«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ЖЕТІ АТА — қазақ халқының дәстүрлі салт-санасындағы адамның ата жағынан тегі таратылуының нақтылы жүйесі. Бала өзінен бастап, әкесі, атасы, бабасы т.б. жеті атасының нақтылы есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. Бұлардан тараған ұрпақтар бір атаның балалары саналады. Ал екінші жағынан баладан тарайтын ұрпақ әкеден төмен қарай жалғаса береді. Ағайындықтары жеті атаға толмай жақын-жуықтар бір-бірінен қыз алыспайды. Жеті атаға толғаннан кейінгі күннің өзінде, бір рудың жастары некелесетін жағдай туса, ру ақсақалдары бір пәтуаға келіп, боз биені сойып, баталасып барып рұқсат ететін болған. Ататек атаулары: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Бұдан әрі туыстық атаулар: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат және жамағайын болып кете береді. Соңғы түйіндеуші буын, әдетте, ру есіміне тіреледі. Немесе, керісінше, руынан бастап, сатылап өз әкесіне яки өзіне дейін таратылады. Өз ата-бабасын жеті атасына дейін білу әрбір азамат үшін міндет болған және сол білігі арқылы ол өз халқының дәстүрін жалғастырып отырған. Мұның өзі қазақтардың этникалық ерекшеліктерін танытады, әрі оның қиын-қыстау кезеңдерде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимиляцияға түсіп кетпеуіне себепші болған. Жеті ата мен ру шежіресін білу көшпелі қоғамда өмір сүрген қазақтар үшін өмірлік қажеттілік болды. Жеті атадан үш жүзге дейінгі біртұтас туысқандық бітім бірнеше ғасырлар бойы «қазақ халқы — бір атаның баласы, бір тамырдан тараған» деген ұстанымды орнықтырған.
Жеті атасын тарата білу арқылы әркім көрші рулармен байланысын білген, сөйтіп, бүкіл қазақтың біте қайнасқан туыстығына көзі жеткен. Сөйтіп, жеті аталық ұстаным қазақ халқының этнобиологиялық, этномәдени, жалпы рухани тұтастығын табиғи түрде қамтамасыз еткен. Жеті аталық ұстанымға негізделген туыстық байланыс институты әрбір казақтың білмекке деген ынтасын оятқан. Жеті атасын, руы мен жүзін білген соң, қазақтар туған жерінің кез келген шалғайында өзін туысқандарының ортасында жүрген алып бір жанұяның мүшесіндей сезінген. Нәтижесінде біртұтас отбасы секілді ұлттың біртұтас зердесі қалыптасып, жер басып жүргендер ғана емес, жадта сақталған баяғы ата-бабалар да тірілердің санасында тірлігін жалғастырған. Халықтың мұндай зердесі әрбір қатардағы далалықтың тарихты айқын елестетіп, жан-жүрегімен сезінуіне себепші болған. Жеті аталық ұстаным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың құлағына күн сайын бабалары туралы тек жақсылықты құйып, рухани тектілікті дәріптеп, ұлттық сенімін орнықтырған. Бабалар рухы — аруақтың күн сайын желеп-жебеп отыратындығы туралы сенімін тудырған. Сөйтіп, Жеті ата институты қазақ халқының өткеннен болашаққа деген сенімін мың сан ұрпақтар арқылы сабақтастырып отыратын тетік ретінде танылған. Жеті аталық ұстаным бабалар рухы алдында әрбір қазақ пен бүкіл халықтың іштей жауапкершілік сезімін оятқан. Осы ұстаным аясында қазақ өмірінің моральдік кодексі, салт-дәстүрі мен тыйым-жораларының негізі қаланған.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062