Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, «халық арасында тез тарап кетуіне не себеп» деген сұрақтарға жауап іздейміз. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (әсіресе орыс, парсы және араб тілінен енген) сөзден көп нәрсе жоқ. Бүгінгі санда біз «иншалла» және «ақым-ақырет» сөзін алып отырмыз.
ИНШАЛЛА. Діни сөз (араб тілінен енген). Қазақшадағы аудармасы «Алла қаласа», «Құдай қаласа», «Алланың қолдауымен» деген мағына береді. Бұл сөз бір нәрсеге таңғалысқанда, іс оңынан туып қуанғанда, бір жұмысты бастар алдында айтылады. «Иншалла» сөзін айтқан адам қысқа дұға оқығандай болады. Әр елдің мұсылмандары бұл сөзді «Машаллах, Иншаллах» деп те айта береді. Мұсылмандар бұл сөзді бөтен ортаға тап болғанда өзінің мұсылман екенін білдіру үшін, өзге мұсылман бауырлармен жылы қауышып, танысу, білісу және пікірлесу мақсатында айтады.
АҚЫРЕТ. Бұл сөз – «соңғы» деген ұғымды білдіріп, тіршіліктің соңғы уақыты келгенін аңғартатын діни термин. Аят пен хадистерде ақырет, қиямет, ақырзаманның күмәнсіз болатыны жазылған. Қиямет-қайым Исрафилдің (а.с.) бірінші рет Сурға (сүр) үрлеуімен басталып, екінші Сурға үріліп, Аллаһтың құзырына барғанға дейінгі аралықты қамтитын кезең. Қиямет күнінің қашан келіп, қалай болатындығы тек Аллаға ғана аян.
АҚЫМ. Жан ақымның құдығы әдетте оңтүстіктен солтүстікке қарай ұзын төрт бұрыш формасында болады (ұзындығы 2.5 метр, ені 1.8метр, тереңдігі 2 метр болуы тиіс). Батыс керегесінен адам сыятындай ішкі жаққа қарай тесік қазылады. Ақымға бір кісі көсіліп жатса – басы мен аяғы, ал малдас құрып отырса төбесі тимейтіндей етіп қазылуы керек. Төбесі бесік формасына келтіріледі. Ақыммен құдықтың арасындағы керегенің диаметрі 0.5 метр болуы керек. Кей жерлерде ақым мен құдық арасындағы кереге берік болуы әрі мәйітті алып кіруге қолайлы болу үшін құдық шығыстан батысқа, ұзын төрт бұрыш болып та қазылады.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің келесі санында «ақшам» және «құбыла» сөздерінің мағынасын ашып беруге тырысамыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 (727) 3 888 062