Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Ислам дінінде мүбәрак саналатын – Ережеп айы басталды. Ислам күнтізбесінде қасиетті болған төрт ай бар. Оның үшеуі бірінен соң бірі тізбектеліп келеді. Олар: Ережеп, Шаабан, Рамазан және Зулхижжа. Бұл айлардың қасиеттері Құранда келтірілген.
«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер... Әрі расында Алла тақуалармен бірге екенін біліңдер» («Тәубе» сүресі, 36 аят). Сол үшін де бұл айларға ерекше құрметпен қараған дұрыс болады.
Қайырлы болған Ережеп айы – наурыздың 8-і күні кірді. Бұл айдың қадір-қасиетін бағамдай білу, осы айда Алладан келер игіліктерді дұрыс, тиісті пайдалана білу өте маңызды. Осы Ережеп айы кіретін түн, яғни 7-сінен 8-не қараған түні – Рағайып түні болып есептеледі.
Рағайып түні - бұл рухани берекеге толы, мұсылмандар ерекше қадірлейтін түн болып табылады. Бұл мүбәрак түннің бір ерекшелігі – қасиетті Рамазан айының келетіндігінен хабар беруінде. Ережеп, Шаабан, Рамазан айлары бірінен соң бірі келеді, демек мұсылмандар өз-өзін қадағаласа, бірте-бірте тақуалықтың шыңына шыға алады. Ережеп айының алғашқы жұмасының түніндегі Рағайып түні халық арасында он екі айдың сұлтаны деп танылған Рамазан айын, көңіл мен рухты және сананы кірден, жат ойлардан арылтып, пәк көңілмен бастауға әзірлену керектігін мұсылмандарға паш етеді. Демек, Рағайып түні мұсылмандар үшін рухани салмағы зор қасиетті Рамазан айының келетіндігін алғаш сүйіншілеген хабаршы деуге болады.
Ережеп, Шаабан айларында түрлі құлшылық пен игі істерді молайтып сауапқа кенелсек, екінші жағынан солар арқылы алдымыздағы айлардың төресі рамазанға дайындық жасаған боламыз. Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айда көп қасиетке ие Рағайып түні және жиырма жетінші түні Миғраж сапарына дөп келеді. Миғраж түні Алла қаласа сәуір айының 2-сінен 3-іне қараған түні кіреді. Миғраж, сенімді деректерге қарағанда Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Пайғамбарымыз (ﷺ) пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый - намазды әкелген еді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендер қайырлы үмметсіңдер. Сендерге деген Алланың барлық жақсылықтары бар. Бес уақыт намаздың өзі - Миғраж. Мен Алланың алдында өмірімде бір рет болдым – Миғражда. Сендер Алланың алдында күніне бес рет боласыңдар», - деген. Әрине бес уақыт намазбен.
Пайғамбарымызға (ﷺ) Жәбірейіл періште айтты: – Я Мұхаммед (ﷺ), сенің үмметіңнен болған бес түрлі кісінің жан тапсырар уақыты келгенде Алла Тағала: Менің бұл сүйікті құлдарымның жанын қинамаңдар. Жәннаттың қай есігінен кірем десе кірсін» - деп әмір етер. Жәннат періштелері бұл кісіге құрмет көрсетіп, «мархаба» деп тұрар және рухтары әнбие әулиелермен бір болар». Бұл хадисті естіген хазреті Омар (р.а.) шыдамастан орнынан тұрып: «Я, Расулулла! Бұл бес түрлі адамдар кімдер?» - деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ей, Омар! Бұл бес түрлі адамдардың өздері істеп жүрген тағат-ғибадаттары бар. Оны істеген адамдар сол қауымнан болады:
1. Ережеп айы келгенде нәпіл ораза ұстап құлшылық етуші адам.
2. Алла жолында Отан үшін, дін үшін деп өлген кәміл шахид.
3. Жұма намазын қалдырмаушылар.
4. Насихатшы ғалымдар.
5. Алла Тағаланың дидарына ғашық болған тақуалар», - деді.
Сәубән (р.а.) мына бір оқиғаны жеткізген: Пайғамбарымызбен (ﷺ) бірге кетіп бара жатыр едік. Жолымызда қабірлер болатын. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір кезде қабірлерге қарап, көзіне жас алды. Содан соң маған қарап: «Ей Сәубән, мына қабірдегі жатқан адамдарды қабір азабынан құтқаруды тілеп Алла Тағаладан дұға еттім. Егер де бұлар Ережеп айында бір күн ораза ұстаса немесе құлшылық етсе, яки осы айда дүниеден өтсе, онда бұларға қабір азабы болмас еді», - деді. Сонда мен: «Я, Расулалла! Ережеп айының бір күнгі оразасы қабір азабынан құтылуға кәффәрат болады ма?» - деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Әр мұсылман ең болмаса ережеп айында бір күн нәпіл ораза ұстаса, ғибадат етіп, құлшылық жасаса немесе осы айда бұл дүниеден озса, Алла Тағала ол кісінің амал кітабына бір жылғы ғибадаттың сауабын жазар», - деген.
Ережеп айының қасиеті туралы Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінен артық анық түсінік бола қоймас. Ережеп оразасы басқа нәпіл оразалардың ішіндегі ең сауабы үлкен ораза болып саналады. Бұрындары аталарымыз басында, ортасында, соңында деп үш күннен ұстаған оразалар осы ережеп оразасы. Үш күннен бөліп ораза ұстаудың мүмкіндігі дәл қазір яғни ережеп айына келіп тұр. Осындай сауапқа толы шексіз ғибадатты қастерлеп үш күннен бөліп ұстап бір ай толық ұстаған сауапты амалға асығайық.
Нуров Махмуд қажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы