"Жалғыз жүрек, сан сауал": Қу дүние ақыретте азабымыз болып жүрмесін...
Отбасы, ошақ қасындағы тәрбие – ұлт болашағының негізі. Ал өзге елдің алдында өрелі ел екенімізді таныту үшін, өзін қазақпын деген әрбір адамның жүрегінде иманы кәміл, ары таза болғаны дұрыс-ақ. Біздің қоғамда тура жолдан тайдырудың басты құралының бірі – парақорлық болып отырғаны даусыз. «Бақара» сүресінің 188-аятында: «Араларыңдағы мал-дүниелеріңді – арам жолмен жемеңдер! Яғни, бір-біріңнің ақыларыңды жемеңдер. Және күнә істегеніңді біле тұрып, адамдардың малдарынан бір тұтамын арам жолмен жеу үшін малыңды пара қылып, әкімдерге апармаңдар», делінген. Бұл – Құран сөзі. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Алла тағала параны беруші мен параны алушыны лағнеттеді» дейді. Осынау нәпсімізге құл қылатын уақыттың жалған екенін біле тұра қу дүние үшін неге соншалықты жанталасады екенбіз. САН САУАЛ.
Алланың рақымына бөленгеннен гөрі, адамның көңілінен аса алмай, Жаратқанға ғана құлшылық ету бұйырылғанымен, бір-біріне құлдық ұрған қоғам етек алып барады.
Мейлі, алтыннан сарай тұрғызып, алтын қазанға ас пісіріп, күміс қасықпен тамақ іш. Алладан әмір жетіп, әзірейіл жаныңды аларда, өзегіңе құрт боп түскен қу дүниенің көк тиын құны болмайтынын ұмытпайық. «Аңыз түбі ақиқат» дейміз ғой, ол рас. Осы орайда, есіме бір қисса оралып отыр. Ертеде төрт құбыласы тең, дәулеті тасқан, байлығы асқан бір адам өмір сүріпті. Бірақ соның бәрінің опа бермейтінін білген ол – жиі- жиі малынан зекет беріп, жетім-жесір, жарлы-жақыбайларға садақасын таратып тұратын сондай бір иманы кәміл жан екен. Қыруар байлығына мұрагер жалғыз ұлы болыпты. Әкесінің тірлігін оңды-солды шаша береді деп түсінген ұлы бұл қылығына аса іші жылымайтын болса керек. Төрінен көрі жақын қалған әлгі қария: «Ұлым дүниеге құл болып кетпесе екен» деп өлерінде қасына шақырып өсиет айтыпты. «Балам, көзімнің тірісінде саған айтқан соңғы өтінішім болсын. Орындауға тырыс. Менің жаназамды шығарушы молдаға айт. Мені мына жыртық шұлықпен жерлесін, бірақ қарсыласа көрмесін», – деп сөзін аяқтап шығарып жіберіпті. Одан кейін көңілін сұрай келген ең жақын досына: «Мен өлгенде молда мен баламның арасында үлкен дау туындайды. Сол кезде мына хатты берерсіз. Оған дейін сіз де ашып оқымаңыз», – деп уәдесін алып, аманатын табыстап, жантәсілім етеді. Жаназасын шығарар сәтте ұлы әке аманатын орындау үшін молдадан жыртық шұлығын кигізіп жерлеуін сұрайды. Имам бұл шариғатқа қайшы екенін қанша айтса да, ұлы бет қаратпай әкесінің айтқанын орындамақ болады. Екеуінің арасындағы тартыс дауға айналып бара жатқан тұста, марқұмның досы екеуін сабырға шақырып: «Дәл осы жағдайдың болатынын біліп, дау үстінде балама мына хатты бер деп өтініш айтып еді», – деп хатты тапсырады. Баласы хатты ашып оқи бастайды. «Соңымда қалған жалғыз тұяғым. Мен сені мынау жалған дүниеде ештеңеден кенде өсірмедім. Не кием, не ішем демедің. Жоқшылықтың не екенін білмей ержеттің. Кейде тіпті менен гөрі саған мал мен байлық жақын көрініп кетті. Мына жалғанның қызығына қызықпай, ақыреттік азығыңды дайындап үйренсін деп осылай жасауыма тура келді. Көрдің бе, ұлым? Қанша байлығым, мал-мүлкім болса да, екі-үш құлаш кебінге оранып, тіпті өзіммен бірге жыртық шұлығымды да әкете алмай барамын. Әкенің малы балаға мал болмайды. Сондықтан менің тірлігімде істегенімдей зекетіңді бер, садақаңды тарат және қайырымды іс істеуге тырыс. Қамшы сабындай қас-қағым ғұмырда дүние емес, жүрегіңе иман жина. Ол сенің ақыреттік азығың», деп жазылған екен хатта. Әкесінің тіршілігінде айтқан соңғы аманатының сырын енді ұққан жігіт асып, тасқан байлықтан өзіне тиесілі еншісін ғана алып, қалғанын мұқтаж жандарға таратып берген екен. Тағы бір хадис шарифте: «Адаммен бірге арғы дүниеге бала-шағасы, мал-мүлкі мен жиған байлығы бармайды. Тек жасаған амалдары ғана барады» делінген. Бұл қиссада осы жалған өмір, қу тірлікте қу дүниеге құл болғанын абырой көріп, мастанып, масаттанып, қарнын сипап жүрген қарынбайлар үлгі аларлықтай үлкен ғибрат бар. Хақ-тағаламыз бізге байлықты, мал-мүлікті пара ретінде пайдаланып, мынау қас-қағым өмірді жалған атақ үшін жанталасып өткізуге бермесе керек. «Судың да сұрауы бар» деген аталы сөзді бәріміз білеміз. Бір жұтым су үшін жауап беретін болсақ, бақытқа жеткізеді деп басымызды айналдырған қу дүние ақыретте азабымыз болып жүрмесін.
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015.