Махаббат ғадауатпен майдандасқан...
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрында КСРО халық әртiсi, Қазақстанның Еңбек Ерi, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Еркеғали Рахмадиевтiң «Қамар сұлу» операсының премьерасы өттi. Театр маусымының жабылуына орай өткiзiлген қойылымның қоюшы режиссерлерi – Қазақстанның халық әртiсi Ғафиз Есiмов пен ҚР Еңбек сiңiрген әртiсi Махинұр Рахманова. Қазақ әдебиетiнде өзiндiк қолтаңбасы бар Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әйгiлi «Қамар сұлу» романы негiзiнде жазылған опера көрермендерге ұнады.
Қойылымда романдағы бас кейiпкерлер Қамар мен Ахметтiң махаббаты, сол кезеңдегi таптық қайшылықтар мен жастардың өз сезiмдерi үшiн қауiп-қатерден тайынбай күрескендерi, махаббат жолындағы адалдықтары көрсетiлдi.
Ізгiлiк пен қатыгездiк, махаббат пен байлықтың арасындағы майдан басталды. Қойылымның екiншi бөлiмiнде Нұрымның шабармандарынан таяқ жеп, сүйгенiнен айырылған Ахметтiң жан тебiренiсi, шерлi әнi жүрекке жетiп, бойды шымырлатты. Қамар үшiн жанын қиюға дайын азаматтың арқасына тиген қамшы бүкiл ғашықтарға бағытталған соққы секiлдi...
Шымкенттіктерді көп күттiрген премьера жоғары деңгейде өттi. Бұл ретте әрбiр кейiпкерге тән әуендердi ойната бiлген оркестр ұжымы мен А.Абдуллаева, С.Генералов, Р.Рысмағамбетов сынды белгiлi дирижерлердiң еңбегiн айта кеткен жөн.
Гаухар ТӨЛЕПОВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi:
– Өнер ұжымы жылды табысты аяқтаған. Бiлiктi басшы Б.Рахманов басқаратын облыстық опера және балет театрының өнерпаздары ендi алыс-жақын шет мемлекеттерге гастрольдiк сапарға шықпақ.
Бiр жарым сағат уақыттай жұртшылықты ерiксiз баурап, сиқырлы өнер әлемiне жетелеген «Қамар сұлуды» тек облыс тұрғындары ғана емес, Астана мен Қарағанды қалаларындағы Назарбаев зияткерлiк мектептерiнiң ұстаздары мен оқушылары да тамашалап, жоғары бағаларын бердi.