18 жасында миллионер атанған шымкенттік бойжеткен

Шымкент қаласының тұрғыны Шұғыла Дүйсен небәрі 18 жаста. Жас болса да бас болып жүрген бұл арудың бүгінгі күні «KONO Pіzza» деп аталатын өз пиццериясы бар. Қазіргі таңда қала бойынша олардың саны үшеуге жетті. Жастарға үлгі боларлық іс бастап отырған Шұғыла қызбен біраз сұхбаттасып көріп едік. «Болашақта өз пиццериямды брендке айналдырмай тыншымаймын», – дейді бизнес ханшайымы.

– Шұғыла, алғашқы миллионыңды қолыңа қашан ұстаған едің? Сол кезде қандай әсерде болдың?

– Осыдан бір жарым жыл бұрын аталған «KONO Pіzza»-ның бірінші сауда нүктесін аштым. Алғашқы ұстаған миллионым сол кезде еді. Бірінші тапқан табыс қашанда ыстық қой, басында керемет әсерде болдым. Кейін барлық шығындарды қарап шыққанымда қуанышым су сепкендей басылды. Бірінші айдан бастап орасан табысқа ие бола кету бизнес саласында мүмкін еместігін түсінген соң аса қатты уайымға беріле қоймадым.

– «KONO Pіzza» идеясы қайдан келді?

– Он жеті жасымда ата-анам кафе ашпақ болды. Сол кезде мен: «Қазір көпшілігі жеткізіп беретін фаст-фудты, пицца тағамдарын ұнатады. Өйткені адамдардың бос уақыты жоқ. Соған сәйкес өзгеше бірнәрсе ашайық», – деп идея тастадым. Бір жарым ай осы пиццерия ашу идеясымен жүрдім, қарастырдым, білдім, зерттедім. Ғимаратымызды соғып біте сала белгілі бизнес-тренер Аманжол Рысмендиев ағамыздан сабақ алып, дереу бизнесімді бастап кеттім. Біздің пиццаларымыз конус пішіндес болған соң атауын да солай қойдық.

– Әдетте қыздар мектеп бітірген соң жоғарғы оқу орнына түседі, әрі қарай не тұрмысқа шығып кетеді, не өз мамандығы бойынша карьера қуалайды. Ал сен неге осы жаста кәсіп жолын таңдадың?

– Анамның маған: «Егер жақсы өмір сүргің келсе, өзің сондай өмірге лайықты болуың керек. Ол үшін жұмыс істеп, тынбай еңбектенуің керек. Әрбір табысыңды маңдай теріңмен тап. Сол кезде ғана сен өз қалауыңдағыдай өмір сүре аласың», – деп үнемі айтатын бір сөзі бар. Ата-анамның осыған дейін не нәрсеге қол жеткізсе де өз еңбектерінің арқасында жеткеніне көзім жетіп келді. Әке-шешем менің кәсіпке деген қызығушылығымды оятқан ең бірінші жандар деп сенімді түрде айта аламын. Бүгінгі таңда кішкентай інімді де осы салаға тартудамыз.

– Бизнестегі ақылшыларың кім?

– Басты көмекшілерім де, кеңесшілерім де, инвесторларым да – ата-анам. Себебі олар да бизнес саласында 10-15 жылдай істеп келе жатқан жандар. Он төрт жасымнан бастап ата-анама осы салада көп қолғабыс етіп жүрдім. Кассада да отырып, қоймада да жүріп, бәрін көріп өстім. Сондықтан да болар, бірден бизнес әлеміне еніп кету мен үшін аса бір қорқыныш тудырған жоқ. Дегенмен де кез келген кәсіпте қиындықтар болмай тұрмайды. Сондай кезде ата-анаммен ақылдасамын, олар өз көмек-кеңестерін беріп жатады.

– Кәсіпкерге қандай қасиеттер қажет?

– Ең бастысы – шыдамдылық керек. Себебі қазір кәсіп ашып, бірден табысқа кенеле қаламын деу – қателік. Кез келген кәсіпке салынған ақша өзін-өзі жаймен өтейді. Екіншіден, қол астыңдағыларға деген сый-құрмет қажет. Олармен арада жылы қарым-қатынас пен түсіністік болуы қажет. Себебі оларсыз жұмыс алға баспайтынын әрбір кәсіпкер түсінуі керек.

– Өзіңнің қол астыңдағылармен қарым-қатынасың қандай? Сені жассынып, сөзіңді құлағына ілмей жататын кездер бола ма?

– Жоқ деп сенімді түрде айта аламын. Мен ол кісілердің алдында әрдайым қарапайыммын. Олармен ақылдасып тұратын кездерім жоқ емес. Себебі олардың көбі маған дейін де ең мықты мейрамханаларда жұмыс істеп, тәжірибе жинап келген жандар. Олар мені қызындай көріп жатады, ал мен ол кісілерді жасы үлкен деп сыйлаймын. Жұмысқа қабылдағанда да мен олардың жұмыс өтіліне емес, жұмысқа деген ынтасына қарап қабылдаймын. Көбіне жас буынды қабылдауға тырысамын. Себебі олардың идеялары, құлшыныстары, энергиялары бар.

Әрине, аз-кем қаталдық та керек шығар. Бірақ біздің ұжымда оларға айтатын кезде айтып, түсінетін кезде түсініп, ақылдасатын кезде өзара ақылдасып тұрамыз. Осылайша басшы қол астындағыларымен белгілі бір ара қашықтықты ұстағаны дұрыс деп ойлаймын.

– Сеніңше, бизнесмен деген кім?

– Мен бизнесменді қоғамға пайда келтіруші адам деп түсінемін. Себебі олар не ашса да, оның арғы жағында қоғамға келетін қандай да бір пайда жатыр. Егер адам көңілі қаламаған нәрсемен айналысып, оның ойында тек «ақша табу» ұғымы ғана тұратын болса, ол міндетті түрде банкротқа ұшырайды. Себебі жолында кедергілер пайда болғанда оңай бас тарта салады. Ал шынайы көңілі қалаған нәрсемен айналысқан адам қандай қиындық, кедергі болмасын шыдамдылық танытады, жан-тәнімен беріліп жұмыс жасайды, сонда ғана ол нәрсе өнеді, ісі өз жемісін береді.

 

Өзім де кішкентайымнан пицца даярлауға әуес болдым. Қолым қалт еткенде ғаламтордан түрлі мәзірлерді қарап, пиццаларды, салаттарды, десерттерді жасап, ата-анама ұсынып, олар өз бағасын беріп, мәз болатынмын.

Бизнесте әртүрлі жағдай болатыны белгілі. Бір күні аспазым ауырып қалды. Сондай кездерде жұмыс тоқтамас үшін үстіме форма киіп, өзім аспаз болып, пиццаны немесе фастфудтарды өзім жасаған кездерім де болды.

– Бизнесті жаңадан бастаған адам нені білуі қажет?

– Ең алдымен өзі қолға алғалы отырған саласын жақсы білетін болуы керек. Содан соң, оны бастамас бұрын дайындалуы керек, яғни сол саланы зерттеп, бизнес-жоспар құруы керек. Кәсіпті 200 мың теңгемен де, 2 миллион теңгемен де ашуға болады. Бірақ кәсіп ашқан адам сол қаржының жұмсалу ретін білмесе, бәрі бекер деген сөз.

Бизнесте құлдырау да, өрлеу де болады, сондықтан бәріне дайын болған абзал. Мысалы, мен үшін осы кәсіпті жарты жолда тастап кету – ол менің атыма кір келгені деп түсінемін. Сондықтан арман-мақсатыма жетпей, тыншымаймын.

– Бизнесте нөлден бастау мүмкін бе? Егер идея бар, қаржы жоқ болса...

– Ондай кезде тек инвестор тарту керек. Себебі жақсы идеядан ешқандай инвестор бас тартпайды деп ойлаймын.

– Бизнесте жарнаманың рөлі қаншалықты маңызды?

– Бизнесте жарнама 99 пайыз роль атқарады. Жақсы жарнамаға қоса жақсы сапа керек. Сапасы мықты өнімді жақсылап жарнамаласа, тұрақты тұтынушы көп болады. Ал егер жарнамасы жақсы болып, сапасы нашар болса, клиентті жоғалту оп-оңай. Керісінше, сапасы жақсы, бірақ жарнамасы нашар болса, табысты ұлғайту өте қиын.

– Алға қойған мақсатың қандай?

– Мақсатым «KONO Pіzza»-ны брендке айналдыру. Неге брендке айналдырмасқа? Неге брендімізді шетелдегілер сатып алмасқа? Неге сол арқылы еліміздің атын шығармасқа? Осындай ойлар мені үнемі алға жетелейді.

– Кәсіпкерлікті таңдамағаныңда кім болар едің?

– Сән әлемін, актриса, стюардесса секілді мамандықтарды таңдар едім.

– Өзіңнен бизнес жайлы кеңес сұрайтын қатар-құрбыларың бар ма?

– Бар, тіпті үлкен ағалар да ақыл сұрап жатады. Әлеуметтік желілерден де сұрақтар келіп жатады. Мен бар білгеніммен бөлісуге тырысамын. Өзім де үнемі іздену үстіндемін. Мен әлі де өз-өзімді дамытып жатырмын. Біреуге бірдеңе үйрету үшін де өзім үйренуім керек. Мүмкіндігінше тренингтерге, бизнес сабақтарға қатысуға, көбірек кітап оқуға, ғаламтордан көбірек мәлімет білуге тырысамын. Сондықтан үйренерім әлі де көп.

– Олай болса, ісіңе сәттілік, Шұғыла, брендке айналуларыңа тілектеспіз! 

zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста