«Әркімнің жанұясы – өзінше бір әлем. Ол әлемнің тіршілігі мен бақыты ер кісінің адалдығы, жанашырлығы, ерекше мейірімі және әйелдің көрсетуі қажетті шынайы, байыпты әрі опалы құрметімен жүзеге асады».
Мұсылман ғалымдары тілге тиек еткен осы бір сөз отбасылық өміріміздің әрбір сәтінде біздер үшін дауа іспетті. Осы секілді отбасылық өмірімізге қажетті төрт сиқырлы нәрсе де бар: «Мақтау, алғыс білдіру, күлімсіреу және тәуекел». Осы тылсым сөздер тек жұбайлар арасындағы қатынастарда емес, адами қатынастарда да аса бір маңызға ие. Отбасында тіптен өміршең қағида деуге болады. Мұсылман психологтар бұл сөздерді дәріге ұқсатып, отбасылық өмірде жұбайлар арасындағы дүрдараздықтарды шешуде осы ұғымдарға жүгіну керектігін ұсынуда. Қаласаңыздар, мақтау, алғыс айту, күлімсіреу және тәуекелдің жанұямызға әсеріне бір қарайық.
Жұбайлар бір-бірін әркез көтермелеп, мақтап отыруы тиіс, сонда жақсы істер еселеніп жалғаса түседі. Жұбайлардың бір-біріне деген сыйластығы мен жанқиярлықтарына алғыс білдіруді, түптеп келгенде, адамгершілік пен сыпайылықтың талабы.
Неге десеңіз, Адамзат мақтаулысы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) адамға рақмет айтуды білмейтін жанның Аллаға да шүкір етіп жарытпайтынын ескертеді. Осы ақиқат жанұяларымыз үшін де қажетті. Жұбайлар бір-бірінің жақсы жақтарын мақтап отыруы тиіс, сонда бұл жақсы істер еселеніп, жалғаса түседі. Мүмин әйел ерінің жасап жүрген істерін бағалап, мүмин ер кісі де үйдегі шаруаларды реттеп, балаларды имандылыққа баулып отырған жұбайын мақтап қоюы керек. Айталық, 20 жыл бойы күнде кешкісін күйеуіне ас әзірлеген бір әйелді ойлайық. Күйеуі бұған дағдыланып алғандықтан мән бермейді де. Оның ойынша, бұл мақтауды қажет етпейді, өйткені жұбайының күнделікті міндеті. Шынтуайтында, кешкісін әйелінің қолын алақанына салып отырып: «Сен тура 20 жылдан бері кешкі асты дайындап келе жатырсың. Алла қолыңа қуат берсін. Өзіңе бір рақмет айтып қояйын» десе, әйелінің көңілі өсіп, ертесі күнгі кешкі асты одан да үлкен ынта, махаббатпен әзірлейтін болады.
Tәуекел – жұбайларды бір-біріне жақындатады
Өмірдің әр сәтінде тәуекелге жүгіну – иманның талабы болып табылады. Жанұяда да кездескен қиындықтарды тәуекелмен қарсы алу – олардың шешімін жеңілдетеді. Өмірде кейде біз не істесек те еркімізден тыс, өзгерте алмайтын жайсыздықтар кездесуі мүмкін. Ауру, өлім, қолдағы дүниесінен айрылып қалу секілді. Барлық іс қалыпты жүріп бара жатқанда, жарыңыз тап болған ауруға тәуекел ете алсаңыз, бұл жұбайларды бір-біріне жақындата түседі. Немесе материалды қиындықтар кезінде де жарыңызбен етене жақын болуыңыз, сол күндер өткенде, қарым-қатынастарыңызды бұрынғыдан да күшейте түсуі мүмкін. Бір нәрсе ұнамағанда, дереу ажырасуға бел буғаннан гөрі тәуекел, сабырмен сол мәселені шешу ең дұрысы. Пайғамбарымыз (саллаллаһу әлайһи уә сәлләм): «Әйелдеріңмен жақсы сыйласыңдар. Егер бір мінезін ұнатпасаңдар, Алла сендерге ұнамаған сол нәрседе көп жақсылық жасырған болуы мүмкін», - деп ой салады. Бұл хадис табиғатынан сезімтал әрі тез өкпелегіш болып келетін әйелдерге күйеулерінің бұрынғыдан да көбірек түсінікпен қарауы қажеттігін көрсетуде.
Араластыққа жол ашатын ең жеңіл жол: күлімсіреу
Сиқырлы тәсілдердің бірі – күлімсіреу. Мұсылман бір психолог ерлі- зайыптылармен жасаған кездесуінде екі жаққа да ұнамайтыны қатулы қабақ екенін айтқан. Өкінішке қарай, күлімсіресек, бір жеріміз кеміп қалатындай болып тыжырынамыз. Анығында біреумен сөйлесе бастағанда сәл ғана күлімсіреуіңіз оның да ашылып, сізге көбірек назар аударуына көмектеседі. Қарым-қатынасқа жол ашатын ең оңай жол – күлімсіреу әрі отбасында да көбірек жылы жүзділік таныту.
Жарылқасын Жарбол
islam.kz/kk/articles/islam-jane-otbasy/jarynyzdy-maqtap-turasyz-ba-1213/#gsc.tab=0