Қостанай облысында биіктігі 5 метр, салмағы 800 келі сиыр пайда болды. Мұндай дәу сиырдан қанша сүт шығатынын ойлай беріңіз...
Әттең, металлопластиктен жаратылған сиыр сауылмайтыны өкінішті. Есесіне, елді емізген түліктің құрметіне тұрғызылған ескерткіш сәнді де салмақты шыққан. Ірі қараның арқасында табысқа кенелген шаруа қожалығы Зеңгі бабаға деген ризашылығын осылай білдірген екен.
Денисов ауданындағы серіктестіктің жұмыскерлері сүті сусын, еті тамақ, терісі киім-кешек және төсеніш болатын төрт түліктің бірі – сиырға үнді халқындай сыйынбаса да, қатты құрмет тұтатынын жария етті. 90-жылдардағы қысылтаяң кезеңде жұрт жанын сақтау үшін малын сатып, туған жерінен үдере көшкенде, «Сарыағаш» ЖШС осы ірі қараның күшімен, дәлірек айтсақ, сүтімен шаруашылықты құтқарып қалған болатын. Сол өтпелі кезеңнің ауыртпалығын сиырдың ақ сүтімен жеңіп шыққан бақташылар мен сауыншылар өздерінің алғысын металлопластиктен құйылған еңгезердей ескерткішпен айшықтады.
Өтеген Мұртазин, «Сарыағаш» ЖШС директоры:
– Қиын уақыттың өзінде де ферманы сақтап қалуға тырыстық. Қазір ер адамдармен қатар әйелдер де тұрақты түрде жұмыс істейді. Қазіргі мақсатымыз – мал басын көбейтіп қана қоймай, әр сиырдан алынатын сүт мөлшерін де көбейту. Биылғы жылы 45 мың келі сүт алуды көздеп отырмыз, ал болашақта бұл көрсеткішті 55 мыңға көтеруді жоспарлап қойдық.
Қостанай облысындағы алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтарының бірі болып табылатын «Сарыағашта» қазір 1250 бас ірі қараға арналған жаңа ферманың құрылысы қызу жүріп жатыр. Серіктестіктің символы ретінде сиырдың сұлбасын таңдап, ескерткіш орнатқан «сарыағаштықтарға» деген Зеңгі бабаның жомарттығы сарқылмаса, жігерлі жобаларына сәйкес 2014 жылы сүттілерінің саны бес мыңға жетіп қалуы да ғажап емес.
Ала сиырға алып ескерткіш орнатылды
Последние статьи автора