Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында еліміз "Қазақстан халқына" қорын құрды. Атаулы қор қарапайым халықтың жыртығын жамау үшін құрылған. Қазіргі таңның өзінде біршама ауқатты азаматтардың аударған қаржысы 100 млрд теңгеден асты.
Десе де Тоқаев 28 қаңтар күні кәсіпкерлермен өткізген кездесуінде қорға әлі ақша аудармаған бай-бағландарды сынға алған. Мемлекет басшысы олардың бұл әрекетін ашкөздік пен селқостық деп бағалаған еді. Алайда танымал бизнесмен Марғұлан Сейсембай бұл сөздермен келіспейді. Қорға ақша аудару ойымда жоқ деген ол Stan.kz тілшісіне бұл шешімінің себебін айтып берді.
Сейсамбайдың сөзінше, ол өткен биліктің тұсында байымаған, "керісінше бүкіл байлығымды тартып алды", дейді өзі.
"Мен бұл қорға ақша аудармаймын, өйткені бұрынғы биліктің тұсында байығаным шамалы. Керісінше, бұрынғы үкімет менің бүкіл байлығымды тартып алды. Ал өзімнің халқыма зекет, садақа, қайырымдылық пен білім жүйесі арқылы жеке көмектесемін", - дейді кәсіпкер.
Марғұлан Сейсембай "Қазақстан халқына" қорының түпкі мақсаты мүлдем басқа екенін айтады.
"Менің ойымша, бұл фонд бұрынғы билік тұсында жинаған байлықты халық алдында заңдастырудың бір жолы үшін ғана құрылған", - деп түсіндірді ол.
Қор экономикалық мәселелерді тиімді шешуге көмектесе деген сұраққа кәсіпкердің жауабы мынадай болды.
"Қор қаншалықты үлкен болса да, ол қазіргі қоғамдағы мәселелердің жарты бөлігін ғана шешуге көмектеседі. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттің өзі шеше алмаған мәселелерден ешқандай қор құтқара алмайды. Мұндай түбі тесік қорларды құрудың орнына, мемлекет пен бюджетте тәртіпті қалпына келтіру маңызды. Ал мұның барлығы саяси реформалар жүргізілгенде ғана мүмкін болады. Басқа жол жоқ", - деп түйіндеді Сейсембай.