Бірде бір екі жас көңіл жарастырып отау құрғаннан кейін ата-аналарынан өз еншілерін алып қала шетіндегі бір үйге қоныс аударады. Көшіп келген үйлері жұпынылау əрі тар бірақ, бөлме-бөлме сайын терезе орнатылған жəне бір терезесінен көршілерінің ауласы көрініп тұрады екен. Күн сайын жұбайы терезеден көрші үйдің ауласына үңілсе көрші келіншек далаға жуылған киімдерін жаяды екен. Байқаса жайып жатқан киімдерінің кірі кетпеген лас көрінеді. Бұл жағдайға таңданған жұбайы болған жəйтті үнемі күйеуіне жеткізіп отырады. Арада апта өтеді бірақ көрші келіншек сол күйі далаға жуылған киімдердің кірі кетпеген күйі жаюын тоқтатпайды. Бірақ күндердің күнінде жұбайы əдеттегідей көршісінің ауласына үңілсе көрші келіншектің бұл жолы жуылған киімдерін тап-таза қып жайып жатқанын көреді. Дереу күйеуіне қарап:"Отағасы, көрші əйел үнемі жуылған киімдерін кір күйінде жаюшы еді бұл жолы киімдері тап-таза екен",-дейді таңданысын жасыра алмай. Сонда күйеуі:"Жаным, негізінде мен тереземізді тазалап қойып ем сондықтан бүгін көршінің не істеп жатқаны саған бұрынғыдан анық көріне бастаған ғой",-деген екен.
Иə, асылында көрші келіншек аулаға үнемі жуылған киімдерін тап-таза қып жаятын-ды. Бірақ жас жұбайлар терезелерінің ластануы себепті көршілерінің киімдерін анық көре алмай ласқа балаушы еді. Кінəлі көрші емес кінəлі лас терезе болып шықты. Сол секілді бізде кейде көңіл тереземіздің ластануынан айналамыздағы адамдардың іс-əрекеттеріне бұрыс баға беріп, сынға алып жамандап жатамыз. Негізінде олардың іс-əрекеттері дұрыс болуы мүмкін, бірақ біздің ластанған жан дүниеміз бəрін жаманға балап, айналамыздағы болып жатқан жағдайларды дұрыс қабылдай алмай кінəмшіл боп кетеді.
Замананың ұлы ғұламаларының бірі əрі бірегейі: "Адам айналасына өзінің "жүрек линзасы" арқылы үңіледі. Егер сол линзаны күнəнің ыс-шалаңы ластаса, адам міндетті түрде айналасын күңгірт, қараңғы ғып көреді. Ал "жүрек линзасы" сафтай таза болса төңірегін ап-анық қып көрсетеді", – дейді. Расымен, адамның көңіл сарайы күнəнің ыс-шалаңымен былғанып, "жүрек линзасын" кір шалғанда айналасындағы адамдардың əрбір іс-əрекеті оған жаман боп көрінеді, тіпті ондай сəтте шайтан жанындағы адамның қарапайым шай құйып отырғанының өзін жек көрінішті қылық ретінде қабылдатады. Ондай адамдар өзін қоршаған əлеммен тіл табыса алмай, кінəмшіл, пасыққа айналып төңірегіндегі адамдармен жөндеп сөйлесе алмас менменге айналады. Өзінің көңіл сарайының ластанғанымен шаруасы жоқ үнемі айналасындағылардан қате іздеуден қолы босамайды.
Иə, жүрек тазалығы ең маңызды мəселе. Себебі жүректің менмендік, тəкəппарлық, пасықтық, қызғаныш, кінəмшілдік сол секілді тағы басқа да аурулардан ада болуы ол адамның толық адам болуына жол ашып, кемелдікке қадам бастырып ел арасында "жақсы адам" атандырады. Ислам ғұламаларының да ақыл жүректе деуінде мəні терең сыр жатса керек. Себебі жүрек адамның іс-əрекеттерінің басқарушысы. Ал таза жүрек əлбетте адамды дұрыс жолмен жүргізбек. Осы орайда ақиық елшінің (с.ғ.у) мына бір хадисі ойға оралады. Пайғамбарымыз (с.ғ.у):"Адам денесінде бір кесек ет бар емеспе еді?! Егер ол сау болса бүкіл дене сау болады, ал егер ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Əлбетте ол жүрек емес пе?!,-дейді.(Бұқари, Мүслім) Иə, пайғамбарымыз (с.ғ.у) айтқандай сол жұдырықтай жүрек түрлі аурулардан сау болса адамның бүкіл іс-əрекеттері дұрыс жолға бағытталмақ, керісінше ауру жүрек адамды хайуаннан да төмен етіп жібермейді ме?! Əлбетте жоғарыда келтірілген хадистің мағынасы бұдан да тереңде жатқан болуы мүмкін. Дегенмен ұстаздардың ұстазы ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.у) жүрек тазалығы жайлы айтқан бұл хадисінің бір парасы біздің қозғап отырған тақырыбымызға сай келіп тұрғандай.
Қасиетті Құран Кəрімнің "Шұғара" сүресінде: "Ол күні мал-мүліктіңде бала-шағаныңда еш себі болмайды. Тек Алла Тағаланың құзырына сау жүрек, пəк көңілмен барған адам ғана ( пайда көреді)"(88-89 аяттар),-деген аят бар. Ибн Кəсир, Жəлəлин жəне тағы бірқатар тəпсір ғалымдары аталмыш аяттағы "сау жүректің" астарында екі мағына бар деп білген. Бірі ширктен ада жүрек болса, екіншісі түрлі рухани ауруларға шалдықпаған "сау жүрек" .
Сондықтан кімде-кім өзінің бойынан қандай да бір жағымсыз қылықты байқаса жүрегінің линзасын ыс шалды деп білсін. Ондай жандар өз-өзіне сынмен қарап, бойындағы мінді санап, рухани аурулардан арылу жолында өз кемшіліктерімен тұрақты түрде жұмыс жасауы тиіс.
Сөз соңын Хəкім Абайдың мына бір шумақ өлеңімен түйіндейік:
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сəулесі.
Іштегі дертті қашырса,
Адамның хикмет кеудесі."
Абайдан асып не айта аламыз. Кеудеміздің хикметке толғанын қаласақ "жүрек линзамызды" таза ұстайық ағайын!
muslim.kz
(Тақырыбы өзгертілген)