«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейді. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме сөздерді (парсы және араб тілдерінен енген) айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, мифологиялық түсінігі мен ырым-тыйымдарының бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
Ырым-тыйымдардың дұрыс айтылуы:
– Дастарқанды, тамақты баспа.
– Кісі мініне күлме, кемтарға күлме.
– Малды, ыдысты, тамақты теппе.
– Суды сапырма, суға дәретке отырма, суға түкірме.
– Көкті жұлма, шашыңды жұлма.
– Үй айнала жүгірме.
– Босағаны керме, құшақтама.
– Табалдырықты баспа, отырма.
– Үйді сабама, малды ұрма.
– Бейіт тұсынан шауып өтпе, жүгіріп өтпе.
– Бейітке қолыңды шошайтпа, оған қарап түзге отырма.
– Итке ожаумен ас құйма.
– Түнде үй сыпырма, түнде тырнағыңды алма.
– Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме.
– Бүйіріңді таянба, жер таянба, иегіңді таянба.
– Шашыңды жайма.
– Бетіңді баспа.
– Тізеңді құшақтама.
– Өтірік жылама.
– Жұлдызды, адамды санама.
– Сыпырғышты тік қойма.
– Қолыңды қусырма.
– Адамға пышақ, мылтық кезенбе.
– Бос бесікті тербетпе.
– Құранды, тамақты баспа.
– Жақын адамға пышақ сыйлама.
– Тұзды, күлді баспа.
– Отпен ойнама, оттан аттама, отқа түкірме.
– Нанды жерге тастама, үстіне басқа затты қойма.
– Бейуақытта жылама, ұйықтама.
– Бейуақытта кісіге көңіл айтпа.
– Бөркіңді теріс киме.
– Үйде ысқырма.
– Үйге жүгіріп кірме.
– Мойныңа белбеу жіп салма.
– Айды қолыңмен көрсетпе.
– Құдыққа түкірме, ыдысқа түкірме, аспанға қарай түкірме.
– Шелектегі суға аузыңды батырма.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөліммен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062