2015 жыл адамзат қоғамының табалдырығынан аттады. Бұл экономикалық кезеңнен не күтуге болады? Кейбір сарапшылар 2014 жыл 2015 жылдың болмыс-бітімін айқындап берді деп жатыр.
Олардың пікірлерінше, АҚШ бастаған дамыған елдер деп аталатын топтағылар «қарыштап» алға баспақ. Шикізатқа арқа сүйеген дамушы елдер тығырыққа тірелетін көрінеді. Осы пікірлердің болмыспен сәйкестігі қаншалықты? Міне, осы сұрақтардың жауабын алу үшін 2014 жылдың нәтижелеріне жеке-жеке тоқталып, содан соң ортақ қорытынды жасаған дұрыс. Біз де сол жолмен жүріп көрелік.
АҚШ қалай болмақ?
Әлемдік сарапшылардың барлығы дерлік, тіпті осынау алып мемлекетке сын көзбен қарауын үдете түскен ресейлік сарапшылар да 2014 жылы АҚШ экономикаcынlа «ілгерілеушілік» тіркелді, енді ол алға нық қадам басады дегенді айтуда. Бұл пікірді 2014 жылдың негізгі ақпараттары да дәлелдей түскендей. Атап айтар болсақ, алтынға құйылған инвестиция алынып, ондағы мол қаражат құнды қағаздарға салынды. Дамушы елдердің қор биржаларынан инвестициялық қаражат «қашуын» үдетті. Доу-Джонс индекс-индикаторы тарихында болған 18 мың пункттік деңгейге көтерілді. Назар аударарлық тұс –Токио қор биржасының индекс-индикаторы Никкей де тарихында болмаған биікке көтеріліп, 17 мың пункттен асып кеткендігі. Бұл арадан қарапайым оқырман ештеңені аңғармаса да, біз бір ұқсастықты көреміз, ол – бәсекеге түскендей осынау алып екі мемлекеттің билігі айналымға бюджетпен қамтылмаған мол қаражатты шығаруы. АҚШ федералдық қор жүйесі алып экономиканы сақтап қалу үшін елдегі үш бірдей баспаханаға жұмыс істетіп, бас-аяғы алты жылдың ішінде айналымға 45 триллион доллардың сыртында ақша шығарды. Бұл долларды құнсыздандырды. Осыған қарсы шара ретінде Токио «үш сатылы зымыран» бағдарламасын іске қосып, тұтынушылардың сатып алу қабілетін арттыру мақсатында йенаны керегінше құнсыздандыратындай ұлттық валютаны айналымға шығарды. Мінекей, Доу-Джонс пен Никкейдің бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілуі осындай істің нәтижесі. Ал ақиқатында бұл елдерде натуралды өндіріс 2007 жылғы деңгейге де жеткен жоқ. Бұл елдердегі жұмыссыздықтың 2007 жылғы шамадан жоғары болуымен дәлелденіп тұрған ақиқат.
АҚШ экономикасы 2015 жылы өсімге қол жеткізе ме? Бұл енді жауабы мүлде қиын сұрақ. Сарапшылардың көбісі «иә, жеткізеді» десе де, біз оған сене алмаймыз. Басты себеп, әлем елдерінің көбісінде, әсіресе, бұл алып экономиканың негізгі сатып алушысы Еуроодақтың дамыған елдерінде тұтынушылардың кірісі өскен жоқ. Сондай-ақ АҚШ 2015 жылы, тіпті 2014 жылы жоспарда болған көптеген бағдарламаларды «тоқтатпақ». Атап айтар болсақ, «ғарыш зерттеу» саласындағы бағдарламалар «ықшамдалады». Сондай-ақ жаңа шикізаттан жанар-жағармай мен газ алу бағдарламасы жаз ортасына дейін-ақ тоқтатылмақ екен. Өйткені бұлардың қай-қайсысы да қысқа мерзімде өзін-өзі ақтайтын жоспар болмай шықты. Әскери қару-жарақ өндірісі де «ықшамдалмақ». Өйткені бұл елдің негізгі бақталасы Ресей Федерациясы әлемдік базардағы бұған дейін АҚШ сыбағасы делініп келген сүбелі жерге «қол салмақ». Демек, федералдық қаржы жүйесінің жетекшісі Джаннет Йеллен долларды үстеп қоректендіру мөлшерлемесін өсіруден әзірге бас тартып тұрса, ол осындай кедергілердің барлығын көргендіктің белгісі деп ойлау керек. Бұларға қоса Солтүстік Африка, Оңтүстік Америка, Таяу Шығыс мәселелерінде АҚШ ұтып тұрған жоқ. Ол ол ма, әлемдік базар бөлшектеніп кеткендей. БРИКС тобы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы негізгі ойыншыға айналып барады. Олай болса, 2015 жыл АҚШ үшін даму кезеңі басталады деуге тым ерте.
Еуроодақ экономикасы
Еуроодақ экономикасы 2014 жылды рецессиямен қорытындылады. Әлемдік базарда көмірсутектері мен өндірістік металдар бағасының түсуі бұл аймаққа өткен жылдың соңғы жартысында «екінші тыныс» бергендей болды. Бірақ Еуропаның кіндігіндегі «дау-дамай» аймақтың дамуына тежегіштей әсер етті. Алда не болмақ?
Еуроодақ көмірсутектері мен өндірістік металдар бағасының түсуін енді «екінші тыныс» ете алмайды. Бір себебін жоғарыда айттық, ол – АҚШ жаңа шикізаттан жанармай мен газ өндірісін жасау бағдарламасын доғаруға бел буғандығы. Ал қалған себептер де аз емес. Оның ең бастысы Қытайда өндірістік металдарды пайдаланатын көздердің қарқынды даму арнасын сақтауы. Сондай-ақ «шикізаттық» саналып келген дамушы елдер 2015 жылы арзанға байлықтарын сатпай өз елдерінде пайдаланатын өндірістік жоспарлар жасауы. Айталық, Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өндірістік металдарды мол пайдаланушы елге айналмақ. Демек, біздің жақтан әлемдік базарға шығатын өндірістік металдар көлемі азаяды. Ресей де осындай жоспармен жұмыс істемек. Ал бұлар түптеп келгенде, әлемдік базардағы өндірістік металдар массасын азайтып, баға табиғи түрде өзінен-өзі өсетін болады. Сөйтіп, ол 2007 жылғы деңгейден де жоғары көтерілуі мүмкін. Бұл Еуроодақтың натуралды өндірісіне кері әсер етеді. Ақыр аяғында озық технологиялы өндірістердің ықтиярсыз азаяры сөзсіз. Өйткені оларда пайдаланылатын сирек металдарды негізгі экспорттаушы Қытай енді бұл істі мүлде доғарады. Өйткені ондай өндіріс өзінде бар және сол өндірісті сирек металдармен қамтамасыз етуі керек. Қысқасы, бұл жағынан да Еуроодақ кедергіге тап болатын түрі бар. Ақыр аяғында Еуроодақтың аймақтық шиеленістерде «басты ойыншыға» айналу ниеті олардың өздеріне соққы болып тиері сөзсіз. Осы соңғы байламды әлемнің көптеген сарапшылары соңғы кездері батыл айта бастады. Тіпті Еуроодаққа мүше мемлекеттер басшылары да Германия мен Францияның билігіне, ол биліктердің саяси ұстанымдарына нарзылықтарын жариялап үлгірді. Бұған қоса Англияның Еуроодақтан шығу туралы ұстанымы жиі айтылатын болды. Таяуда ғана бұл елдің премьер-министрі Дэвид Кэморен «сайлаушылар мені қолдаса Англияның Еуроодақтан шығуын бүкілхалықтық референдумға саламын» деп салды. Жыл бастала салысымен Еуроаймақтан шығуы жөнінде Грекия басшылығы Германия басшылығының келісімін алды. Демек, ыдырау басталды деген сөз. Ал іруге бет бұрған жерде дамудың болмасы адамзат тарихында талай рет дәлелденген шындық.
Қытай қалай болмақ?
Халықаралық сарапшылардың басым бөлігі баяғыда-ақ «болашақтың көшбасшысы» атап қойған Қытай Халық Республикасының экономикасы әлемдегі толып жатқан шиеленістерге қарамастан, 2014 жылды ойдағыдай қорытындылады. Бұл олардың 2015 жылғы дамуына берік негіз іспетті. Оның үстіне бұл елге көмірсутектері мен өндірістік металдар бағасының әлемдік базарда айтарлықтай түсуі аса пайдалы болды. 2015 жылы да бұл ел үшін мұндай қолайлылық сақталары даусыз. Экономикасы іркіліске душар болған Батыс брэндтері Қытайға «қоныс аударуды» қарқынды жалғастыруда. Бұларға қоса Қытай билігінің байсалды саясаты әлемді өзіне тартушы қызмет атқарып тұрғандай. Демек, 2015 жыл Қытай үшін ішкі дамуды жалғастыратын және елдің дүние жүзіндегі ықпалын күшейте түсетін кезең болары сөзсіз. Қытай қазірдің өзінде Оңтүстік Америка, Африка және Азияның бірқатар елдеріне ауқымды инвестиция құюшы мемлекет. Ендеше уақыт озған сайын «досын көбейтуші» ел өз дамуын сенімді ете түсуде дегеннен басқа болжам болмауы тиіс.
Шикізаттық аймақтар күні не болмақ?
2014 жыл шикізаттық аймақтар саналатын елдер үшін оңай болған жоқ. Оның басты себебі жыл бойына өндірістік металдар бағасының түсуге ұмтылуы. Ал жыл ортасынан бері қарай көмірсутектері құнсыздануға ұмтылды. Жыл аяғында металдардың құнсыздану мөлшері орта есеппен 25-30 пайызды құраса, көмірсутектерінің бағасы 45-50 пайызға арзандап кетті. Бұл экономикасы шикізат өндірісіне арқа сүйеген мемлекеттерге ауыр соққы болып тиді. Әсіресе, Венесуэлла, Аргентина, Ресей Федерациясы үшін 2014 жыл, сөздің тура мағынасында аса қиын кезең болды. Ресей рублінің 50 пайыздай құнсыздануы осының дәлелі.
Бұлар және осыларға ұқсас экономикаларды алда не күтіп тұр? Соңғы мәліметтерді мақаланың басында айттық. АҚШ жаңа шикізаттан жанар май мен газ алу технологиясын толығымен доғару туралы шешім қабылдағандықтан, әлемдік сарапшылар жазға қарай шикізат бағасы өседі деп жатыр. Бұл, әрине мұндай мемлекеттер үшін қуанышты хабар. Бірақ «бөрікті аспанға лақтыруға» болмайды. Себебі көмірсутектерінің бағасы қанша өссе де 2014 жылдың алғашқы жартысындағы деңгейіне жете қоюы екіталай. Себебі әлемдік базардағы мұнай баррелі бағасының 95 долларлық деңгейі АҚШ үшін қанағаттанарлық. Яғни баға осындай деңгейге жетсе, бұл ел тоқтатқан өндірісін қайтадан іске қосады. Олай болса, көмірсутектерінің бағасы қуанарлықтай емес, қанағаттанарлықтай деңгейге ғана жетеді деп ойлау керек. Өндірістік металдар бағасы да онша өсе қоймас. Өйткені АҚШ пен Еуроодақ дамуы екіталай екенін жоғарыда айттық.
Қысқасы, 2015 жыл да дамушы, шикізаттық аймақ саналып келген мемлекеттер үшін сын кезең болмақ. Осыдан-ақ жер бетіндегі әлеуметтік негіздегі текетірестер күшеюі мүмкін деген қорытынды шығады. Ескерте кетейік, әлемдік сарапшылардың бір тобы әлеуметтік текетірестер шикізаттық дамушы елдерде ғана емес, сонымен бірге дамыған АҚШ және Еуроодақ елдерінде де орын алады дегенді айта бастады. Өйткені өндірістік рецессиялар қашанда «қысқартуларды» ала жүреді. Біреулер жұмыс орнын қысқартып жатса, енді біреулері мемлекеттік міндетті төлемдерді, денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы жеңілдіктерді қысқартады. Ал бұл сөзсіз наразылық текетірестеріне жетелейтін тура жол.
Дүрбелең дүниедегі Қазақстан
Дүние 2015 жылы да дүрбелеңнен арыла қоймас. Жан-жақ осылай болып жатқанында алтын бесік – Қазақстанда жағдай қалайша орайласпақ? Газет оқырмандарын толғандыратын осы сұраққа жауап беру парыз.
Біздің ғана емес, әлемдік саясаткерлер мен сарапшылардың ортақ пікірінше, Қазақстан 2015 жылы қарқынды дамуын жалғастыратын мемлекеттердің алғашқы тобында болатын ел. «Нұрлы жол» бағдарламасын оқып, ғылыми сараптаудан өткізген сауатты топтағылар дәл осылай деп жатыр. Өйткені әлемдік базарларда бағасы түскен шикізат өндірісі бізде де қысқарады. Бірақ одан қазақстандықтар жұмыссыз қалмайды. «Нұрлы жол» бағдарламасы қазақстандықтардың барлығын жұмыспен қамтуға лайықталған Алтайдан Атырауға дейінгі алып аймақта екпінді еңбек алаңын ұйымдастыруды жоспарлаған. Бұл – бір. Екіншіден, Президентіміздің тікелей тапсырмасы бойынша 2015 жылдың алғашқы күнінен зейнетақы 9 пайызға өсіріледі. Үшіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ кеңейген қалыпта жұмыс істей бастайды. Бұл жұмысшы күші, тауар және капитал еркін қозғалыста болады деген сөз. 180 миллион тұтынушысы бар алып базарда еркін жүзу Қазақстан экономикасы үшін де, қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының түзелуі үшін де қолайлы орта қалыптастыратын іс. Иә, дүрбелеңге түскен дүниеде алаңсыз еңбекпен айналысып, тыныш ұйықтайтын елдер санаулы болмақ. Сол санаулылардың бірі және бірегейі – Қазақстан. Тек ішкі тұтастығымызды, татулығымызды сақтай білейік.
Жұмабек Жанділдин
aikyn.kz
Әлемдік экономика кедергілерден өте ала ма?
Последние статьи автора