Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ

Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ

Біз менсінбейтін қазақтың қолөнері өзгелердің көмегімен «Гиннесс» рекордтар кітабына енді
Қазақтың қолөнер туындылары өзге елдердің мемлекеттік қолдауы арқылы әлемді таңғалдыруда. Мысалы, өткенде Батыстың интернет-аукциондарының бірінде таза жүннен тоқылып, оюлармен өрнектелген қазақтың қалы кілемі ең қымбат бағаға сатылып, Ирандағы қазақтардың саудасын жүргізді. Кілемнің жалпы аумағы – 525 шаршы метр, салмағы – бір тонна. Бұл кілемді тоқу жұмысына 400 тоқымашы қатысқан. Кілемде 1 миллиардтан астам жіп түйіншектер өрілген.
Әрине, бұл хабарды естіп, қазақы қалы кілемнің бәсекеден озық шыққанына қуандық, бір жағы қынжылдық. Қуанға­нымыз, кілемнің атағы қазақтыкі екені бол­ды. Қынжылған тұсымыз, әлемнің қазақ кілемін Ирандағы қазақтар арқылы танығаны. Бұдан соң Қытайдағы қазақтар Еуразиялық киім көрмесіне қатысып, ұзындығы – 3,37 метр, етегінің кеңдігі 12, 30 метр, сондай-ақ етегіндегі желбірі 50 қатпардан тұратын сахналық қазақ көйлегін «Гиннес» рекордтар кіта­бына енгізіп келді. Тізе берсек, өзге елдерде қазақтың төл туындыларының шоқтығы биік. Шеттегі қазақтардың төл туындылары­мызды насихаттауда бел­сенділігі жоғары. Ал отандық қолөнер шеберлері бұл істе мемлекеттің қолдауы әлі де жетіспейтінін ашып айтуда. Бүгін біз «Алаштың идеялар банкін» пайдалана отырып, қазақтың қиялы мен идеясынан туындайтын осы бір өнердің өз елімізде тиісінше бағалануы турасында сөз ет­пекпіз.
Ұлттық қолөнер шеберлері арқылы атағын әлемге жайып үлгерген Иран елі екі жылдың ішінде тек бір ғана кілем саудасынан 17 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен. Бұл – Иранның қолөнер шеберлері орта­лы­ғы маман­дарының ресми ақпараты. Кілем­дерін америкалықтар, жапондықтар, ресейлік­тер белсенді түрде сатып ала­тынын сүйіншілете сөз еткен иран­дықтар «алдағы уақытта кілем саудасынан түсетін табыс еселене бермек» деседі. Ені – 2,5, ал ұзындығы 3,5 метр кілемдерді ол елдің шеберлері жарты жылға жуық уақыт қолдан тоқиды екен. Бір қызығы, олардың бұл өнімдерінің әрқайсысының жеке-жеке паспорты бар. Сондай-ақ Иранның сау­да­сын еселеуде ол елдегі қазақтардың қалы кілемі де соңғы орын­да қалып отыр­ған жоқ. Осыны сезінгендіктен олар «ал­дағы бес жылдық межеде кілем сау­дасынан 30-40 млрд АҚШ долларын та­ба­­мыз» деп алақандарын ысқылап отыр.
Жалпы, қолөнер саласын жетілдіру арқылы табысты молынан көсіп отырған елдердің бірі – іргеміздегі Қытай халық республикасы. Қытай үкіметі бүгінде әсі­ресе еліндегі қазақтардың төл туынды­ларына барынша қолдау көрсетіп отыр. Мемлекеттің арнайы қолдауын сезіну арқылы ондағы қазақтар қазақтың сах­налық киімдерін, қазақтың таба нанын, қазақтың ою-өрнектерін «Гиннес» рекорд­тар кітабына енгізіп, бұл туынды­ларын экспортқа шығарып отырған да жайы бар. Мысалы, жоғарыда біз сөз еткен қазақтың сахналық би көйлегін «Гиннес» рекордтар кітабына енгізген Қытайдағы қолөнер шебері Зият Айдар­ханқызы қазірде мұндай көйлектерді тігуге Түркия, Қырғыз­стан, Малайзия елдерінен арнайы мемле­кеттік тапсырыс алатын көрінеді. Тіпті өзіміздің Қазақ­стан­нан арнайы тап­сырыс беріп тіктіретін мем­лекеттік мәде­ниет меке­мелері де бар екен.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
– Біле білгенге, қолөнер саласы – табысты еселей түсетін сала. Осыны ескергендіктен көптеген елдер қазірде бұл салаға айрықша мән беріп отыр. Әсіресе өзіндік қолөнерінен ажырап, ұмыт қалдырған Германия, Норвегия, Израил сынды елдер бүгінде қазақтың төл туын­дыларына қызығушылық танытуда. Сондықтан біздің қолөнер шеберлері шетелдік нарыққа шығуға барынша күш салуы керек. Мемлекет бұл жағынан оларды қолдауы тиіс. Бұл ретте бізде қолөнермен айналысатын фабрикалар қайта құрылуы керек. Иран қазірде кілем өндіруде бес жылда 30 млрд АҚШ долларын табамыз деп болжап отыр. Кезінде бізде «Алматы­кілем» фабрикасы қарқынды жұмыс істеді. Ол кездері олардың өндірген кілемдері сапалы, тіні мықты, тығыз­дығы жағы­нан түркі­мен кілем­дерімен бәсекелес болатын. Ал қазірде жасыратыны жоқ, бұл фаб­ри­каның аты да, заты да мүлде өзгерді. Қазірде «Ал­матыкілем­нің» шығаратын өнімі экспортқа шықпақ тү­гіл, тұтыну­шыны қанағаттандыра алмай жүр. Ал батыс елдері бойынша қазір қазақы кілемге сұраныс мықты. Сондықтан бұл іспен айналысуды тереңдеткен жөн.

Негізінде, этнографта­ры­мыздың ба­ғам­дауынша, кезінде бір ғана Қазақстанда аты Кеңес одағына мәшһүр 200-ден астам шебер болыпты. Өкініштісі, солардың дені қазірде бұл өнер­лерін жылы жауып қойған. Себебі, бірін­шіден, елде қол­өнер­ге қажетті асай-мү­сей техника да жоқ, қала берді, тіндерін берік етіп тоқитын сапалы жібек жіп те тапшы. Жалпы, Қазірде Иран, Фран­ция, Үндістан, Қытай, Румыния, Венгрия, Польша, Ауғанстан, Түркия, Түрікменс­тан, Әзір­бай­жан елдері осы қолөнер саласына айрықша ден қойып, саладағы өнім көрсеткішін өсіруге мән беруде. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай мән беруші­лік жоқтың қасы. Жеке­леген шеберлердің еңбегі мүлде елен­бейді. Кезінде Қазақ­стан­ның оңтүстік облыс­тары мен Арқада түкті, тықыр, араб кілемдерін тоқу, Семей өңірінде кестелеу, оюлап көрпелер тігу, түрлі ескерткіш заттарын жасау күшті дамыған. Түк­сіз киіз басып олардың бе­деріне қош­қар мүйіз, құс тұм­сық, ботагөз, тұмар, тарақ тағы да бас­қа ою нұс­қаларын салуды біздің шебер­лер терең меңгерген-ді. Әттеген-айы өзге ел­дер қолөнер ше­берлерін қолдау арқылы бұл саладан айтарлықтай табыс көріп отыр. Біз қол­өнердің әлемдік эконо­мика­ның тұтас бір кешені екенін әлі сезінбей отырмыз.
Назгүл АЙТІМОВА, этнограф-ғалым:
– Біздегі қолөнер түрін сөз еткенде, шикізатқа зәрулікті қозғауды да ұмыт­паған жөн. Ши­кізат­ты дайын өнімге дейін өндіру жайы жетілмей, бұл өн­діріс­те өзіндік биіктікті бағындыру қиын. Сондықтан шикізат зәрулігін жою үшін болашақта мемлекеттің қолдауы­мен ауыл-аудан көлемінде шағын кластерлер жасақтау қажет. Бұдан соң сол шағын кластерлер арқылы көлемді фабрикалар құруымыз керек. Ал қазір санаулы ғана шеберлердің басын қосып, олардың арнайы шебер­лер одағын құру арқылы мәселе ше­шіл­мейді. Егер біз бұл салада шебер­лерге анық қолдау білдіргіміз келсе олар үкіметтік қолдауды сезінгені жөн. Сонда ғана қазақтың төл туындылары әлемдік деңгейде брендке ие болады. Біздің туындыларымыз қазірдің өзінде жоғары брендке ие. Ал оны әрі қарай өрбітіп, жетілдіріп, шеберлердің жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек...


Ежелгі сауда
Алғашқы сауда бірлігін қазақтың текеметі құраған
Жалпы, ежелгі саудаға үңіл­сек, сауданың айырбас түріне текемет ыңғайлы болған. Қолөнер саудасында Қазақ-Ресей саудасы үнемі табысты болыпты. Ол кездегі қазақтардың Ресеймен сауда жасай­тын негізгі орындары шекара шебін­дегі Орын­бор, Троицк, Петропавл, Омбы, Се­мей және Өскемен бекіністері бол­ды. Қазақтар базарға мал басымен қоса астық, жарма, кездеме маталар, шұ­ға-мәуіті, илен­ген тері және ме­талл бұйымдарын шығарып отырған.

Айналымдағы ақша қазақ­тарда аз болғандықтан сауда айыр­­басы осы заттарды қойға айырбас­таумен орын алған. Сауда­ның экви­ва­ленттік тепе-тең балама бағалары болма­ған. Мысалы, баға­сы 75 тиын тұра­тын 18 метр кенепті бір жылқы мен өгізге айырбас жасаған жайттар да кез­дескен. Сондай-ақ Ресей база­рына Орта Азиядан жібек, мақта-мата және шапан, кілем, төсеніш, көрпе басқа да күн­делікті тұрмысқа қа­жетті бұйымдар әке­лінген. Десек те, сол кездің өзінде қазақ шебер­лерінің тоқыған текеметі өтімді, саудалы болған деседі. Әсіресе қазақтың кілемі мен текеметі айыр­бас сауда­сының кө­рігін қыз­ды­рып, алғаш рет тауар-ақша қаты­­нас­тарын дамыт­қан. Қазақ текеметіне көзі түскен Орта Азия елдерінің шеберлері Ресей база­рында ең алғаш текеметті 1875 жылы қолма-қол ақшаға сатып алыпты. Ондағы текеметтің бағасы 820 сом болған екен.


«Гиннесс» рекордтар кітабына енген қазақ көйлегі

Біз бұған дейін «қазақтың қолөнері арқылы әлемдік брендке қол жеткізуге болады» дегенге күмәнмен қарайтын едік.  Ал Қытайдағы қазақтың қолөнер шеберлері  мұны барынша дәлелдеп жүр.
Тікелей осы жобаның Гиннес­стің рекордтар кітабына енуіне мұрындық болған Зиятқан Айда­ханқызы 1992 жылы автоно­мия­лы райондық кадрлар меке­месі және мәдениет мекемесінің тап­сыруымен Қазақстандағы Темір­бек Жүргенов атындағы Өнер академиясының сахналық киімді жобалау мамандығын бітірген. Қазірде Зиятхан Айдар­ханқызы Шыңжаң Қазақ мәде­ниеті ғылыми қоғамы ұлттық киім-кешек, қол­өнер, кестешілік тобының бас­шысы.  Міне, осы топтың Еура­зия­лық киім көрмесіне апарған ұзын­дығы – 3,37 метр, етегінің кеңдігі – 12,30 м,  50 қат­парлы үлкен қазақ көйлегі «Гиннес» рекор­дтар кітабына енгізілді. Осы сәттен бастап қолөнершілердің табысы үстемеленіп, олар ТМД көлемінде арнайы тапсырыстар ала бастаған.


Қарым мен қабілет

Кафель кілем табысты еселеуде

Бүгінде Үрімжіде сол елдегі қазақтың қолөнер шеберлерінің басын түйістірген «Орда ою» орталығы ой-қиялдарын шың­дай келе құрылыстардың еденіне қажетті кафель кілемдер шығара бастады. Қазақ­тың текемет, сырмақтарын бедеріне басып шығаратын мұндай кафельдер қазірде ондағы шеберлердің табысын еселеп тұрған жайы бар. Қазірде өнімдер зама­науи үйлерге, мешіттерге, мейрам­хана­ларға, әртүрлі мәдени нысандарға қолда­нылуда. Бұл күнде аталмыш орталықтың шеберлері өнімдерін Орта Азия елдеріне шығаруды жоспарлап отыр.

Қазақы кілем Ашхабад мұражайында сақталған
Кеңес өкіметі кезінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері Ашхабад мұражайында неше жыл сақталғаны тура­лы да деректер бар. Мамандар Кеңес ода­ғы тұсында Түрікменстанның, Өзбекстан­ның, Қырғыз­стан мен Қазақстанның кі­лем­дері өздерінің сән-салтанатымен көш ілгері тұрғандығын сөз етуде. Абзалында, қазақтың қалы кілемдері тура­лы мамандар «кеңестік кезеңде түрік­мен кілемдерінің 10 пайыздық үлесі болса, одан кейін 8 пайыздық межемен Қазақстан кілемдері озық тұрған» деседі.

Компасты жайнамаз таңғалдыруда

Қазірде Қытайдағы қазақ қолөнерлерінің компасты жайнамазы әлем жұртшылығын таңғалдыруда. Арнайы қораптың ішінде компасты жайнамазбен қатар таспих, тақия салынған. Компасты жайнамаздың бір ерекшелігі – құбыланы кез келген уақытта тауып алуға қолайлы етіп жасалған. Қазірде бұл тауар Үрімжі қаласында ғана емес, әр аймақ, облыстарға таралып кетуде. Тіптен мұндай жайнамазды жасаушы қолөнер шеберлері болашақта өзге де мұсылман елдерінің нарығына жөнелтуді жоспарлап отыр.

Қытайдағы қазақтардың өндірісі өрлеп тұр
Қытайдағы қазақтардың «Алатау» маркалы патентін иеленген кілемдері қазірде Қытай, Қырғызстан, Моңғолия базарларында сатылымға шығарылып, табысты еселей түсуде. Кілемнің саудасы өтімді болғандықтан Қазақстанда осы кілемді арнайы сататын орындар ашылған. Болашақта Қытай қолөнершілері сауда аясын кеңейтіп сыйымдылығы кең Батыстың базарына өнімдерін саудалауды мақсат тұтып отыр. Бұдан өзге осы марканы иеленген қазақи дастархандар, компасты жайнамаздар да сұранысқа ие болуда.

Рекордты жаңартқан таба нан

Үстіміздегі жылы Қытайдағы шеберлер қазақтың таба нанының мәртебесін бір өсірді. Шанхайдағы қазақ шеберлері пісірген «Ең үлкен таба нан» Шыңжаң халал тағамдар мерекесінде Шанхай әлемдік «Гиннест» бас мекемесі жанынан аталмыш таба нанның «Гиннест» тізіміне енгені туралы куәлік алды. Таба нанды пісіруге 8 қап ұн, 97 литр сиыр сүті, 200 жұмыртқа, 6 келі сарымай жұмсалған. Бұл таба нанның диаметрі – 2,53 м, қалыңдығы – 14,5 см.  Қазірде, осылайша, рекордты жаңартқаны үшін таба нанды жасаушылар мемлекеттік марапаттауға ие болған.


Ой салар
Киіздің бағын жіп байлап тұр
Қазірде ағылшындардың бір ғана қазақтың киіз басу өнерін зерттеуге деген құлшынысы айрықша. Бұл жайында отандық қолөнер шебері Айғаным Арынқызы «біз өз қолымыздағы құндылығымызды құнттай алмадық, енді ұмыт болып бара жатқан ата-баба мұрасын жастарға үйретіп үлгерсек екен» дейді. Оның айтуынша, аталмыш ұлттық өнер түрі үлкен дағдарысқа ұшырап отыр. «Мен Ресейден әкелінетін бір келі жүнді мың теңгеге сатып аламын. Ал осы уақытта ауылдың аулаларын қарасаңыз, қойдың жүні, терісі құр бос шіріп жатыр» дейді Айғаным Арынқызы.

Жүннен жасалған бұйымдардың қа­сиеті туралы қазақта талай аңыздар бар. Жүннен тоқылған бұйымдар табиғи, жеңіл әрі ыңғайлы болғандықтан алғаш қағаз ақша саудасы да осы жүннен жасалған бұйымдарды сату барысында дамыған. Таза киізден жасалған мойынорағыштар, сәнді бұйымдар мен аксессуарлар, бас киімдер қазірдің өзінде әлем саудасында өтімді. Осыдан болар еуропалықтар қазақ­тың қолөнеріне қызығып отыр. Қазірде Қазақ елінде қолөнерге қажетті шикізат тапшылығы анық сезілуде. Мысалы, киізді басып, оның бетіне өрнек салуға қажетті, қалы кілем тоқуға қажетті топс жібі елімізде мүлдем өндірілмейді. Топс – бұл өн­діріс­те таралған жә­не жұқа иірілген шұға жіп, жартылай дайын­далған жүн иіру өндірісінің өнімі. «Жаңағы кіле­міңізді де, киім-ке­шегіңізді де тоқуға арнал­ған бұл жіп қазірде біз үшін тапшы. Ауқымды кілем түгіл, киім-кешек тоқуға топс табу қиын. Сондықтан көптеген кәсіп иелері өндіріске қажет жіпті шетелден импорттауға мәжбүр немесе сапасыз жіпті кәдеге жарата беретіндер де кездеседі. Ал сапасыз дүние өнімге деген сенімді төмендетеді. Сондық­тан біздегі қолөнер түрін сөз еткенде, шикізатқа зәрулікті қозғауды да ұмытпаған жөн. Шикізатқа зәрулік, ши­кізат­ты оны дайын өнімге дейін өндіру жайы жетілмей біз кілем өндірісінде де, киім-кешек өндірісінде де өзіндік биіктікті бағындыру қиын» деседі мамандар. Сондай-ақ шикі­затқа қажетті сапалы жүнді, теріні коршілес Ресей елінен тасымалдаушы шеберлер де бар. Ал енді күміс бұйымдар жасаушы шеберлердің мұңы тіптен ерекше. Олар да өздеріне қажетті металдарға өзге елдерге тапсырыс беруге мәжбүр. Міне, осы жайттарды ескерген шеберлер «егер бұл салада нақты мемлекеттік қолдау жүйе­ленбесе, қазақтың біраз қолөнер туын­дыларының патентін еуропалықтар иеленіп кетпек. Олар бұған аса қызы­ғушылық танытып отыр» дейді. Ендеше, расымен де, бұл салаға мемлекеттік қолдаудың қажеттігі даусыз.


Бетті дайындаған Қарлығаш Зарыққанқызы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста