Айбын ТӨРЕХАНОВ: Тәуелсіз мемлекеттің болашағына қызмет ету әрбір саналы азамат үшін мақтаныш
Айбын ТӨРЕХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, академик
- Айбын аға, егемен елде өмір сүріп жатқанымыздың өзі бақыт қой, білгенге. Осы ширек ғасыр ішінде тәуелсіз сана қалыптасты ма бізде?
- Тәуелсіз мемлекет немесе егемен ел болу бабаларымыз аңсаған арман екені шындық. Сондықтан да егеменді қазақ елінің азаматтары шынымен бақытты жандар. Мемлекетіміздің іргесін нығайтып, тәуелсіздіктің баянды болуына үлес қосу әрбір азаматтың борышы және Отан алдындағы жауапкершілігі. Осындай да егеменді елдің әл-ауқатын арттыруға ат салысу кеудеге мақтаныш сезімін ұялатады. Мемлекет деңгейінде ширек ғасыр қоғамдық сана қалыптасуына жеткілікті ме, бұл күрделі сауал. Сана дегеніміз менің пайымдауымша, адам баласының өзін қоршаған ортамен, яғни қоғамдық қарым-қатынасқа, табиғи және мәдени қатынасқа қабілеттілігі. Сана уақыт аясында, қоғамдық ықпал әсерімен қалыптасады. Осы тұрғыдан алсақ, сана қалыптасуы әр адамның өмірден ойға түйгенін, біліммен ұшталған біліктілігін салмақтап, дербес бағыт-бағдар жасай алуына тәуелді. Кеңес одағының ыдырап, еліміздің тәуелсіздік алған кезеңі әрқилы. Нарық экономикасына өтеміз деп біраз абдырадық, қаржы дағдарысын бастан өткердік, еңсеміз көтереліп келе жатқанда тағы да дағдарыс әсеріне ұшырадық. Осындай құбылмалы, бұралаң кезеңде тұрақты сана қалыптаса ала ма, бұл жауабын күтетін сауал. Тәуелсіздік сана қалыптасу үшін, әрине, қалыпты сана орнығу керек деп ойлаймын. Кеңестік дәуірде бірқалыпты, сүрленген соқпақпен, белгілі ережемен бекітілген өмір сүру салты, халқымыздың бейқамдығына жол ашып, сананың және ойлау жүйесінің шектелуіне тірелді. Мұндай сананың қызметі нәтижесіз, іс-әрекеті өнімсіз болатынын уақыт көрсетті. Уақыттың текке өтіп жатқанына мән бермейтін марғау күйді бастан кештік, ол ащы шындық. Нарық кезеңіне келсек, замана әкелген жаңа лепті бағамдауға уақыт тапшылығы тұсау болды. Еліміздің ерекшелігіне орайластырып, жаңа тетіктерді қалыптастыру, жаңа білімді игере отырып, ел игілігіне жарату сияқты қарбалас әрекеттер азаматтардың жан-жағына қарауына мұрша бермеді. Дегенмен, егемен елде өмір сүру, тәуелсіз мемлекеттің болашағына қызмет ету әрбір саналы азамат үшін мақтаныш. Қазақ халқының жеке мемлекет болғаны, азаматтардың тәуелсіз елдің игілігіне қызмет етуі, замана бұйырған сый, басымызға қонған бақ деп бағалаған дұрыс. Осындай мақтаныш сезім, «Мәңгілік ел» мүддесі, халық санасына тәуелсіздік сенімнің ұялауына ықпалын тигізері анық. Тәуелсіз сананың қалыптасуын тарихи үрдіс деп санаймын, сондықтан да, ол уақыт еншісінде.
- 25 жыл ішінде жақсы дамыған, өсім берген, нәтиже көрсеткен деп қай саланы атар едіңіз?
- Тәуелсіздік алған ширек ғасыр уақытқа көз жүгіртсек, Қазақстан мемлекеті қоғамдық, экономикалық тұрғыдан түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырды. Социалистік көзқарастан арылып, нарық заңдылықтарын игеру, осы бағытта қоғам дамуын қалыптастыру жүзеге асты. Атқарылған істер қомақты, дегенмен, шешімін күтіп тұрған күрмеулі мәселелер де шаш етектен. Мақтана алатын жетістіктеріміз баршылық, ал бел шешіп кірісетін істер мен игерілуге тиіс жұмыстар жеткілікті. Мұнай өндірісінің дамуы, әрине, тәуелсіздіктің төл туындысы. Қазақстан бюджетінің негізгі қорын қамтамасыз еткен де мұнай саласы. «Алдымен экономика, артынан саясат» деген Елбасының көрегенділігінің арқасында өңдеу саласына көп көңіл бөлінді. Мұнай өнімінен басқа металл өңдеу мен байыту саласы, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу мен ұқсату мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Ірі немесе ауқымды өндіріс орындарын қарқынды дамыту бағдарламасы аясында жаңа инновациялық технологияларды өндіріске ендіру көп салалы Қазақстан экономикасының жан-жақты, кешенді дамуына мұрындық болды. Ауылшаруашылығы саласында өнімдерді өңдеу мен ұқсату мәселесі өзекті проблема ретінде басымдылыққа ие. Шындығында, ертеректе бабаларымыз патшалық Ресейге мал өткізіп, мал шаруашылығын тұрақты табыс әкелетін сала ретінде қарастырғанын ескерсек, замана ағымына орай мал шаруашылығын қарқынды және жаңаша дамыту еліміздің әлеуеттілігін арттыра түседі. Егіншілікке енжар қазақ халқы, бүгінгі таңда, астық өндіруден алдыңғы ондықтан орын алып, бидай өнімдерін экспорттаудан бірінші бестікті қанжығаға байлағанын ескерсек, Қазақстан Республикасының ауылшаруашылығын дамытуға әлі де игерілмеген мол мүмкіндіктері бар.
- Негізі бізде спорт саласының жетістіктері жақсы бағаланады, дәріптеледі. Материалдық тұрғыда болсын, танымалдылық жағынан да. Негізінде осы ширек ғасыр ішінде ғылым саласы да әжептәуір жетістіктерге жетті емес пе?
- Шындығында, спорт саласы көпшілікке ортақ, әр саланың өз жанкүйерлері бар, адамдардың қызығушылығына қарай танымалдығы, тартымдылығы басымдау. Ғылыми сала, спорт сияқты әуесқойлықты қабылдамайды. Ғылым күрделі сала, ғылымды игеру үшін, білім деңгейі жеткілікті болу керек. Әрине, адам білім алу арқылы ой-танымын кеңейтеді, сол білімінің негізінде тіршіліктегі заңдылықтарды зерттей отырып, ғылымды жүргізеді. Өз кезегінде, ғылыми зерттеулер нәтижесі адамзат өркениетінің қажеттілігіне жаратылады. Сонымен, білім мен ғылым егіздердей тең ұғым. Ғылымның дамуы білімге тәуелді болса, білімнің озық болуы ғылымға байланысты. Қарыштап дамыған мына заманда, жетістіктеріміз жоқ деп ауызды құр шөппен сүрткен дұрыс болмас, дегенмен, ғылымды дамыту жолында атқарылар жұмыстар ауқымды. Әрине, ауылшаруашылығы саласындағы ғалымдар өсімдіктердің өнімді сұрыптарын шығару, төрт түліктің жаңа тұқымдарын өсіру және қарқынды технологияларды өндіріске енгізу мәселелері бойынша біраз жетістіктерге қол жеткізді. Дегенмен, әрдайым Елбасы қойған талапқа сай, біздің ғалымдар әр саладағы әлемдік жетістіктерді еліміздің ерекшелігіне орай ыңғайлап бейімдеу жұмыстарын жолға қойса, уақытты үнемдеп, экономиканың тез көтерілуіне ықпал етер еді.
- Ғылым-білім ғасырында мәңгілік ел болу үшін қандай қадамдарға баруымыз керек деп ойлайсыз?
- Дана халқымыз «білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақалмен-ақ білімнің қоғамдағы маңыздылығын анықтаған. Жан-жақты қамтылған, кеңінен ойластырылған, көпшілікке ұғынықты сындарлы білім жүйесі қалыптаспай, ғылымды алға сүйрейтін мамандарды дайындау қиынға түседі. Қазақы болмысымызды жоғалтпай, мәңгілік ел боламыз десек, алдымен тәрбие беру ісін жолға қою керек деп ойлаймын. Өйткені, тәрбиесіз берілген білім, адамзатқа зиян келтіруі мүмкін. Сонан соң, барша жұртқа қолжетімді білім жүйесін жетілдіруіміз керек. Өйткені, адам баласының таным-пайым өресі алған біліміне қарай танылады. Қордаланған білімді пайдаланып, қоршаған орта мүмкіндіктерін зерттеу ғылымды дамытуға мұрындық болады. Ғылымның дамуы өз кезегінде білімнің ұшталуына ықпал етеді. Осы салалар мемлекеттік басымдылыққа ие болғаны абзал. Замана талабына сай озық өндіріс технологиялары білімі жетілген, ғылымы дамыған елде ғана кең өріске ие болады. Сонымен, азаматтары мәдениетті, білімді ел, ғылымы дамыған, өндірістік технологиясы озық мемлекет, әрине, мәңгі жасамақ.
- Халық бай болса мемлекет те қуатты болады деген ұғым бар ғой батыста. Ел әлеуетін көтеру үшін қазақ қандай кәсіпке бейімделу керек?
- Бүгінгі жаhандану заманында, белгілі бір кәсіпке ғана басымдылық беру, менің пайымдауымша, мемлекет деңгейінде сананың шектеліп, ой-өрістің тарылуына әкелуі ықтимал. Жер үсті қазынасы да, жер асты байлығы да мол Қазақ мемлекеті үшін уақыт сұранымына орай қай сала басымдылыққа ие болса, сол салада кәсіпті шыңдап отырған жөн болар. Нарық заңдылығына сай, сұраныс бар жерде, өндіріс дамиды. Осы заңдылықты уақытымен, оңтайлы, орынды, ұтымды пайдаланған жөн шығар. Қоғам дамуында технологиялық қайта жаңару кезеңдері орын алатынын ескерсек, әр кезеңнің талабына орай өндірістік дамудың бағыттарын уақытында бағамдап, ұтымды шешім қабылдап отыру керек шығар. Мысалы, қазіргі кезеңде қуат көзі ретінде көмір сұранысқа ие емес, мұнайға деген сұраныс та бәсеңдеуде. Осындай да, әлемдік үрдісті бағамдап, сұранысқа ие тауарларды өндіруді игерген абзал. Елбасымыз қойған озық технологияларды енгізу /трансферттеу/ және өндірісті әртараптандыру саясаты еліміздің ен байлығын орнымен игеруге жетелейді. Қазақстанның экономикадағы басты басымдылығы ауылшаруашылығын дамыту әлеуеті. Осы әлеуетті Қазақстанның брендіне айналдырсақ, біздің ұтатынымыздың мол болатынына сенімдімін. Еліміздің ауылшаруашылық саласы еліміздің ішкі сұранысын толық қанағаттандырып, сырт елдерге азық-түлік тауарларын экспорттауға қабілетті. Ауылшаруашылық өнімдері сарқылмас байлық көзі. Өйткені, егістік жердің дұрыс пайдалануы өсімдік шаруашылығының үнемі үздіксіз өнім беруіне кепіл болады. Ал, табиғи жайылымдарды ұтымды пайдалану малшаруашылығын өркендетуге мұрындық болады. Екі саланың үйлесімді дамуы табиғи заңдылық. Мысалы, өсімдік әрі өнім береді, әрі малға да азық, ал малдың көңі өсімдікке құнар береді және мал сілекейі жайылымдағы шөптердің көбеюіне ықпал етеді. Өсімдік өз дәнінен, мал өз төлінен көбейетінін ескерсек, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін технологиялық талаптар орындалса болды, олардан жыл бойына қосымша өнім алынады, яғни табиғи ресурстар таусылмайды. Міне, байлық. Табиғаттың осы байлығын орынды игеру арқылы қазақстанның негізгі кәсібіне айналдыру еліміздің әлеуетін арттыратынына күмәнім жоқ.
- Тәуелсіздіктің арқасында арқа төсінде әсем Астанамыз бой көтерді. Бірақ одан Алматымыздың сән-салтанаты кеміп қалған жоқ. Бәрібір бас қала деңгейінде мәдениеттің ордасы болып қалды. Сонымен қатар қаржы орталығына айналды. Алматы қаласының даму деңгейі көңіліңізден шығы ма?
- Расында, ел астанасы ауысқан тұста көпшілік көкейінде ендігі Алматының тағдыры не болмақ деген күмәнді ой көп болды. Алайда, біздегі саясаттың дұрыстығының арқасында, ішкі көші-қон мен урбанизацияны, сұраныс деңгейін дәл анықтап, дұрыс есептей алудың нәтижесінде Алматы өз мүмкіндігін арттыра түсті. «Жаңа Ұлы Жібек жолының» қаржылық астанасына айналды. Ірі-ірі банктердің орталық аппараттары, шетелдік банктер мен қаржылық ұйымдардың кеңселері, қазақстандық қор биржасы осы Алматыда орналасқан. Демек, Алматымыздың қаржылық мүмкіндігі әлі де зор деген сөз. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, оңтүстік астанамыз еліміздің Ішкі Жалпы Өнімнің 18 пайызын, мемлекеттік бюджеттің 25 пайызын, көтерме және бөлшек сауда операцияларының жартысына жуығын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар мәдени және білім орталығы болғандықтан негізгі рухани, ғылыми интеллигенция да Алматыда шоғырланған. Бұл – Алматы халқының сауатты әрі талапшыл екендігін көрсетеді. Бұндай мегаполисті басқару оңайға түспесі анық. Оның үстіне жұмыс іздеген адамдар әлі де жан-жақтан Алматыға көптеп ағылуда. Соған қарамастан Алматыда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Баршамызға ортақ қаланы дамытудың жарқын үлгісі жергілікті билік пен халықтың арасындағы ашық диалог, жақын қарым-қатынас екенін Алматы қаласы әкімдігі дәлелдеп берді. Алматыда күн санап жаңа ғимараттар бой көтеріп, қала өзінің іргесін кеңейтіп жатыр. Демек, Алматымыз әлі көркейіп, дами береді деп сенемін.
- Мерейлі тойға орай айтар тілегіңіз?
- Елімізде тыныштық болсын. Тыныштық болса, атқарылатын ісіміз орнықты болар. Жұмылған жұдырықтай ынтымақ керек, істің берекесін кіргізеді. Мемлекетіміздің мерейі үстем болып, халқымыздың әл-ауқаты арта берсін. Бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік арманы «Мәңгілік ел» мүддесіне ұлассын!
- Сүбелі де жүйелі сұхбат бергеніңізге алғысымыз шексіз.
«Алаш айнасы»