Қазақ қандай кәсіпті үйренуі керек?
«Заманың түлкі болса тазы болып шал» дегенді үйрену нақ қазір қазаққа қажет-ақ болып тұр. Бүгінде біздің қаракөздеріміздің басым бөлігі кәсібін нәсіп ете алмай жүргені жасырын емес. Осыны ескерсе керек, мемлекеттік органдар елімізде орта кәсіби жұмысшы табын қалыптастыруға айрықша назар аударуда. Бұл мақсатта арнайы жобалар, бағдарламалар, мемлекеттік қолдау түрлері жетіп-артылуда. Тіпті кәсіп ашуға қайратың бар, бірақ қаражатың жоқ болса, банктерден, шағын несиелік ұйымдардан өз жобаңды ұсынып, жеңілдетілген несие алуыңа да жол ашық.
Әйтсе де орта және кіші кәсіпті меңгеріп, шаруасын дөңгелетіп жүрген қауымның қарасы бүгінде мардымсыз. Мақала дайындау барысында біздің бір байқағанымыз, қазіргі бұқараны алаңдататын – «Қандай кәсіпті үйрену керек?» деген сауал. Әсіресе «қолымда 1000 АҚШ доллары болса, мұндай қаржымен еселеп табыс табуым мүмкін бе?» деген сауал бізге төтесінен қойылды. Сөйтіп, біз «Алаш айнасы» оқырмандарының осы іспетті сауалдарын ескере отырып, қолда 150 мың теңге барда бизнес әліппесін неден бастаған жөн екенін, қаржыны ұқсатуда бастапқыда қандай кәсіптің тиімді екенін талдап көруді жөн санадық...
Наубайханашылықтың көзін таба білсе...
Жалпы, бизнес әлемінің кәсіби кәсіпкерлері бүгінде қолда бар 150 мың теңгемен де шағын кәсіптің иесі атануға болатынын нықтап отыр. Мысалы, ауылдық жерде 150 мың теңгені қалай ұқсатуға болады?!
Байбек ШЫМЫРБЕКОВ, ауыл кәсіпкері:
– Мен өз ісімді бастағалы сегіз ай болды. Өзіңіз білесіз, ауыл тұрғынына банктен несие алу өте тиімсіз. Өйткені бізде тәуекел көп. Банкке ұсынған жобамызға олар қанағаттанбайды. Мен былтырдан бері жұмыссыздық қамыты қатты батқаннан кейін өз ісімді бастауды жөн көрдім. Ауламда 1982 жылғы «Москвич» маркалы көлігім бар еді, сол көлікті 1000 АҚШ долларына саттым да, өзім белгілі бір кәсіппен айналыспаққа ниеттендім. Әрине, отбасым бұған бірінші кезекте қарсы болды. Сонымен, менің қолыма 150 мың теңге тиді. Оның 50 мың теңгесіне қапшығы 4500 мың теңгеден тұратын 11 қап ұн сатып алдым... Ал 80 мың теңгесіне құны 10 мың теңге тұратын, нақ қазір қара базарда «Әсел» пеш атанып кеткен сегіз электр пеш сатып адым. Ендігі қалған 20 мың теңгені үйімнің бір бөлмесін ақтап, есігін бөлек шығарып, маңдайшасына наубайхана деп жаздыртуға жұмсадым. Сөйтіп, ауылдағы қауымға бағасы 50 теңге тұратын нан пісіріп сата бастадық. Бастапқы төрт айда кәсіпкер ретінде тіркелмедім. Ал қазір қарамағыма ауылдың алты адамын жұмысқа алдым. Олардың әрқайсысына 20 мың теңгеден жалақы беремін. Аудан бюджетіне арнайы салық төлеймін. Өз отбасымды қамтамасыз етемін.
Ерінбеген етікші болар...
Ал енді қалалық жерде сол 150 мың теңгені қалай ұқсатудың есебін шығарсақ... «Қалалық жерде аз-маз қаржымен кәсіп ашуға сұранып тұрған дүние-етікшілікті меңгеру» деседі мамандар. Мұны нықтай түсу үшін етікші қауымымен де тілдесіп көрдік... Байқағанымыз, сол етікші жұртының ішінде біздің қаракөздеріміз саусақпен санарлық. Ал олардың тауып отырған нәпақасы әжептәуір.
Құттықадам ЖАНӘБІЛОВ, етікші:
– Қалалы жерде тек қана жалақымен күнелтудің қиын екені бесенеден белгілі. Мен бұл кәсіпті күтпеген жерден бастадым. Алдымен өз үйімде көрші-қолаңға тиын-тебенге қызмет көрсеттім. Әйелім мұғалім еді. 150 мың теңгеге несиелік лимит картасын алды. Міне, алдымен сол қаржыны ұқсатып көруді жөн көрдім. Сөйтіп, Көк базар маңынан 15 мың теңгеге шағын дүңгіршекті жалға алдым. Бұл былтырғы жыл еді. Қазір жалға алу құны 20 мың теңгеге өсті. Алғашқы айында бірден жалға алу құнын екі айға төледім. Осылай 150 мың теңгенің 30 мыңын жалға төледім. 70 мыңына етік тігетін машина, біз, жіп сатып алдым. Қалған 50 мыңды дүңгіршекті қалпына келтіруге жұмсадым. Осылайша ісімді бастадым. Қазір күндік табысым 8-10 мың теңгені құрайды. Ең аз дегенде 6 мың теңгеге айналады. Жалға алу құнын; күнделікті орынға төлейтін салықты; басқа да шығындарды есептегенде, отбасыма кіретін айлық табыс 90-100 мың теңгені құрайды. Әсіресе күз, қыс, көктем айларында кіріс көзі молаяды. Жалпы, етікшілік – жылдың қай мезгілінде де табысы азаймайтын кәсіп. Сондықтан мұны өз балаларыма да үйреткім келеді...
Міне, ерінбестен етікші болған кейіпкеріміздің бізге айтары – осы. Оның ойынша, қазақ баласы сөзсіз орта кәсіпті меңгеруі керек. Себебі, негізгі табыстың көзі – осы орта кәсіпте.
Омарташының да табысы осал емес...
Негізінен, қазақ баласы үйренер кәсіптің бір түрі омарташылық па дерсің... Әрине, ара өсірудің оңай кәсіп емес екені даусыз. Бірақ басқа шығындарды кейінге ысыра тұрып, сатып алу бағасын есептегенде 500 теңгеден болатын балды әр ұядан 35 келіден жинағанда 100 ұядан 3,5 тонна өнім алынады. Мұны есептеп кеп жіберсеңіз, бір жаздың төрт айында кемінде 2 миллион теңге таза пайда табуға болады екен. Жалпы, омарташылардың сөзіне жүгінсек, бір жылдық тәжірибеден соң ара бағумен емін-еркін айналысып кетуге болады. Ара ұстау аса көп шығынды талап етпейді. Бұл кәсіп арнайы жер алуды талап етпейді. «Омарташылық – шығыны аз, табысы мол кәсіп» деседі мамандар. Осы саладағы кәсіпқой маман Бақытжан Бекадыров:
– Ара өсіру, бал өндіру тек жеке адамдардың ісі болып қалды. Жастар бұл саланы мүлде ескермейді. Мамандар да қартайып, сала бүтіндей ұмыт қалғандай болып барады. Ал балды сатылымға шығарсақ, айтарлықтай пайда көріп отырмыз. Бір жаздық таза табысымыз 2-2,5 млн теңгені құрайды. Бізде бір ара ұясын ұстауға шамамен 6 мың теңге кетеді. Ал сапалы «Алтай» балын алу, яғни асылтұқымды ара ұясын ұстау үшін 10-12 мың теңге қажет. Шындығында, ұяны ұстауға кетер шығын аз. Балды өндіріп алғаннан кейінгі табысы мол. Бірақ саладағы өзекті мәселе – маман тапшылығы. Бұл кәсіпті нәсіп еткендердің қарасы жылдан-жылға азайып барады.
Рас, біз бүгін мысал ретінде бір-екі орта кәсіп түрін атап-атап көрсеттік. Негізінен, бағамдасақ, 150 мың теңгені ұқсату үшін біршама кәсіпті шыр айналдыруға болады. Әрине, қолынан іс келетін қауым бастапқыда сол 1000 АҚШ долларын салу арқылы шаштараз, тігінші, аспаз кәсібін нәсіп етіп, әжептәуір табыс табуда. Жалпы, отандық нарықта 1000 АҚШ долларын ұқсатуға болады, тек ол үшін бухгалтериялық есебіңіз нақты әрі мықты болуы керек.
Кәсіпті дөңгелету үшін қабілет керек
Біз «бизнес әліппесі» айдарын пайдалана отырып, белгілі кәсіпкерлердің қарым-қабілетін анықтау мақсатында психолог мамандардың көмегіне жүгініп, тест сауалдарын даярладық. Бұл «бизнеске енді кірігіп жүрген кәсіп иелері кәнігі кәсіби кәсіпкердің жақсы қасиетін ойына түйе жүрсін» деген ниеттен туындады. Бүгінгі тест сауалдарына жауап беруші – белгілі кәсіпкер Азат Қонысбеков. Оның іскерлік қабілетін анықтайтын – жоғары санатты психолог Аймара Тілеукина.
«Сиқырлы заттар дүкені» тақырыбына арналған сынақтар
Фантазия сіздің мінезіңіз жайлы көп ақпарат бере алады. Дүкен сөрелерінде әртүрлі ғажайып заттар тұр:
• көрсетпейтін қалпақ;
• кілем-ұшақ;
• болашақты көрсететін айна.
• уақыт машинасы
• қабырға арқылы көруге мүмкіндік беретін эликсир;
• басқа адамға немесе жануарларға айналдырып жіберетін жақпамай;
• бөгде адамдардың ойын оқуға мүмкіндік беретін кәмпиттер;
• алыста тұрған адамдардың әңгімелерін естуге көмектесетін сұйықтық.
Сіз қандай затты таңдайтын едіңіз?
Анықтама: Кәсіпкеріміздің жауабы Уақыт машинасы болды. Азат Қонысбеков мырзаның басты артықшылықтарының бірі – талдаулық мүмкіндіктер, қиын жағдайлардан тез шығып кету және өзіне жауапкершілік жүктей алуы.
Екінші қойылатын сауалдар:
1. Сіз саяхатқа шығуды жоспарладыңыз. Басты ұстанымыңыз қандай?
а) Әр күні жаңа үлгіде киіну.
б) Тек керекті киімді алып жүру.
в) Азғана заттарды алу.
Жауабы: в
2. Йога сабағына баруға ұсыныс түсті. Өзіңізге бірінші қандай сұрақ қояр едіңіз?
а) Сабақ өтетін жер қалай жабдықталған?
б) Жаттығудың қандай тиімділігі бар?
в) Бағасы қанша?
Жауабы: б
3. Дүкеннен сүйікті затыңызды алуды жоспарладыңыз. Сол затқа бір аптадан кейін жеңілдіктер жүреді. Не істейсіз?
а) Еш нәрсеге қарамастан сол затты сатып аласыз.
б) Шетке шығып, біраз ойланасыз;
в) Сатып алуды кейінге қалдырасыз.
Жауабы: а
4. Үйіңізге зат таңдап жүрсіз. Қандай критерий сіз үшін маңызды?
а) Дизайн.
б) Ықшамдылығы.
в) Көпқызметтілігі.
Жауабы: в
5. Супермаркеттен бір аптаға шамалап азық-түлік сатып алайын дедіңіз. Нақты не аласыз?
а) Дәл сол кезде не алғыңыз келсе, барлығын алу.
б) Ең керекті азық-түліктер мен көбірек тәтті тағамдар.
в) Алдын ала жасалған тізім бойынша сауда жасау.
Жауабы: в
6. Дереу валютаны айырбастау керек болды. Бірінші қайда барасыз?
а) Жақын маңдағы айырбастау пунктіне.
б) Сенімді айырбастау пунктіне.
в) Тек қана банкке.
Жауабы: б
Анықтама: Кәсіпкерімізде "в" жауабы басым болғандықтан, мынадай қорытынды шығардық: Үнемділігіңіз сіздің балалық шағыңыздан бар, бәрін алдын ала есептеп аласыз. Сіз барлық нәрселерге немқұрайды қарамайсыз және бәрін ақылға салып шешесіз. Осы үшін сізді туыстарыңыз бағалайды. Достарыңыз сіздің берген кеңестеріңізге ешқашан күмән келтірмейді.
Студенттерге арналған бизнес-бастау
Біздің бағамдағанымыз, аз-маз қолда бар қаржыны студент қауымының да ұқсатуына болады. Төменде келтірілген дерек – тек біздің ғана ой-қиялымыз емес. Мұны мамандарымыз дайын тұрған бизнес-жоспар деп отыр. Бұл бизнеспен әрбір студент шұғылдана алады. Оқу жылының басы – осы бизнесті бастаудың ең тиімді уақыты.
Сонымен, сіз бизнесіңізді:
а) Институт бейнесі немесе логотипі басылған киім, көбінесе майкалар, белгішелер, басқа да заттарды сатудан бастайсыз. Мұндай заттарды тек жаңадан келген студенттер ғана алып қоймайды. Институтты бұрын бітірген, бірақ өзі оқыған оқу орнын еске түсіретін естелік затқа құмар бітірушілер де алуы мүмкін.
ә) Бұдан соң деканнан институт немесе факультет символикасы бар майкалар мен белгішелерді жасауға рұқсат алу керек. Бұл тек өзіңіздің адамдармен өзара қарым-қатынас жасай білу қабілетіңізге байланысты. Бар керегі – деканды көндіріп, үзіліс кезінде осы тауарларды сатуға рұқсат алу. Рұқсат алған соң тауарларды әзірлеуге кірісу керек.
б) Институт немесе факультет эмблемасын сайттан немесе әкімшіліктен алуға болады. Майка немесе белгішеге басылатын макетті жасау ешбір қиыншылық туғызбайтын сияқты: қолың түзу, өзің ұқыпты болсаң болғаны. Ал тағы да бір керегі, ол – графикалық редактор. Әрі қарай шығындарды есептейік: институт эмблемасы басылған 25 белгіше, факультет эмблемасы басылған 25 белгіше жасап шығарайық. 50 данаға шамамен 250 АҚШ доллары жұмсалынды.
в) Енді майкаларды жасап шығарамыз. Эмблеманы өз бетіңше немесе арнайы делдалмен келісіп басуға болады. Майканың бағасы – шамамен 200-300 теңге, ал оған белгі басу 1000-2000 мың теңгені құрайды. Тағы да есіңізге салайық, адамдармен келісе білу керек. Әртүрлі дизайнмен жасалған, эмблемасы бар, әртүрлі басу жолымен дайындалған 5-15 дана майка жасап шығару керек. Бұл шамамен 15-20 мың теңгеге түседі. Майка мен белгішеге басылатын суреттің қосымша дизайн түрлерін дайындап, оларды қағазға басып шығарыңыз. Бұл үлгілерді қызығушылық танытқандарға көрсетеміз. Ал күлкілі де қызықты суреттер басылған майкалар каталогін даярласаңыз тіпті жақсы, олар да көп жастардың көңілінен шығатыны анық.
г) Тауар колға тиген соң сатуға кірісеміз. Бірінші күні аса танымал тауар түрін байқау керек те, тапсырыстарды жинап, тізім құрастыру керек. Тауардың бағасын өнімнің өзіндік құнынан 20-100 пайызға дейін өсіріп қойсаңыз тіптен жақсы. Мысалы, студенттің қалтасына тиімді болу үшін белгішені 500 теңгеден, ал майкаларды 500-1000-1500 теңгеден сатамыз. Керек болса, қоңырау шалып, қосымша тауарларды лезде дайындап шығаруға тапсырыс береміз. Шығарылған қаражатты қайтадан айналымға қосамыз. Егер сіздің факультетіңізде 1000 студент оқитын болса, бір апта ішінде 50-100 майка және 100-300 белгіше сатуға болады.
Заңды білмей, шаруаны иіру мүмкін емес
Өмірәлі Қопабаев, заң ғылымының докторы, профессор:
Егер сіз жеке кәсіпкерлікті заңды тұлға ретінде тіркелу арқылы бастағыңыз келсе, онда сізге тиісті үлгіде тіркеуден өтуге тура келеді. Жеке кәсіпкерлікті іске асыру үшін тіркеуді жүзеге асыратын аймақтық салық басқармасы болып табылады. Жеке кәсіпкерлік жеке және бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады:
а) Жеке кәсіпкерлік өзінің құқықтық иелігіне жататын мүлік базасында өз бетінше қызмет ететін бір ғана жеке тұлғадан құрылады. Некеде тұратын жеке тұлғаның жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруы үшін жұбайынан келісім алуының қажеті жоқ. Тек жеке кәсіпкерлікті іске асыру үшін жеке тұлға жұбайы екеуінің ортақ мүлкін пайдаланар болса ғана екіншісінің келісімін алуы қажет болады.
ә) Бірлескен кәсіпкерлік өздеріне тиесілі ортақ меншік құқығына жататын мүлік базасында жұмыс істейтін бірнеше жеке тұлғадан (жеке кәсіпкерлер) тұрады. Бірлескен кәсіпкерлік барысында жеке кәсіпкерлікке байланысты барлық мәміле жасалады, құқықтар мен міндеттер белгіленіп, ол бірлескен кәсіпорынның барлық қатысушылары арқылы іске асырылады.
Жеке кәсіпкерліктің артықшылықтары:
• адамның еңбекпен қамтамасыз етілу және ақша табу проблемаларын шешеді;
• қымбат емес әрі тез арада тіркеуге болады;
• мемлекеттік реттеуге аз ұшырайды;
• тым көп құжат жүргізуді қажет етпейді.
Жеке кәсіпкерліктің кемшіліктері:
• мұраға қалмайды;
• алғашқы капитал жинау қиындығы;
• кәсіпкер жеке мүлкін тәуекелге тігеді.
Жалпы, заңды білмей, шаруаны дөңгелету мүмкін емес. Жеке кәсіпкерлер өз міндеттемелері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, өндіріп алуға жатпайтын мүліктерін қоспағанда, өзінің бар мүлкімен жауапкершілікте болады.
Бизнес-жоспар
Ірімшік және сүзбе өндірісін құруға бизнес жоспар
Бастапқы салынар қаржы – 150 мың теңге. Қызметтің негізгі мақсаттары ірімшік және сүзбе өндіру және оны сату болып табылады. Бизнес-жоспар даярлауда экономист сарапшы Мейрам Қабдархманұлының көмегіне жүгіндік:
Біздегі бизнес-бастамалардың кемшіндігі идеялардың аздығынан ба, әлде бизнес-климаттың нашарлығынан ба?
Оразәлі СӘБДЕН, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Меніңше, бұл біздегі нақ осы салада «бармақ басты көз қысты» әрекеттің дендеп тұрғандығынан. Себебі қазір сіз идеяңызды алып, бизнестік ортаға кіріккіңіз келеді делік, бірақ сол идеяның керексіз болып шетке ысырылып қалатыны жасырын емес. Өйткені ол идеяңызды жүзеге асыру үшін бірінші кезекте сіздің қолыңызда қыруар қаржы, бұдан соң үлкен лауазымды тамыр-танысыңыз болуы керек. Міне, біздегі бизнеске тікелей кері әсерін тигізіп отырған құбылыс – осы. Бұдан соң қайтіп халықаралық деңгейдегі бизнес-климат орнайды?! Өз басым бұған қатысты бірнеше ұсыныс айттым. Біз бизнеске ыңғайлы орта қалыптастырып, идеялар легін жасақтау үшін алдымен кіші инновациялық бизнеске қатысты арнайы заң қабылдағанымыз жөн. Инновацияның өзі жаңа идея емес пе?! Ал бізде шағын және орта бизнесте осы жаңа идеяны қолдау туралы заң жоқ. Бұдан соң қалайша бизнестік орта қалыптасады? Қайтіп жаңа идея туындайды? Егер біз болашақта өзіндік бизнестік орта қалыптастырып, бизнестік идеяларды қолдаймыз десек, арнайы заң қабылдауға қатысты ұсыныстар ескерілуі қажет...
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист сарапшы:
– Бізде біршама идеялар да бар. Өзіндік кішігірім бизнестік орта да қалыптасқан... Меніңше, мұны одан әрі тереңдетіп дамытуға біздегі кәсіпкерлердің белсенділігі жетіспейді. Соңғы кездері кәсіпкерлердің құқын қорғау мәселесі, экономикалық қылмыстарды жұмсарту жайы жиі талқылануда. Өз басым «бұл үрдіс елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін ауадай қажет» деп ойлаймын. Біз кейінгі екі жылда елдегі шағын және орта бизнесті қолдауға айрықша назар аудардық. Айналып келгенде осы үрдіс оң нәтиже берді. Отандық кәсіпкерлеріміз өздеріне деген қолдауды анық сезінді. Дегенмен идея ұсынуда, сол идеясын жүзеге асыруда кәсіпкерлеріміздің белсенділігі әлі де кемшіндеу. Сондықтан айтарым, кәсіпкерлерге бұл ретте мемлекет тарапынан қолдауды күшейту керек. Арнаулы идеялар ұсынып, оларды жүзеге асырған кәсіпорындарға сыйақы тағайындау; бизнесті орынсыз тексеруге жол бермеу; бизнеске бақылауды күшейту жайын одан әрі жүзеге асыру керек. Сонда ғана идеялар легі артып, оны емін-еркін жүзеге асыратын бизнестік климат қалыптасады.
Жұмаділ БАЙҒҰНШЕКОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Негізінде, біздің кәсіпкерлеріміз ізденуден, ашқан жаңалығының жобасын жарқыратып көрсете білуден кенде емес. Арамызда білікті, ізденімпаз, кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын азамат баршылық. Десек те, қазақ кәсіпкерлігі өзіндік ортасын, бет-бедерін әлі дамыта алмай отыр. «Қазақстан экономикасын ғылыми негізге бағыттаймыз. Кәсіпкер мен банк арасын жалғаймыз» деген пікірлер көтерілгенде, отандық кәсіпкерлер «әй, бір бағымыз жанатын шығар» деп үміттенді. Әйтсе де жаңа идеяларды өндіріске енгізіп, бар дүниені тиімді пайдалану жағына келгенде тағы да кемшін түстік. Бір ғана айтарым, бізде бизнесті дамытуға бағытталған қаншама инновациялық идеялардың жобасы шаң басып жатыр. «Не қажет, не жаңалықтарың бар?» деп бір шенеунік қызығушылық білдірген емес. Қажет десеңіз, «бизнес-идеяларды шетелден-ақ сатып ала саламыз» деген атқамінерлер де болған. Ал осыдан кейін біздің индустриялық-инновациялық жобалардың тасы өрге домалай қояр ма екен?!
Бетті әзірлеген Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ kokshe.79@mail.ru