Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасына тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме сөздерді (парсы және араб тілінен енген) айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың бөлім-бөлімнен тұратын әдет-ғұрып ишараларының бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
Әдет-ғұрып. Белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік ортада пайда болып, кейіннен сол ортада тұратын адамдардың мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігінің бұлжымас қағидаларына айналып кетіп отырған. Қазақы әдет-ғұрыптар көшпелі тұрмыстың дәстүрлі дүниетанымынан бастау алады. Ал ол жеке тұлғалардың, отбасылары мен белгілі бір деңгейдегі әлеуметтік топтардың мінез-құлқын қалыпқа салып қана қоймай, қауымішілік тұтастық пен ұлттық мүдделікті нығайтуға да септігін тигізген.
Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір, бір зат беріп, құтты болсын айтады.
Базарлық әкелу. Алыс сапарға шыққан, қыдырып қайтқан, сауда жасап келген адамдар туған-туысқандарына, көрші-көлемдеріне, дос-жарандарына ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеліп береді. Мұны «базарлық» деп атайды. Ол – жақсы көргеннің, сыйлағанның белгісі.
Бастаңғы жасау. Үлкендер жолаушылап кеткенде, үйде қалған жастар өздері бас қосып (келіндер, абысындар, күйеулер, балдыздар болып) немесе замандастарын шақырып ойын-суық өткізеді, әңгіме-дүкен құрады, әртүрлі дәмді тағамдар жасап ішеді. Бұл әдет-ғұрыпты «бастаңғы жасау» деп атайды.
Бәсіре атау. Ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап жас төлге ен салады да, оны «бәсіре» деп атайды. Бәсіре аталған төл өскен соң сол баланың қажетіне, тойына жаратылады. Оны ен салып, малды таңбалаумен шатастырмау қажет.
Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын туған-туыстары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.
Ен салу. Малдың құлағын тіліп, немесе оны ойып белгі – ен салады. Ол малын табу, жоғалып, басқа малмен араласып кетсе, тану үшін жасалады. Енді әр құлақтың алды-артына алмастыра салу арқылы мынандай түрлерін жасайды: тілік ен, бұрыш ен, кез ен, қиық ен, құмырсқа ен, тесік ен, кесік ен т.б.
Енші беру. Ата-анасы баласы балалы болғаннан кейін «енді өз күндерін өздері көре алады» деген сеніммен отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен мүлік бөліп береді, ыдыс-аяқ сыйлайды. Оған келіннің төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шыға келеді. Мұны «енші беру» деп атайды. Ата-анасы қайтыс болса, олардың малы мен дүние-мүлкі қалған ағасы інісіне еншібас беруге тиіс. Әке орнында әке болып отырған ағасының ата-анасынан қалған мұраны бауырына басып алып, оның бар рақаты мен қызығын өзінің ғана көруі – тасбауырлық. Ондай аға кейін інісі өз бетінше күн көріп, бақ-дәулетке ие болғанында «інім маған, балаларыма қараспайды» деп күңкілдемеуге тиіс. Кейбір ата-ана балаларының еншібасын алдын ала бөліп атап қояды.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы бірнеше санында қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөліммен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062