"Жалғыз жүрек, сан сауал": Қайдан келдім? Не істедім? Қайда барам?
Кітап – жан азығы, рухани шамшырақ. Данышпан Абайдың: «Артық білім –кітапта», - деуі сондықтан. Жақсылыққа, ізгілікке шақыратын кітапты жарыққа шығарудың жөні де, сауабы да бөлек. Осы орайда, Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын, ҚР мәдениет қайраткері Жұматай Оспанұлының «Жалғыз жүрек, сан сауал» атты кітабы қалың оқырманға жол тартты. Кітаптың ерекшелегі сол, онда автордың адамды көркем кемелдікке жетелейтін иман мен тәрбие, ар-ождан тақырыбындағы өрелі ойлары мен иллахи өлеңдері топтастырылған. Бабалар аманатын ақыл таразысынан өткізе отырып, кейінгі ұрпаққа жеткізуді алдына мақсат етіп қойған ақын имандылық иірімдеріне терең бойлап, жүрекке түскен сан сауалға жауап іздейді. Орамды ой-толғамдар мен жыр жолдары қалың оқырманның кәдесіне жарайды деген сенімдеміз. Сондықтан бүгіннен бастап, ақын Жұматай Оспанұлының «Жалғыз жүрек, сан сауал» атты кітабынан үзінділер беріп отыруды жөн санадық. Мұқият оқып, зейін қойып зерделеп, пікір білдіріңіз, ойлы оқырман!
Абай жаққан бір сәуле
(алғы сөз орнына)
Негізгі кәсібіміз алдымыздағы ақ парағымыз бен қолымыздағы қаламымыз болғандықтан көрген-білгенімізді көңілімізге түйіп, жүрегімізден өткізіп, жазып қалдыру басты міндетімізге жатады. Әрине, жазғанымызды оқыса, көңілдеріне тоқыса дейміз.
Ана сүті, әке қаны арқылы бойыма берген Алла тағаланың нығметі сөз өнерін тиімді пайдалана отырып, ой-толғамдарымды жинақтап, көзі ашық, көкірегі ояу оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Мақсатым – онсыз да кітап оқылмайтын қоғамда атымды шығарып, атақ алу емес. Ақиқатын айтайын, Алла разылығы үшін, ар-иман қазығым үшін, ақыреттік азығым үшін осындай ойға келдім. Себебі, бұл жинақта имандылық тақырыбындағы шығармаларым топтастырылған. Неге деген сауал да туындауы мүмкін. Қайдан келдім? Не істедім? Қайда барам? Осы үш сауалға толық жауап тапқан кезде қабылдаған шешімім осы болды. Алланың алдынан келгеніміз және сол Жаратқан иеміздің алдына баратынымыз хақ. Осы екі арада не істегеніміз жайлы сұралады екенбіз құдіреті күшті Құдайдың алдында. Сол кезде жүзіміз жарық, еңсеміз биік болып, Алланың рахымын алуымыз үшін амал дәптерімізде сауапты істеріміз көп болғаны керек-ақ. Хақ тағала өзінің пенделеріне жіберген қасиетті Құран Кәрімдегі "Зарият" сүресінің 56-аятында «Мен адамдар мен жындарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым» деген. Бұл аятты тәпсірлеп, талдап беретін дін ғалымы емеспін. Бірақ, өзім Жаратушымыздың хақ бұйрығы болғандықтан оны талқылап, талдауға еш қақымыз жоқ екенін түсіндім. Сөйттім де имандылық иіріміне тереңдей бойлап, осы жолды таңдадым.
Алланы танып, ақиқатқа жол ашуыма хакім Абайдың әлемі үлкен әсер етті. Құдайын танып, құлшылық жасауды өз қазағына аманаттап, жеткізген даналарымыз баршылық. Солардың ішінде аят, хадисті тереңінен зерттеп, зерделеген Абай мұрасының «Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылып» жататыны шындық. «Ойлы адамға қызық жоқ, бұл жалғанда» деген хакім жалғанға алданбай, қу дүниені малданбай Тәңірімізді тануымыз керектігін анықтап-ақ айтып кетті. «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз», – деп тіршілігімізде құлшылығымызды түгендеудің жолын көрсетіп берді. Осылайша ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕККЕ түскен САН САУАЛДЫҢ жауабы иман нұрының айналасынан табылатынын санамызға сыналай сіңірді. Мұны әр адам «Жүрегінің түбіне терең бойлағанда» ғана түсінбек.
Сонымен, әрбір қолға алған игілікті іс өзіңнің атақ-абыройың үшін ғана емес, ең алдымен Алла разылығы үшін жасалғанда сауабы көп болмақ. Пенде емеспіз бе? Қанша дегенмен жақсылығымызбен қатар қателігіміз де жетерлік. Сондықтан, күнделікті өмірімізде жасап жатқан обал-сауабымыздың бірі де сұраусыз қалмайтынын ұққанымыз абзал. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисіне жүгініп көрейікші: «Адам дүниеден өткенде өзімен бірге қабірге үш нәрсесі барады. Оның екеуі кері қайтады да, біреуі өзімен қалады. Қайтатын екеуі жинаған мал-мүлкі мен бала-шаға, туған-туыстары. Қалатыны тіршілігінде істеген жақсы-жаман амалдары». Алланың рақымын алуы мен қаһарында қалуы сол амалдарына байланысты екен. Тағы бір хадисте : «Мына адамдардың амал дәптерлері ақыретте де жабылмайды. Олар : Жария садақа жасағандар (мешіт, мектеп, көпір, жол салып ағаш еккендер). Екінші салиқалы ұрпақ қалдырғандар. Яғни, артынан құран бағыштап, дұға жасап тұрумен қатар өнегелі, тәрбиелі, білімді ұл-қыз өсіргендер. Үшіншісі, пайдалы білім қалдырғандар». Дәл қазіргі жағдайымда қалтасы қалың кәсіпкер емеспін. Сондықтан осы айтқан үш топтың біріншісі болуға қазірше мүмкіндігім жоқ. Алдағыны Алла біледі. Егер болашақта қалтам қалыңдап жатса, әлбетте бір жақсылыққа мұрындық болуға әзірмін. Бірақ, рақымы шексіз Жаратушымыз маған қолымнан келетін екі мүмкіндік беріп отыр. Оның бірі пайдалы ілім. Ғалым болып, әлемді аузыма қаратып, жаңалық ашпасам да, сөз өнері арқылы кейінгі ұрпақтың тәрбиелі де салиқалы өсуіне ықпал ететін ой-толғамдарымды қалдыруды ниет қылдым. Неге бұл жинаққа тек қана имандылық тақырыбын қамтыдым. Өйткені, аталарымыз: «Иманы кеткеннің жиғаны кетеді» деген. Яғни, иман өміріміздегі алтын қазық, асыл қазынамыз екен. Иман екі дүниеде де қорғанымыз болмақ. Неге өмірден өткен адамға «иманы жолдас болсын» дейміз? Неге бір адамның жаманшылығын көрсек «имансыз неме» деп балағаттап жатамыз. Ендеше, иманның адам өмірінен алатын орны ерекше. Сондықтан Жаратқаннан бойымыздағы иманымызды алма деп тілейік. Екінші мүмкіндігім, салиқалы ұрпақ қалдыру. Алла берген көзқуаныштарым бар. Көңіліме деген жұбаныш та осылар. Ендігі арман-мақсатымның бірі – балаларымды тәрбиелі, білімді, өнегелі өсіру. Абай атам айтпап па еді: «Адамның бір қызығы бала деген».
Міне, осындай ойларды санама салып, жүрегімнен өткізгенде «қалың елім қазағыма» аз да болса пайдам тисе екен деген ниетпен кітап шығаруға бекіндім. Бәлкім онның бірі, жүздің оны яки, мыңның жүзі оқыр, санасына тоқыр. Керегін алар, жарамаса қалар. Әйтеуір, Хақтың алдына баратын жолда, ақиқаттың ауылын көрсетіп кеткен «Абай жаққан бір сәуле» сөнбей, айналасына жарығын түсіріп тұрса – ол да үлкен олжа.
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар)