Әссәләмуғалейкум! Бір қыз бірнеше рет зина жасаған екен. Сол қызды намазхан бауырымыз өзіне қалыңдық еткісі келеді. Ол әрекеті күнә емес пе? Олардың некелері дұрыс бола ма? Шариғат бойынша үкімі қалай? Жігітке қандай кеңес берер едіңіздер? Алла сіздерге разы болсын! Нұрбол
Уағалейкум ассалам, Нұрбол! Зинаға барып қойған қызбен жасасқан неке[1] шариғат тұрғысынан неке болып есептеледі. Неке қиылғаннан бастап, өзара жұбайлық міндеттер бұларға да жүктеледі. +
Дегенмен, үйленгісі келген жігіт ардақты Пайғамбарымыздың мына кеңесін ешқашан ұмытпауы керек. Ол (с.а.у) былай дейді: «Әйел кісіге төрт нәрсеге қарап үйленеді: байлығына, тегіне, әдемілігіне және дініне. Ал, сен діндар (тәрбиелі, пәк, ибалы, тақуа) әйел затын таңда, береке табасың».
Сондай-ақ, Ұлы Жаратушы Иеміз, бүкіл әлемнің Раббысы Алла тағала: «Пұтқа табынушы әйелді қанша ұнатқанымен де, ондай әйелден иман келтірген күң артық...»[3], – дей келе Алладан қорқатын, иманды қыздың артықшылығын баса айтуда.
Ендеше, сіздің әлгі досыңызға айтар кеңесіміз, болашақ жары ретінде діндар әрі ибалы қызды алғаны дұрыс. Бұл оның берік әрі берекелі отбасы құруына септігін тигізеді.
Бірақ сіз сұрап отырған қыз егер тәубесіне келіп, намаз бастаған болса және өткен қателігіне шынайы өкінген болса, ол – басқа.