Ақша аяқ астында өсіп тұр...

Кең даланың кермек иісті керемет шөбі – киікоты бүгінде азайып барады. Енді аз ғана жылдан кейін оның тұқымын да таппай қалуымыз ғажап емес. Жайылымдық жерлер азайған соң, мал тұяғына тап­та­­лып, жоғалып бара жат­қан дәрілік өсімдік дабыл қақты­рарлықтай жағдайға жеткенімен, оған жіті назар аударылып отырған жоқ. Кеңес кезеңінде елімізде киікотының 7-8 түрі кездесетін. Ал бүгінде оның екі-үш түрі-ақ қалған.
Негізінен, киікоты апиын тектес өсім­діктердің бір туысы болып келеді. Бұрын көбіне шөлейтті аймақта өсе­тін өсімдік аз қалды, бүгінде табиғи тозаң­дану арқылы тау бөктерлеріне «қоныс ау­дарды». Киікотының негізгі түрлері сала­лы киікотының құрамында наркоздық зат бол­ғандықтан, оны мал жемейді. Бірақ төрт түліктің тұяғына тапталғандықтан, тұқы­мы да құрып барады. Шашыратқы киік­о­ты Алтай мен Орта Азияның сарыто­пы­рақты және тастақ беткейлерінде, шө­лейт далаларында өседі, малдың барлық түрі азық етеді. Киікоты өзінің әдемі иісі­мен және емдік қасиетімен өте құнды болып есептеледі. Медицинада киікотын жоғарғы тыныс жолдарының қабынуына қарсы, қақырық түсіретін дәрі ретінде қол­да­на­ды. Оның несеп жүргізетін, өт айдай­тын, тамаққа тәбетті арттыратын қасиеттері бар. Киікотынан жасалған тұнбаны асқа­зан­ның қышқылы кемігенде, ішектің жұ­мысы нашарлағанда, жүйке жүйесін ты­ныш­тандыратын дәрі ретінде, жалпы дене­нің қуаты кеміп, күші азайғанда қолданады. Бір сөзбен түйіндегенде, оның емдемейтін дерті жоқ. Мамыр айынан тамыз айына дейін гүлдейді. Оның жер үстіндегі бөлігін гүлдеген кезінде жинап алады. Бұл шөппен қоректенген малдың еті өте дәмді келеді.
Дәрілік шөп әсіресе қымыз баптаушы­лар­ға таптырмайтын компонент болып табылады. Гүлі түсіп, нағыз пісіп, толысқан шағында теріп алып, кептіріп, онымен қымыз баптайтын күбіні ыстайды. Сонда күбіге киікотының иісі сіңіп, онда дайын­далған қымыз бал татиды. Сондай-ақ күбідегі қымызға киікотыны араластырып жі­беруге болады. Өкініштісі, қазіргі таңда киік­отымен дайындалған қымыз жоқтың қасы. Ол шөпті тапқан адам ғана бал тати­т­ын қымыз дайындай алады. Яғни, таудың ұшар басына шығатын, сирек кездесетін «а­л­тын гүл» сияқты таптырмай барады. «Қы­­зыл кітапқа» да енгізілмеген. Өсімдік әле­­міне жауапты Алматыдағы ботаника және фитоинтродукция инс­титуты бұл мәселеден шет қалып отыр...
Емдік шөптердің азаюынан дәрі-дәрмек қымбаттап барады
Бүгінде дәрі-дәрмектерден гөрі, емдік шөп­термен дертінен айығуға ден қойған­дар қатары өсе түсуде. Ол үшін неше түрлі шөп шайлар шығарылып жатыр. Бұл деге­ніңіз – келе­шекте дәрілік шөптерге сұраныс арта тү­седі деген сөз. Статистика бойынша аме­рикалықтардың 54 пайызы шөп дәрі­лер­мен емделгенді дұрыс көреді. Сондай-ақ бұл табысы мол сала болып саналады. АҚШ-та бір жылда дәрілік шөпті сатудан түскен пайда 1 миллиард доллардан ас­қан. Фармацевтикалық зауыттарға жылы­на 10-15 тонна дәрілік шөп қажет. Алайда бұл қажеттілікті өтеу өте қиын. Өйткені арнайы шөп жинаумен айналысатындар тек 2-3 тонна ғана жинай алады. 1991 жыл­ға дейін Кеңес Одағында дәрілік шөп­терді дайындаумен "Союзлекраспром", "Роспотребсоюз", «Гослесхоз» мекемелері айналысатын. Одақ бойынша ол кезде жы­лына 45 тонна дәрілік шөп дайындайтын. Бү­гінде Ресейдің өзінде тұрғындардың дә­рі­лік шөпке деген сұранысын қанағаттанды­ра алмай отыр. Сол себептен сұранысты им­порт өнім алмастыруда. Бұл жетіспеуші­лік­тің сыры белгілі. Дәрілік шөптердің ба­сым бөлігі бүгінде құрып барады. Бұрынғы жүйе құрыған. Оны өсірумен, жинаумен ешкім айналыспайды. Фармацевтикалық бизнес – табысты сала. Одан 40 пайыз таза пайда табуға болады екен. Ресейде кә­дімгідей шөп дайындаушылар деген кәсіп түрі бар. Ол үшін арнайы рұқсат қағазын алу керек. «Қызыл кітапқа» енгізілген өсім­діктерді мұқият зерттеп, жаттап шығады. Қоршаған ортаны қорғау комитеті жабайы дәрілік өсімдіктерді жинаушыларға лицен­зия береді. Сатылатын шөптердің басым бөлігі арнайы рұқсат қағазы бар жеке кәсіпкерлердің қолымен дайындал­ған. Дәрілік шөпке деген сұраныс ешуақыт­та да артпаса, кемімейді. Құрып бара жат­қан дәрілік шөптерді Австрияда арнайы план­тацияларда өсіреді. Сөйтіп, оның тұқы­мын көбейтеді. Кеңес Одағы кезінде дәрілік шөп­терді арнайы өсірумен 30 созхоз ай­налысқан екен.
Ақша аяқ астында өсіп шығып жатыр. Бірақ оны бағамдап жатқандар жоқ. Бізде де арнайы жүйе құрылса, артықтық етпесі анық. Дәрілік шөптерді қабылдап, әжетіне жарататын зауыттар да аз. Шөптердің аза­юы­ның салдарынан дәрі-дәрмек бағасы да жыл сайын қымбаттап барады. Денсау­лық сақтау министрлігі бұрынғы жүйені қалып­қа келтірсе, еліміз үшін пайдасы мол болары сөзсіз. Ресейде киікотының бір ке­лі­сін 1,5 дол­ларға қабылдайды. Ұлыбри­та­­ния, Франция, Индия, Германияда осы шөп­­ке сұраныс мол. Бүгінде АҚШ ғалым­да­ры киікотының онкологиялық ауруларға да ем болатынын жария етті. Енді олар жа­ңа дәрі жасап шығару жолында тер төгіп жа­т­ыр. Демек, киікотына сұраныс артады де­ген сөз. Оны экспорттайтын күн туар ма екен?
Сейіт Байқожаев, Қоғалы ауылдық округінің тұрғыны:
– Ауылымыздың қасында Қамбатоғай атты жайылым бар. Тура қамба тәріздес, ортасы ойық беткейдің іші тап бір дәрілік өсімдіктердің бағы сияқты-тұғын. Басы ауырып, балтыры сыздағандар осы жерден ауруына сеп боларлық шөпті жинап ала­тын. Киікоты дегенің тұнып тұратын. Бүгінде оның бірді-екілі түбі ғана қалған. Өте аз шығады. Жекенің малы таптап тастап, тұқымын құртты. Ауылдың маңындағы бет­кейлерде аз болса да өсетін еді. Бүгінде ол да жоқ. Қыраттарды аралап жүріп, екі-үш тал киікотын табуың мүмкін. Онда да та­былса. Әйтпесе емге табуың мұң.
Әмір Сейіткәрімов, «Оңтүстік-Батыс» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері:
– Бұл дәрілік шөптің азайып бара жатқаны рас. Қожатоғай елді мекеніндегі «Бақтөлен» атты учаскемізде киікотының бір ғана шайжалбыз деген түрі өседі. Бұл құмды жерде өсетін бір ғана түрі болып табылады. Созақ ауданындағы «Қаратау» мемлекеттік қорығында екі түрі өседі.

Киікоты-анықтама
Киікоты – көпжылдық, дәрілік шөп. Гүлдері майда, сыпырғы тәрізденіп жиыл­ған, қызыл күлгін түсті болып келеді. Құрамында эфир майлары, аскорбин қышқылы, пиг­мент­тер бар. Жүкті әйелдерді емдеу үшін киікотын қолдануға болмайды, се­бебі бұл өсімдік ондай әйелдердің ағ­засына қолайсыз әсер етеді. Киіко­ты­ның спиртті тұнбасына мақтаны ба­тырып алып тіске қойса, ауырғаны лез­де басылады. Күйе түспес үшін киік­отын ұнтақтап, киімдерге сеуіп қою­ға да болады.

Киікоты-ем
Халық арасында жоғарғы тыныс жолдары қабынғанда киікотын тер шығаратын дәрі ретінде кеңінен қолданады. Дәріні дайындау және қолдану тәсілі: 15 грамм ұнтақталған өсімдікті бір стакан қайнап тұрған суға салып, 20 минут тұндырады да, бір қасықтан күніне үш рет ішеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста