Алматыда нанның бағасы аспандап кетуі бек мүмкін. Жаңа жылға дейін 80 теңге төңірегінде сатылады деп күтілуде.
Өйткені наубайханалардың қазынасы бағаны ұстап тұруға бұдан әрі шыдай алмайды екен. Оған бір келі ұнның құны бір айда 18 теңгеге бір-ақ көтерілгені себеп.
Алматыда орналасқан бұл наубайханада күніне кем дегенде 10 тонна нан дайындалады. 30 түрлі нан өнімін шығаратын шағын цех алдағы уақытта бағаны көтеруге мәжбүр. Өйткені солтүстік өңірден әкелінетін ұнның құны қымбатқа түсуде. Оған қоса, коммуналдық шығын да шаш етектен. Тіпті, тәулігіне 7 мың келі көлемінде шығарылатын әлеуметтік нан бағасы да шарықтап кетуі ықтимал. Жаңа жылға дейін бір бөлке нан 80 теңгеге сатылуы бек мүмкін.
«Ұннан басқа ингредиенттің бағалары, газдың және бензиннің бағалары өскен сайын бізге нанның табысы шамалы болып тұр. Ең төменгі есеп бойынша 15-20 теңгеге көтерілуі мүмкін»,- деді наубайхана басшысы Қуандық Хамзин.
Ал, 17 жылдан бері нан жауып келе жатқан мына наубайханының да биылғы жағдайы мәз емес. «Тіпті, бір келі ұнды 52 теңгеден сатып алуға мүмкіндік берген Үкіметтің қолдауы да нан бағасын бір ретке келтіре алмайды»,- дейді кәсіпкер. Өйткені оны әзірлеуге кететін қалған 50 пайыз өнімді 70 теңгеден сатып алуға тура келіп тұр. 15 шақты нан өнімдерін шығаратын шағын ғана наубайхана басшысы ірі зауыттар жабылып жатқанда біздің күніміз не болмақ деп алаңдайды.
«Әлі күнге дейін Үкімет көмектесіп жатыр. Бірақ соның өзінде қиын болып бара жатыр. Мына өткен жұмада қаладағы ең ірі нан зауыты жабылды. «Меркур-Нан». Сол себепті қазір Үкімет шұғыл түрде бір шешім қабылдамаса, басқа нан зауыттарына жеңіл емес. Неге десеңіз, баға өте қымбаттап кетті»,- деді наубайхана басшысы Алтынбек Бәшіров.
Осылайша осы айда бір келі ұнның бағасы 18 теңгеге өсіп, 70 теңгеден бағалануына бизнесмендер бей-жәй қарай алмайтындықтарын жеткізді. Яғни, наубайхана қазынасы бағаны ұстап тұруға бұдан әрі шыдай алмайды
. Айта кетейік, бір ғана Алматыда жылына бір адам 110 келі ұн пайдаланады екен. Бұл Алматыға айына 15 мың, ал жылына 181 мың тонна ұн қажет дегенді білдіреді.