– Жұмақ та, тозақ та ананың табанының астында. Үмбетіңе айт, жұмақ іздесе үш қыз тапқан ананы қадірлесін, – дейді Жебірейіл. Пайғамбар:
– Үш қыз таппаса ше? – деп сұрады.
– Екі қыз тапқан ананы қадірлесін.
– Сонан кейін?
– Бір қыз тапқан ананы қадірлесін.
– Қыз тумаған ана болса ше?
– Онда ұл тапқан ананы сыйласын.
– Баласы жоқ әйелдердің жайы не болады?
– Алла пейіштің шарапатын ерін сыйлаған әйелдің табанының астына жасырды.
– Ерге тимеген қыздың қадірі қаншалықты қымбат?
– Олардың иманы мен әдебі таразыға түседі. Көркем мінезі мен әдемі иба қылығы оларды басқаларға теңестіреді.
– Үмбетіме: «Анаңды, әйеліңді, қызыңды, құрметте, сыйла» деп айтайын. Ал ер-азаматтың құрметі қаншалықты болмақ? – деп сұрады.
– Ер-азаматты сыйламаған Құдайға қарсы келгенмен бірдей. Ұлық Құдай Адам атаны жер бетіне орынбасар етіп жаратқан. Ол – отбасының иесі. Таразы-мизамда да сұрақ алдымен ерден басталады, – деді періште.
Пайғамбар қолын жайып:
– Иә, Жасаған ием! Менің еркек кіндік үмбетімді пасық, жасық, намыссыз, қайратсыз, жігерсіз, жеңілтек, қорқақ болудан сақта. Олар ер-азамат атануға лайық болсын! – деп дұға жасады.
Сияр Шәріп