Жәннаттағы әйелдің жағдайы қандай болады?
Жәннаттағы әйелдер үшін Алла Тағала мәңгіліктің бақытын Уәде етеді: «Ақиқатында, Біз оларды басқа жаратумен жараттық әрі оларды ер көрмеген пәк қыздар еттік, күйеулеріне сүйікті, құрбылас еттік» («Уақиға» сүресі, 35-37-аяттар). Бұл аятты тәпсірлеген ғұламалар: «Олар жердегі өмірде қартайып, көріксіз болып қалғанмен, Алла Тағала ол әйелдерді қыздық пәктігімен, махаббатқа тұнған күйінде жаңадан қайта жаратады (Ибн Касир). «Бұл ‒ түрлі жаста дүниеде қайтыс болып, Жәннаттық болған барлық иманды әйелдерге қатысты. Олар өте сымбатты, сұлу болып, күйеулеріне құрбылас, жастары бірдей болады. Олар бір-бірінен разы болып, тәтті тіршілікте болады. А.Саъди» ‒ деп түсіндіреді.
Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Жер бетінде жақсы, ізгі амал істегендері үшін жәннатқа кірген әйелдер, хор қыздарынан да сұлу болады»; «Мына дүниенің салиқалы әйелдері, хор қыздарынан жетпіс мың есе артық болады», – делінеді (Хаббан ибн Хабладан ибн әл-Мубарак риуаят еткен). Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен келесі хадисте, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Жәннатта бір базар бар (мұнда «базар» деп, олар жиналатын мәжіліс орны меңзелген). Оған (Жәннаттықтар) әр жұмада келеді (яғни, олар бұл орынға әр жұманың, яғни аптаның шамасында жиналады. Өйткені Жәннатта күн және түн мен күндіз болмағандықтан, апта есебі де болмайды).Сонда солтүстіктің самалы есіп, олардың жүзі мен киімдеріне шашады (яғни, бұл жел жәннаттықтардың жүзі мен киімдеріне жаннаттың жеріндегі мискті және т.б. игіліктерді шашады) да, олардың көркі мен сұлулығы артады. Сөйтіп олардың көркі мен сұлулығы артып, үйлеріне қайтқанда, оларға әйелдері: «Алламен ант етейік, бізден (кеткендеріңнен) кейін көріктерің мен сұлулықтарың артыпты ғой!» – дейді. (Еркектер де оларға): «Сендер де, Алламен ант етейік, біз (кеткеннен) кейін көріктерің мен сұлулықтарың артыпты!» – деп айтады», – деген. (Муслим)
Алла Тағала бұл дүниедегі иманды, салиқалы әйелдер жәннатқа барғандағы жағдайы туралы «Оларға алтыннан жасалған табақтар және кеселер ұсынылады. Ол жерде көңілдер қалайтын және көздер рахаттанатын нәрселер бар. Әрі сендер онда мәңгі қаласыңдар» («Зухруф» сүресі, 71-аят) деген. Басқа аятта: «Әрі оларға зәнжәбил (сусыны) араластырылған кеседен ішкізіледі, «Сәлсәбил» деп аталатын бұлақтан...» («Инсан» сүресі, 17-18-аяттар) делінеді. Сонымен қатар, Алла Елшісіне (сас) бұйыра: «(Ей, Мұхаммед!) Иманға келген және ізгі амал жасағандарды сүйіншіле: оларға астынан өзендер ағып жататын (Жәннаттағы) бақтар бар. Оларға оның жемісінен бір ризық берілген сайын олар: «Бұл бізге бұрын да берілген еді» дейді. Оларға (Жәннатта) оның ұқсасы беріледі. Әрі олар үшін онда тап-таза жұбайлар бар. Олар онда мәңгі қалады» («Бақара» сүресі, 25-аят) деген.
Ендеше әрбір әйел бойын түзеп, ақылы орныққаннан кейін тура жолда жүруге тырысуы тиіс. Ерлеріміз балаларымыздың анасы, шаңырағымыздың түтінін түтеткен келіншектерімізге әрдайым насихат айтып, Жәннатқа жетелейтін амалдарды көрсетіп отыруымыз қажет. Өйткені ерлер әйелдері үшін де сұралады. Әрі бала-шағаңмен, әйеліңмен бірге қол ұстасып, Жәннатта жүру ең үлкен бақыт емес пе?!
Егер бір Алланың бұйрығын орындап әрі сүннетпен жүрер болсақ, Алла Тағала сөз бергендей: «Міне, сендерге істеген амалдарың үшін мұра етіліп берілген Жәннат – осы» («Әл-Зухруф» сүресі, 72-сүре) деп сүйіншіленеміз.
Айтқазин Рауан, Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы