Антибиотиктерді қажет болған жағдайда ғана қабылдаңыз
Антибиотиктер – бұл әртүрлі бактерияларға байланысты туындаған инфекцияларды емдеу кезінде қолданылатын, адамның барлық ағзаларына күшті әсерін тигізетін дәрілік заттар. Ондаған жылдар бойы антибиотиктер ауыр инфекциялық аурулардан зардап шегетін адамдарды құтқарып келеді. Алайда бұл антибиотиктер кез келген сырқаттану кезінде көмектесетін бірегей дәрі болып табылмайды.
Антибиотиктерді дұрыс қолданбаса, олардың тиімділігінің төмендейтінін есте ұстау қажет.
Барлық дәрілік препараттардың жағымды және жағымсыз әсерлері болады. Алайда тиімді және сапалы дәрілік заттар қажетті мөлшерде, жарамдылық мерзімі жағынан дұрыс қолданылса, зиян келтіру қаупі барынша төмендеуі мүмкін.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, пациенттер антибиотиктерді тағайындауды өздері жиі талап етеді, оған қоса, өзін-өзі емдеумен кеңінен айналысады (ДАТО социологиялық зерттеу деректері бойынша, 2012 жыл).
Дәрілік заттарды, әсіресе антибиотиктерді өз еркімен пайдалану бірден байқалмайтын теріс салдарларға әкелуі мүмкін екенін есте сақтау қажет.
Сондықтан әрбір адам мынаны білуі тиіс:
– антибиотиктерді пайдаланудың орындылығын пациенттің жағдайына байланысты тек дәрігер ғана тағайындай алады;
– антибиотиктің атауын, қажетті дозасын және емдеу ұзақтығын да дәрігер ғана белгілейді, себебі бұл кезде пациенттің салмағы, оның ағзалары мен жүйелерінің жұмыс істеу жағдайы, алдыңғы болған және бар аурулары, сондай-ақ осы ауруының ағымы назарға алынады. Осы жағдайда ғана пациенттің денсаулығы үшін терапияның тиімділігі және қолайсыз салдары барынша төмен болып, дұрыс және сауатты емдеу мүмкін болады;
– антибиотиктерді өз еркімен пайдалану ағзаның микробтарға қарсы препараттарға төзімділігін (резистенттілігін) арттырып, антибактериалды дәрілік заттардың инфекциялық ауруларға қарсы тиімсіз болуына әкелетінін есте сақтаңыз;
– антибиотиктер бактериядан туындаған инфекцияларды емдейді. Олар суық тию немесе тұмау сияқты вирустық инфекциялар кезінде тиімсіз. Антибиотиктермен емдеу курсы тұмаудан айығуды тездетпейді, симптомдарын жеңілдетпейді және инфекцияның басқа адамдарға таралуын тоқтатпайды және одан әрі емдеуді едәуір қиындата түседі;
– емдеуші дәрігермен антибиотиктерді дұрыс пайдалану мәселесін талқылап, дәрігер нұсқауларының нақты орындалуын қамтамасыз ету қажет;
– антибиотиктерді орынсыз жиі пайдалану қаражатты босқа жұмсау болып табылады және ол кейіннен басқа ауруларды антибиотиктермен емдеу, шын мәнінде, қажет болатын кезде олардың тиімділігінің төмендеуіне әкеледі.
Антибиотиктерді дұрыс пайдаланбаудың салдары қандай?
Көптеген ауруларға қарсы жоғары тиімді құрал бола отырып, антибиотиктерге жанама әсерлеріне байланысты шектеулер қойылады. Жанама әсерлер қауіпсіз бас айналу және жүрек айнуы, терінің бөртуі, есекжем, ангионевроздық ісіну және басқа аллергиялық әсерлерден бастап сүйек кемігі деңгейіндегі күрделі өзгерістер, анафилаксиялық шок сияқты әртүрлі болуы мүмкін. Көптеген жағдайларда жанама әсерлердің дамуы антибиотиктерді себепсіз, дұрыс қолданбаумен байланысты.
Ішек дисбактериозы – антибиотиктермен емдеу кезінде жиі болатын бұзылыстардың түрі, дәлірек айтқанда, ішектің қалыпты микрофлорасының бұзылуын білдіреді. Осылайша дисбактериоздың мәні пайдалы және зиянды микроағзалар тепе-теңдігінің үйлесімсіздігінде. Бұл жағдай қоректі заттарды сіңіру процесінің бұзылуына, ағзаға дәрумендердің түсуін қиындатуға, уыттар мен канцерогендердің жиналуына әсер етіп, жалпы, иммунитетті төмендетеді. Дисбактериоздың ауыр салдарының бірі – К дәруменінің жеткіліксіздігі болып табылады, бұл мұрыннан, иектен қан кетумен, тері қабатында көгерген жерлердің пайда болуымен сипатталады.
Антибиотиктерді артық пайдалану микробқа қарсы препараттарға төзімділікті арттырып, бактерияға қарсы дәрілік заттар инфекциялық ауруларға қарсы тиімсіз болып қалады. Бұл аурудың ұзақ уақытқа созылуына, ауруханада болу мерзімінің ұзаруына, тіпті өлім жағдайына әкеліп соғуы мүмкін.
Антибиотиктердің әрқайсысы бауырға, бүйрекке және басқа ағзаларға уытты әсер етеді. Бұл әсерлер препараттың дозасына және қолдану ұзақтығына тікелей байланысты.
Антибиотиктердің тератогенді әсері олардың плаценталық кедергі арқылы өтуіне байланысты. Мысалы, жүктілік кезінде аминогликозидтер тобына жататын стрептомицинді қабылдаған аналардан туған балалардың есту қабілетінің зақымдануы сияқты ауру түрлері сипатталған. Тетрациклин қабылдаған кейбір жүкті аналарда ұрық қаңқасының дамуының баяулауы байқалған. Кейбір антибиотиктердің ұрыққа уытты әсер етуіне байланысты, жүктілік кезінде, атап айтсақ, левомицетинді, тетрациклиндерді, стрептомицинді, аминогликозидтерді пайдалануға тыйым салынған.
Антибиотиктерді бақылаусыз пайдалану ағзаның бактерияға қарсы дәрілік заттарға төзімділігін туғыза отырып, адамның иммундық жүйесінің әлсіреуіне әкелетін алғашқы қадам болып табылатынын есте сақтаңыз. Осы себептен антибиотиктерді кез келген сырқаттану кезінде «жедел көмек» ретінде қабылдауға болмайды.
Антибиотиктерді тек емдеуші дәрігерлер ғана тағайындауы тиіс.
Құрметті қазақстандықтар, өз өміріңізді, денсаулығыңызды және жақын туысқандарыңыздың денсаулығын бағалаңыз, кез келген уақытта антибиотиктерді қабылдау кезінде жауапты болыңыз!
Дәрілік заттар туралы толық ақпарат алу үшін Қазақстан бойынша 8 800 08 88 87 телефонына тегін қоңырау шалыңыз немесе біздің www.druginfo.kz сайтымызға кіріңіз.
Б.С. Молдахметова, А.Д. Ахимова, Д.С. Әбілғазина, Л.М. Сәдуақасова, ҚР ДСМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы