Жаңа технологиялардың дамуы экстремизм мен терроризм идеологтарының дінді пайдаланып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал етуіне жол ашты. Жастар өздерінің әлеуметтік-психологиялық, физиологиялық және демографиялық ерекшеліктеріне байланысты экстремизм мен терроризм идеологиясының құрбанына айналды. Радикалдардың назарына көбіне 16-30 жас аралығындағы азаматтардың түсуі таңқаларлық жағдай емес, себебі жастардың өзін қорғау инстинкті, әлеуметтік жауапкершілігі төмен болып келеді. Сонымен қатар радикалдар жоғары білімі бар, әсіресе құрылысшылар, мұнайшылар, химик, дәрігер, ауыл шаруашылығының мамандары, IT, физиктер, аудармашы мамандарды да арбауға тырысады. Өйткені қандай да бір террористтік актілерде де, соғыс алаңында болсын аталған маман иелерінің атқарар маңызы өте зор.
Бүгінгі таңда заманауи технологиялардың уақытында, еліміздің әрбір азаматының әлемдік интернет желісіне қосылуына мүмкіншілік жасалған. Кез-келген мектеп оқушыларының қолында смартфон бар. Дәл осы жағдайда ата-аналар мен оқытушылар сақ болмаса, интернет желісі жастарды радикализациялауға белсенді қолданады. Кейбір компьютерлік ойындар, әлеуметтік желілердегі кездесетін көптеген топтар, соның ішінде суицидтік, дәстүрлі емес діни, жалған діни бірлестіктер мен неше-түрлі субкультураны насихаттайтын сайттар қоғамға және жастардың өміріне қауіп төндіреді. Елімізде арнайы органдар тарапынан экстремисттік сипаттағы интернет желісіндегі материалдар жабылуда, бірақ жастарға сол ақпарат жетпей жатып, әрбір ата-ана баласына мұқият қарап, қандай ортада, қандай адамдармен араласып жүргенін, интернеттен қандай ақпарат алып жатқанын тексеріп отырғаны абзал.
Бұл орайда қазіргі уақытта мемлекеттің құзырлы мекемелері экстремистік ұйымдардың және олардың идеологтарының қызметін айқындап, тыйым салу бағытында ықпалды шаралар қабылдауда. Сонымен бір мезгілде ақпараттық-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізіліп, әртүрлі дін өкілдері арасында сұхбат орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Рухани-ағарту және тәрбие жұмыстарының сапасын көтеріп, тиімділігін арттыру үшін біз қазақ халқының рухани құндылықтары мен дәстүрлерін, қазіргі жастардың еліктеуіне лайықты танымал тұлғаларды белсендірек насихаттауға тиіспіз.
Биыл тұңғыш президентіміздің бастауымен жусан-І, жусан-ІІ, жусан-ІІІ операциалары аясында елімізге Сириядан 500 ден аса қандасымыз қайтарылғанын білеміз. Оның басым бөлігі балалар мен әйел кісілер. Бұл жағдайды қоғамның бір бөлігі қуана қолдаса, екіншісі күмәнмен, қорқынышпен қабылдады. Халық көкейінде болашақта бұл кісілерден қауіп төнбейтініне кім кепіл деген сұрақ туындады. Ия рас, мысалы Ресей және басқа да мемлекеттерде Сириядан қайтып келген азаматтар қоғамға теріс әсерін тигізген, ал әйелдер бала-бақшаларда тәрбиеші қызметін атқарып, балалардың санансын улаған жағдайлар тіркелген. Бірақ біздің елімізде арнайы оңалту орталықтары құрылған. Мемлекет өзіне жүктелген әлеуметтік функциясын толығымен орындауда. Қайтарылған азаматтармен ең мықты мамандар жұмыс істеп, қоғамға бейімдеп шығарады. Ол кісілер әрдайым ерекше бақылауда болады және кінәсі анықталған жағдайда заңға сай қатаң жауапқа тартылады.
Арнайы статистикаларға сүйенсек, елімізде соңғы 3-4 жылда деструктивті діни ағымдардың арасына өткен адам саны едәуір азайған. Бұл көрсеткішке себеп қоғам діни, саяси сауаттануда. «Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризсге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығы тарапынан мемлекеттік органдар қызметкерлерінен, ғылыми дәрежесі бар мамандардан, сарапшы-дінтанушылардан, заңгер-психологтардан, қоғам қайраткерлері мен діни конфессия өкілдерінен құралған ақпараттық-түсіндірмелік топтың (АТТ) құрамы құрылған болатын. Бұл құрам мүшелері Алматы қаласының барлық әлеуметтік топтарын, мектеп оқушылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындары студент жастары, мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік қорғау мекемелері, медицина қызметкерлері, әкімдік құрылымдары және т.б. әскери қызметкерлер, жауынгерлер, әскери оқу орындарының курсанттары, сауда орталықтары мен түзету мекемелеріндегі жазасын өтеушілер арасында дәрістер, кездесулер өткізетін ақпараттық-насихаттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Мониторинг және талдау орталығы» Алматы қаласында биыл 600 іс-шара ұйымдастырылып, 100 мың адам қамтуды жоспарлап отыр.
Әліп Тұрсынғали, дінтанушы, магистр, Алматы қаласының Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі