Жәннатқа жеткізген шопанның дұғасы
Ертеде ауыл тұғындарының барлығына ұнамсыз бір кісі болыпты. Жанына жуып кеткен кісіге өз зиянын тигізіп, соңын жаға жыртысуға дейін апарып, екінші жоламайтындай қылып жібереді екен. Ауыл тұрғындарының барлығы дерлік одан құтылуды қалайтын. Алайда, әлгі кісінің жары өзін қанша ұрып-соқса да еріне қарсы сөз айтпайтын көрінеді. Күндердің бірінде қиқар мінезді көкеміз төсек тартып жатып қалады. Күн өткен сайын дерті асқынып, салмағын жоғалтып, қу сүйекке айналады. Қанша жаман болса да ерінің саулығын тілеп, әйелі әр намазында көз жасын төгеді. Сәске уақытында ерінің жағдайын білуге жанына келгенінде, жансызданған денесінің серейіп қалғанын байқайды. Жұбайынан айрылу кімге жеңіл тисін?
Егіліп ауыл имамының үйіне келеді. Жағдайға қаныққан имам көп ойланбастан: «Еріңіздің еш мешітке келгенін көрген емеспін. Қай көргенімде болсын көрінген адаммен ренжісіп, жаға жыртысып жататын. Ренжімеңіз, күйеуіңіздің жаназасын шығара алмаймын», – деген күтпеген жауап айтады. Шарасыз әйел үйіне келіп, ерінің мәйітін жуындырып, ақ кебінге орайды. Көршілеріне жәрдемдесуге қанша көмек сұрағанымен еш нәтиже шықпайды. Барлығы ат тонын ала қашады. Неде болса ерінің мәйітін жер қойнына табыстауға алып шығады. Әбігерге түскен әйелге жан баласы көмек қолын созуға келмейді. Мәйітті әзер дегенде ауыл сыртына шығарады. Әбден әлі бітіп, шарасыз қалған тұста өзіне қарай біреудің келе жатқанын көреді. Жасы егде тартқан қой бағып жүрген кісі екен. Әйел көз жасын көл етіп, болған жайды баяндап, жәрдем етуін сұрайды. Қойшы кісі мәйіттің қабірін қазып, жерлеп, дұғалар бағыштайды. Әйел болса алғысын жаудырып, үйіне қайтады.
Ертеңіне таң атпай біреу ауыл имамының есігін қағады. Ұйқылы-ояу есікті ашқан имамға: «Бір түстен шошып ояндым. Кеше ғана дүниеден өткен пәленшені көрдім. Ол жәннатта жүр екен. Онысымен қоймай бізге «Мен сендерді кешірдім» деп жымиды», – дейді. Негізінде дәл осы түсті имамның өзі де көрген болатын. Асығыс-үсігіс әлгі бақилық болған кісінің әйеліне келіп, ерінің жаназасын кім оқығанын сұрайды. Әйел ауыл сыртындағы мал бағып жүрген қойшының жерлеуге жәрдемдескенін айтады. Имам жанындағы кісілерді ертіп, қойшының үйіне келеді. Олардың пайымдауынша әулие кісінің үйіне келдік деп біледі. Қойшы қарт қонақтарына сүт ұсынады. Бар жылы-жұмсағын алдарына жайып салады. Имам кешегі мәйіттің жаназасын қалай оқығанын сұрағанда, қойшы жымиып: «Менің жаназа шығаратын білімім жоқ. Алайда, елден көргенімді жасап, жер қойнына табыстадым. Артынша алақандарымды жайып: «Я, Раббым! Үйіме келген әр кісіге Сенің қонағың деп қабылдап, барымды алдыңа жайып саламын. Бүгін, міне, менің қонағым Саған аттанып барады. Жақсы қарсы аласың деп үміттенемін», – деп дұға жасадым...
«Ғафир» сүресінің 60-шы аятында: «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін», – делінген.