реттеу жайына тоқталсақ, бұл арада өнім сапасын анықтаудың бірыңғай тәртібі жұмыс істейді. Ал сыртқы нарықтағы жұмыстарға келсек, біз сәйкестендірілген саясатты енді ғана қолға алдық. Сондықтан бұл арада қандай да бір жетістіктер туралы айту ерте. Қазір біз әділетсіз бәсекелестіктен қорғану бойынша шешімдер қабылдауды бастадық, бұл ретте қант және кондитерлік өнімдерге қатысты сәйкестендірілген шешімдерді қабылдадық, Мәселен, ҚХР демпингімен байланысты Украинаның металлургия өнімдері бойынша бірқатар шешімдерді даярлап жатырмыз.
Осы жағынан алғанда, ЕЭК елдерінің сауда-саттық қарым-қатынасына ешқандай кедергі жоқ, олар қарыштап дами беруі секілді көрінеді. Алайда...
ЕЭК-тің сауда министрі Андрей Слепневтің қазақстандық бизнес қауымдастықпен болған кездесуінде бірталай мәселенің басы ашылды. Мәселен, Ресей нарығында қазақстандық алкогольдік өнімдерді өндірушілерден қамсыздандыру төлемі алынады екен. Осы мәселені шешіп беруді министрден сұраған «ҚазАлко» басшысы Әміржан Қалиев: «Былтыр бұл төлем 1 литрге шаққанда 401 рубльді құраса, биыл ол 412 рубльге дейін қымбаттаған. Мұны акциздік салықтың 4/1 бөлігі деп айтсақ та болады. Бірақ бұл сома тасымалданған өнім құнынан 3-3,5 есеге қымбат», – деді. Өз кезегінде А.Слепнев: «Бұл мәселе ЕЭК кеңесінде қаралып, алкогольдік өнімдер айналымы саласындағы үйлестіру істері бойынша үш жақты келісімді әзірлеу бойынша жұмысшы топ құрылды», – деді.
«Былай қарасаңыздар, қамсыздандыру төлемі деген бұл арада артық секілді көрінеді. Бірақ қадағалаушы органдар бұған қарсы. Егер қамсыздандыру шарасын алып тастасақ, мұндай мүмкіндікті пайдаланған ресейлік алаяқтар қазақстандық өнім түрінде заңсыз спиртті оңды-солды тасымалдай бастайды. Өйткені бастапқы кезеңде өндіріс есебі жүргізілмейді. Ал қамсыздандыру төлем жүйесінде толыққанды есеп жүргізіледі: спирт өндірісінен бастап, оны бөлшек саудаға шығаруға дейінгі. Сондықтан халықаралық келісім жасап, осы мәселені кешенді түрде реттеу туралы шешім қабылданды. Бұл істі Ақылдастар алқасында сіздердің тарапыңыздан аталған коллегияның экономика және қаржылық саясат министрі Тимур Сүлейменов басшылыққа алады», – деді министр.
Сондай-ақ Павлодардағы жоғары сапалы қағаз өнімдерін өндіретін «Kazakhstan Project» ЖШС сырттан тасымалданатын шикізаттың кедендік салық мөлшерлемесінің демде қымбаттап кеткенін сынға алды. «Мұндай шикізаттың сапалы түрі Ресейде де, Белоруссияда да өндірілмейді екен. Сондықтан бұл арада қандай да бір жеңілдіктер қарастырылса», – дейді бизнесмен.
Отандық автокөлік өндірісі бойынша да бірқатар мәселелер көтерілді. Аталған мәселелерді асықпай қарау керектігін айтқан А.Слепнев мырза болашақта жасалуы мүмкін деген жеңілдік шараларын тізбелеп, отандық бизнес қауымдастық өкілдерін демеп кетті.