Ассаламу алейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Біздің мешітімізде намазхан жамағатымыздың әйеліне жын ғашық болып қапты, бауырымыздың айтуынша жын мектептен 3-сыныптан бері бірге жүрген екен. Ол оны әйелі арқылы сөйлесіп біліпті. Енді сауал ол жын әйелімен төсектік қатынасқа түсе ме? Себебі әйелінің оған жақындаспай қашып жүргеніне 3 ай болып қапты. 3 айдан бері бауырымыз жұмысына бармай, қызғанып жүр екен. Бауырымыздың айтуынша әйелінің жыны оны төсек қатынасынан бөліп жүрген сияқты. (Қайыржан Шыңғыс )
Уағалейкумассалам уа рахматулла бауырым!
Сауалыңызға толық жауапты ұсынбастан алдын жалпы адам баласына жынның ғашық болуына себеп болатын жағдайларды айтып өтсек. Біріншіден, жындарды арнайы оқыту арқылы, яғни сиқыр арқылы жіберіп, екі жастың арасын ажыратып, отбасын құлату үшін жасайтын қара ниетті адамдар бар. Бұл жағдайда да жын адамды (ерді немесе әйелді) өзінің жұбайынан алшақтатып, көз алдына көріксіз етіп көрсетіп, жиіркендіріп, жақындатпауға тырысады.
Екіншіден, адам киініп-шешінген сәтте немесе жуыну орнында (монша, ванна, душ) лыпасыз жалаңаш қалған сәтінде сол маңдағы еркек немесе ұрғашы жын адамның тәніне назары түсіп, ғашық болуы мүмкін. Егер осы жағдай нақты орын алған болса бұл сәтте де адамды оның жұбайынан алыстату үшін барлық айла-тәсілдерін «уәсуәс» (санасына сыбырлау) арқылы жасап отырады. Сондай-ақ, күйеуі мен әйелі бір-бірлеріне назар салған кездерінде орталарына тұрып, ұсқынсыз бейнелерді елестетіп, бір-бірінен жиіркендіреді.
Құрметті, сауал жолдаушы бауырым! Жоғарыда аталған себептерді болдырмау үшін Ардақты Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) біршама хадистерін келтіріп өтейік.
Әжетханаға кірер алдын келесі дұғаны айту. «Бисмилләһи. Аллаһым, еркек және ұрғашы шайтандардан сақтай гөр». /«Сахих Бұхари» 1/41/ Тағы бір хадисте: «Жын көздері мен адам балаларының әуреттері арасын перделейтін нәрсе – әркімнің әжетханаға кірерде бисмиллә айтуы», – деп айтылған. /«Сунан ат-Тирмизи»: 2/503/
Адамдардың көзінен жасырыну және киімді жамбас жерге таяғанша шешпеу. Муғира ибн Шуғба: «Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әрі жүріп, менің көзімнен жасырынып барып әжетін өтеген», – деп айтқан. /«Сахих Бұхари»: 1/81/
Сондай-ақ, киініп-шешінер кезде де «Бимилләһи» сөзін ұмытпай айту міндет. Себебі, сол сәтте жан-жағындағы жын-шайтандардың назарларына перде тасталып, өзінің әуретін көріп қалмаулары үшін.
Сауалыңыздың ішінде жын мен адамның арасында төсектік қатынас бола ма? – деп сұраған екенсіз. Оған біршама ғалымдар адамның ұйқыдағы сәтінде, түсі арқылы қатынас болуы ықтимал деген пікірді алға тартады.
Соның ішінде кісі әйелімен жақындасқан кезде сүннетте келген арнайы дұғаларды айтпаған болса, олардың қарым-қатынасына жындар да ортақ болуы мүмкін. Мұның алдын-алу үшін Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) төмендегі хадисін келтірсек болады.
Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Ол: «Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
«(Мұсылмандардың) бірі әйелімен жақындасарда: «Бисмилләһ, Аллаһумма, жәннибниш-шайтана уә жәннибниш-шайтана мә разақтана (Алланың атымен, уа, Алла! Менен шайтанды алыстат және Өзің бізге нәсіп еткеннен шайтанды алыстат)» деп айтып, соның нәтижесінде екеуіне перзент нәсіп болса, ол (балаға) шайтан ешуақытта зиян тигізе алмайды», – деді», – деген. /«Сахих әл-Бухари» кітабы, «Неке кітабы» бөлімі, 1768 (5165)/
Қорытындылай келе, жын әсер етіп жүрген әйел де, оның ері де дереу Алладан пана тілеп, үздіксіз дұға мен истиғфарды көбейтулері керек. Сонымен қатар, жын шығаруға қабілетті ғалым, имам-хафиздерге жолығып, мәселенің шешілуіне себепкер болуларын сұраулары қажет.
Болмаса жын-шайтандардың ең басты талпыныстарының бірі мұсылман екі адамның ортасына от салып, ажыратып құрдымға жіберу.
Алла тағала баршаларыңызды панасына алып, рақымына бөлесін!