Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейміз. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (әсіресе орыс, парсы және араб тілінен енген) сөзден көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «ысырап» және «әлқисса» сөзін алып отырмыз.
ЫСЫРАП. Қазақта «ысырап сараңдықтан да жаман» деген сөз бар. Ысырап мал-мүлікті жою, зая кетіру, мүшкіл халге түсіру, рәсуа ету, дінге де, дүниеге де пайдасыз етіп жұмсау дегенді білдіреді. Ысырап жайында хадистерде де өте көп айтылған. Мәселен, Хадис шәрифте: «Үнемдеген адам қиыншылық көрмейді» (Табарани), «Үнемдеу тіршіліктің жартысы» (Хатиб), «Күн көрісте үнемдеу, пайғамбарлықтың жиырмадан бірі» (Әбу Дауд), «Қияметте барлық адамдар мына төрт сұраққа жауап бермейінше, есептен құтыла алмайды:
1) Өмірін қалай өткізді?
2) Ілімімен қалай амал етті?
3) Мал-мүлкін қайдан қалай тапты және қайда жұмсады?
4) Денесін қайда шаршатты, қайда тоздырды?» (Тирмизи)
Ысыраптың көлемі қаншалықты көп болса, адамның көрер жаманшылығы, шегер зардабы да соншалықты көп болады екен. Сондықтан кіші деп саналған нәрселерді біріктіргенде үлкен сандар шығатынын естен шығармаған абзал. Оған дәлел ретінде минутына он тамшы су жіберетін краннан айына 170 литр су далаға кететінін айтсақ та жеткілікті. Жыл он екі ай құрғақшылықтың зардабын тартатын елдерде мұнша су бір күнде 70-80 адамның қажеттілігін өтеуге жетеді екен.
ӘЛҚИССА. Қазақтың көне сөзі болғанымен, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін сөздер қатарына жатады. Қазақтар «әлқисса» деп әр істің, әр әңгіменің бастауын, негізін, діңгегін айтқан. Мысалы, арада жылдар өтсе де, іс оңалмаса, әр жасаған жұмыс зейнетке емес, керісінше бейнетке әкеп соқтырса, адамдар жаңаны енгіземіз деп, ескіге зар болып қалған жағдайда «әңгіменің әлқиссасы» деп бастаған. Қазақтың дәулескер күйшісі, композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» деген күйі бар.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің келесі санында «тәңір» және «күпірлік» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062