Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасына тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейді. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме сөздерді (парсы және араб тілдерінен енген) айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
АУЫЛДЫҢ АЛТЫ АУЫЗЫ – дәстүрлі қазақ қоғамында үйге келген қонақты қолқалап, «қонақкәде» айтқызудан бұрын ауыл адамдарының, үй иелерінің өздері айтып беретін өлең-жыры. Қонақ тамағын ішіп, тынығып алған соң, ауыл тұрғындары ауылдың алты ауызын айтып, қонақтың көңілін көтеруге тырысады, одан кейін кезекті қонаққа беретін болған. Ал қонақ не ән айтып, не домбыра тартып «қонақкәдесін» жасауы шарт. Кәде орындалған соң, ән айту үлесі өнерпаздарға тиіп, отырыс ойын-сауыққа ұласып отырған. Қазіргі кезде бұл дәстүр, негізінен, ауылдық жерлерде сақталып келеді.
БАРМАҒЫН ЖАЛАУ (ғұрып). «Ықыласыңызға қарай келдік, бармағыңызды жалай келдік». («Мірдің оғы»). Құрметті адамды біреу қонаққа шақырғанда оның жанына бір-екі жігіт шақырылмаса да ере барып, үй иесіне: «Біз пәленшекеңнің бармағын жалауға келдік» дейді. Мұның қазақ ғұрпында еш ерсілігі жоқ, керісінше, шақырылған қонақтың құрметін көтеру болып есептеледі. Кейде үй иесі өзінен кіші адамдарға «біздің үйге пәленше келеді, сендер соның бармағын жалаңдар» деп те ескертпе жасайды. Бұл – арнаулы шақыру болса да, өзінен кішілермен сыйласудың, құрметтеудің белгісі. Ұлт дәстүрінде адаммен сыйласудың, қатынастың мұндай жолдары көп.
БАУЫРЫНА САЛУ – отбасы дәстүріндегі бала асырап алудың бір түрі. Ата-әжелер тұңғыш немересін немесе үйдің үлкен ұлы өзінен кіші бауырының үлкен баласын қолына алып, асырап бағып, өз баласындай тәрбиелеп өсіреді. Бауырына салушы адам баланы өз ата-анасынан ажыратпайды, баланы екі үй де тең өсіріп әлпештейді. Әдетте үлкен кісілер мұндай баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, оларды өнегелі азамат етіп өсіруге, жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге ықпал жасайды. Ержетіп, бойжеткеннен кейін баланың өз отбасына оралуға немесе бауыр басқан үйінде қалуға еркі бар. Ата-әженің немерені бауырына басып бала қылып алуы дәстүрлі ортада кеңінен өріс алған. Қолғанат болып, былдыр тілімен ата-әженің көңілін аулайтын бала үлкен кісілердің тағылымынан нәр алып, өсе келе нағыз халықтық тәрбиені бойына сіңірген, өнегелі де тәлімді ұрпақ болып өсіп жетіледі. Бір ғана баласы бар ағайын кейде жалғызыма серік болсын деп жақын туысқанының баласын бауырына салып асырап, өз баласынан кем қылмай өсіреді. Ал баласы тұрақтамай, өмірдің талқысын көріп жүрген кейбір ағайын ақжолтай болсын деп ырым қылып туыс адамның баласын бауырына салады. Нәсіп қылып, кейін өз балалары болса, «баламның алды, тұңғышым» деп бауырына салған балаға ерекше назар аударып, «майтабаным» деп еркелетіп ұстаған. Бауырына салу – дәстүрлі ортада ағайын-туыстар арасында ғана емес, ру-қауым деңгейіндегі әлеуметтік байланыстарды нығайтатын институционалдық мәнді ғұрып.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы бірнеше санында қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөліммен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062