Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстан Президенті Ақтау теңіз портын еліміздің «батыс қақпасы» деп атаған еді. Міне, бүгінде экономикалық өрлеу үрдісін басынан өткеріп жатыр. Ақтау теңіз порты батыс пен шығыстың арасында алтын көпір салып отырған Қазақстанның іскерлік алаңына айналды. Қазір Ақтау айлағы Каспий теңізі порттарының арасынан топ жарып шығып, Еуропа және Азия елдерімен, Парсы шығанағы елдерімен сауда айналымын айтарлықтай ұлғайтуға айшықты үлесін қосып отыр.
2012 жылды да Ақтау теңіз порты нәтижелі қорытындылады. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, Ақтау теңіз порты жүк жіберу көлемін жыл санап ұлғайтып келеді. Ақтау теңіз порты былтыр межеленген жоспарды артығымен орындады. Жыл басынан бері портқа 1855 кеме кіріпті. Сонымен қатар теңіз сауда портынан өткен жылы 11 млн-ға жуық тонна жүк жөнелтілген. Оның басым бөлігі – бидай мен мұнай. Қара алтынның үлес салмағы – 7 млн 591 мың тонна. Қалғаны құрғақ жүктер. Порт басшыларының айтуынша, пароммен жөнелтілетін жүктер мен сыртқа экспортталатын астық көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Ал, керісінше, нарықтағы жағдайға байланысты шикі мұнай мен металл көлемі азайған екен. Сыртқа шығарылатын қара түсті металл мен мұнай көлемінің кемитіні жөнінде алдын ала болжамдар жасалды. Осыған орай, теңіз портының басшылығы жүктерді түрлендіру бойынша тиісті шаралар қабылдап та жатыр. Атап айтқанда, 400 мың тонна көлемінде өзге жүк түрлері тартылды. Қазіргі кезде Қытай кәсіпорындарымен келісімге қол жеткізілді. Сол себепті биыл азот өнімдерін, импорттық құрылыс материалдары және бидайды транзиттік тасымалдау көлемін ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда кәсіпорын өндірістік қуатын одан әрі арттыру үшін жаңа технологиямен жұмыс істеуге көшіп жатыр. Каспийдегі порттар арасында алғаш рет Ақтау теңіз портында бір терезе қағидасымен жұмыс істейтін заманауи қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұнда теңіз порты, кеден, шекара сияқты бірнеше бақылаушы органдар топтастырылған. Осының нәтижесінде әрбір тұтынушы құжат рәсімдеуде 6 сағаттан 30 минутқа дейін уақытын үнемдейді. Сондай-ақ кемеге жүк тиеу, оны тексеру мерзімін қысқарту мақсатында барлық жүйе автоматтандырылуда.
Порттың пайдасы
Порт жаңа бағыттарды ұлғайтып, бағаның төмендеуіне, тасымалдың көбеюіне ықпал етеді. Қазақстанның арнайы экономикалық аймағына айналып отырған Ақтау халықаралық теңіз сауда порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Порттың негізгі қызметі түрлі құрғақ жүктер, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін шетелдерге шығарады. Халықаралық тасымал жолы арқылы ел экономикасының қарқынды дамуына үлес қосып келе жатқан Қазақстанның бірден-бір теңіз қақпасы болып саналады. Сондықтан ел экономикасының дамуына қосар үлесі жоғары әрі маңызды рөл атқарады. Ақтау порты осыдан 45 жыл бұрын салыныпты. Тарихқа үңілсек, порттың Маңғыстау өңіріне және Ақтау қаласына, одан қалды, Қазақстанға тигізген пайдасы көп. Алғаш рет 1963 жылы Маңғыстау облысындағы уран өнеркәсібі мен мұнай кен орындары өнімдерін тасымалдау үшін Каспийдің шығыс жақ беткейіне жүк айлақтары мен толқын тосқылар құрылған 1986 жылға дейін портта төрт мұнай құю айлағы мен паром кешені салынған. Сол уақытта КСРО бойынша мұнай тасымалы өзге тауарларға қарағанда алдыңғы орында тұрды. Оған 80-жылдардың басында Ақтау порты арқылы 7 млн тоннаға жуық мұнайдың шетелдерге шығарылғаны туралы дерек дәлел. Ал құрғақ жүк тасымалдау жылына 300 мың тоннаға жеткен.
Жалпы, порт құрылысы 1963 жылы аяқталды. Ақтау портынан алғашқы қазақстандық мұнайды тиеп шыққан «Джабрайл» танкері 1966 жылы 5 қазанда жол тартқан Ақтау порты сол уақытта БН-350 атом электрстансысын, химия саласындағы зауыттар мен Ақтау қаласының өзінің құрылысын салуда да маңызды рөл атқарды.
КСРО тарап, оның құрамындағы Достастық елдері өз тәуелсіздігі үшін тайталасқан тұста порт қызметі біршама тұралап қалғаны рас. Еліміз егемендік алған соң, өз даму жолын айқындап алды. 1995 жылдары Қазақстан металын экспорттау және «Теңізшевройл» ТШО бірлескен кәсіпорны өндіретін мұнайды теңіз арқылы шығаруда тасымалдау көлемі ұлғайып, өңірдің экономикалық даму жүйесіне оң әсерін тигізді.
1999 жылы Ақтау портының халықаралық тасымалдау жолын қалпына келтіру негізінде Еуропалық жаңғырту және даму банкінен 74 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Қуаттарды жаңарту жобалары жүзеге асырылды. Порт инфрақұрылымы мен басқару құрылымдары жақсартылды.
1999 жылы портты қайта құрудың бірінші кезеңі аяқталып, қайта жаңғыртылуына орай өткізілген ашылу салтанатына Елбасымыз да қатысты. Жаңғырту үдерісінен кейін порттың жалпы жүк тасымалы 4,5 есеге дейін өсті, тиеу-түсіру кешенінің құрғақ жүктерге қызмет көрсету мүмкіндіктері, мұнайды ауыстырып тиеу жылына 1,55 млн тоннаға дейін жеткізілді.
Пәрмені
Қазірге дейін Каспий бассейнінде орналасқан 10-нан астам теңіз портының ішінде Ақтау халықаралық теңіз сауда порты жалпы көрсеткіштер бойынша бірінші орында келеді. Қызмет сапасы да халықаралық стандарттарға сай орындалуда. Атап айтқанда, бұған оның ИСО 9000, экологиялық менеджмент жүйесінің ИСО 14 000 халықаралық стандарттары талаптарына сәйкестігі және ИСО 18 000 ОНSАS жүйесін енгізу жоспары дәлел бола алады. Бүтіндей Каспий бассейніндегі жалпы жүк тасымалы көлемі бүгінгі танда 32 млн тонна болса, ондағы Ақтау портының үлесі 34%-ды құрап, оны алдағы уақытта 46%-ға дейін жеткізу талаптары жоспарланып отыр. Сарапшылардың бағалауы бойынша, келешекте Каспийдегі жалпы жүк тасымал көлемі 70 млн тоннаға дейін, оның ішінде мұнай бойынша 50 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан Ақтау порты арқылы тасылатын жүк көлемін жылына 20 млн тоннаның деңгейіне дейін жеткізу көзделіп отыр. Жылына 11 млн тонна жүкті өңдеп отырған Ақтау портына деген сұраныс екі-үш есе жоғары. Сондықтан порттың өндірістік қуатын арттыру мақсатында оны солтүстік бағытқа кеңейту туралы Үкіметтің шешімі шығып, арнайы жоспар жасалды. Жоспарға сәйкес, ол 2015 жылға қарай аяқталуы тиіс. Судың түбі тереңдетіліп, үш құрғақ жүк терминалы салынып жатыр. Порттың солтүстік бағытқа қарай кеңейтілуі, оның тиісінше серпін алып, тиімді дамуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында бес жоба іске асырылған, тағы 46 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оны жүзеге асыру қарқынын үдету үшін АЭА аумағын инженерлік және көліктік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарлауынша, экспорттық әлеует пен өңірге деген инвестициялық қызығушылықты арттыру мақсатында «Ақтау Теңіз порты» АЭА аумағын қосымша аймақтармен кеңейту ұсынылып отыр. Сондай-ақ болашақта қазақ мұнайын сыртқа тасымалдайтын 20 миллион тонналық Құрық портының қуаты ескеріліп, бастапқы жоба өзгертілді. Енді тек құрғақ жүктер терминалы салынбақ.
Халықаралық көлік-логистикалық орталығы
Маңғыстау облысының көлік кешенінің негізі болып табылатын Ақтау халықаралық теңіз сауда порты Қазақстанның көлік инфрақұрылымында ерекше орын алады. Қазіргі таңда Ақтау теңіз порты ортаазиялық көлік-өнеркәсіптік дәліздің біртұтас көлік-логистикалық жүйесі құрылымында стратегиялық портқа айналды. Паромдық жүктерді қоса есептегенде, Ақтау портының жүк базасын негізгі және сұйық жүктер (мұнай және мұнай өнімдері), металл астық және басқа жүктер құрап отыр. Мұнайды тасымалдаудың негізгі бағыттары Ақтау – Махачкала, Ақтау – Нека, Ақтау – Баку болып табылады.
Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбырын салу жөніндегі халықаралық келісім мұнайды Ақтау теңіз порты арқылы тасымалдаудың келешегі зор екендігін растайды. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында инвестицияларының жалпы көлемі 405 млн доллар қаржыны құрайтын еліміздегі ең ірі көлік-логистикалық орталықтарының бірін құру басталды. Ол транзиттік жүктерді сақтау мен бөлу жұмыстарын жүзеге асырады, жүктердің көлемі жапондық JICA халықаралық ынтымақтастық орталығының бағалауы бойынша 2017 жылға қарай 5 млн тоннаға дейін өседі.
«Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК алдағы уақытта да Қазақстанның бірегей географиялық жағдайына орай Ақтау портының стратегиялық рөлін күшейтуді мақсат етеді. Бұдан бөлек, Волга–Дон каналы арқылы Қара теңіз порттарына, Иранның солтүстік порттарына шығу арқылы баламалы көлік бағыттарын дамытуды көздейді. Ең бастысы, Ақтау порты Қазақстанның халықаралық сауданы қамтамасыз ету, тасымалдар мен тауарлардың құнын төмендету бойынша қызметін кеңейтуді жалғастыра беретін болады. Ақтау порты паромдық және құрғақ жүктерді тиеп-түсіруде де көшбасшы болып табылады. 2020 жылға қарай Каспий теңізінде тасымалдар көлемінің артуына байланысты Ақтау теңіз порты шамамен жүктердің 25 пайызын өткізіп, көшбасшылық позициясын сақтап қалады. Өйткені Ақтау порты арқылы өтетін бағыттардың тартымдылығын арттыруға көптеген жаңа жоба ықпал етеді. Атап айтсақ, Жезқазған–Сексеуіл–Бейнеу теміржол желісі Қытай шекарасынан Ақтау портына дейін жолды айтарлықтай қысқартады, осының нәтижесінде жүктерді тасымалдау құны мен уақыты азаяды. 2020 жылға қарай Қытайдан Ақтау порты арқылы 4-5 млн тоннаға дейін транзиттік жүктер өтеді деп болжанып отыр. Сондықтан Ақтау теңіз порты халықаралық жүк айналымына кең мүмкіндіктер ашады.
Қазақстанның аумағы бойынша өтетін төрт халықаралық көлік дәлізінің екеуі – ТРАСЕКА және Солтүстік-Оңтүстік дәліздері Маңғыстау, яғни Ақтау қаласында түйіседі. Каспий өңірінің мультиұлттық жүйесіне енетін Маңғыстау облысы қуатты көлік-логистикалық және сервистік әлеуетке ие болуына Ақтау портының маңызы зор.
Өткен жылы күзде Ақтауда халықаралық инвестициялық форум өтті. Сол кезде инвесторлардың көпшілігі осы портқа қызығушылық танытты. Демек, Ақтау теңіз портының маңызы бүгін де, ертең де арта берері сөзсіз.
Ақтау порты – Тәуелсіз Қазақстанның теңіз қақпасы
Последние статьи автора