Жат ағымның жетегінде кетіп, отбасылық өмірден бақыт таппай жүрген нәзік жандар көп. Sputnik Қазақстан тілшісі адал деп қосылған жарынан зәбір көріп, 10 жылдан кейін ғана қатесін ұққан әйелмен тілдесіп көрді.
Жәния әке-шешесінен ерте айрылған. Бірақ басында баспанасы, еңбекақысы мол жұмысы болған.
"Әке-шешенің мейіріміне зәру болып жүріп, болашақ жарым өзімнен үлкен, қамқор болса деп тіледім. Ислам дінінде ер адамды жақсы етіп көрсетеді, мен де сондай дін жолындағы жақсы ер адамды жолықтырсам деп армандадым. Бір кісілер арқылы сондай адаммен таныстым, ол үш күн өткен соң үйленейік деп ұсыныс жасады. Қазіргі күні жастар қиналғанда шығар жол іздейді, сол жолды олар үйден кету деп түсінеді. Мен де солай үйден кеткім келді", - дейді Жәния.
Жәнияның дәстүрлі діннен сауаты болмаған, әртүрлі кітаптар оқып, әркімнің айтқанына сенген.
"Некеміз мешітте емес, үйде қиылды. Мен оған сендім, не үшін үйде некеміз қиылды деп сұрамадым. Әке-шешесі оқыған, өзі жеті тілді біледі, сол себепті мен оған сендім. Бірақ қуанышым ұзаққа бармады. Ол мені аларда әйелім жоқ деген. Сөйтсем әйелі бар, ол келіп жылап, шу шығарды. Бірінші әйелін күйеуім тастаған жоқ, үнемі соған кетіп қалады, ал мен төрт қабырғада ылғи жалғыз қалдым", - дейді ол.
Алматы облыстық дін істері басқармасы мамандарының айтуынша, жат ағымның жетегінде кететіндер күн санап артып барады.
"Өкінішке қарай жылдан жылға олардың саны артып барады. Қазіргі таңда жат ағым өкілдерінің әлеуметтік желілерде белсенді қызмет жасауы мұның бірден-бір себебі болып отыр. Біз олармен күнделікті жұмыс жүргізсек те олар өз белсенділігін бір сәтке де бәсеңдеткен емес. Өйткені кез келген жат ағым өкілдерінің артында үлкен саяси күштер тұратыны белгілі және кез келген жат ағым оңай әрі, жеңіл жолды ұсынып, нәпсіге қолайлы жағдай жасау арқылы адамның жүрегіне жол тауып жатады. Ал біз білетін дін жолы оңай жол емес. Оған адамның руханияты өте ауқымды дайындық пен білімді қажет етеді", - дейді Алматы облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерлан Матаев.
Ерлан Жұманұлының айтуынша, жат ағым өкілдерінің ешқайсының тұрақты әрі ғылыми-практикалық білімі жоқ, ең болмағанда халқымыздың қарапайым салт-дәстүрлерін білмейді.
Жәнияға күйеуі тек хадис айтатын кезде ғана келген. Ол хадис тозақ туралы ғана болған. Тозақтан қорыққан Жәния бір көйлекпен ғана жүріп, елмен араласудан, тіпті туыстарына жолаудан қалған. Ақыры туыстары да сырт айналған.
"Олар айтқан тозақтан қорқып жүріп, 13 жылым қалай өтіп кеткенін білмеппін. Сөйтіп жүріп екі балалы болдым, бірінші әйелі де бірнеше бала туды. Мен сол екі баламмен күйеуімді үйде отырып, жеті айлап тосатынмын. Ол адамның бірінші әйелінен басқа бірнеше әйелі болды, нақты санын білмеймін", - дейді адасқан әйел.
Жәния сияқты жат ағымға түскен жақынын айтып, араша сұрайтындар көп.
"Ағам, бауырым немесе туысым дін ұстанғалы бері өзгеріп кетті, мінезінде қаталдық, дөрекілік немесе оғаш қылықтар байқалып жүр, туыстық байланысымыз бұрынғыдай емес, соның себебін немесе қандай ағымға кіріп кеткенін біліп бере аласыздар ма деген секілді сұрақтар қойып немесе арнайы іздеп келіп көмек сұрайтындар бар. Сонымен қатар әртүрлі ақпараттық түсіндіру жұмыстары барысында да осы сарындағы сұрақтар біздің теолог-дінтанушы мамандарға жиі қойылып жатады. Егер осындай оқиғалар болған жағдайда облыстық дін істері басқармасы тарапынан діни кеңес немесе психологиялық, тіпті қажет болған жағдайда әлеуметтік көмек те көрсетеміз", - дейді Ерлан Матаев.
Жәния біртіндеп елмен араласа бастайды, сауатты дін адамдарының арқасында ақыры Жәния күйеуінен безеді.
"Ол не айтса да көніп қаламын, айтқанынан шықпаймын. Сол себепті мен одан қаша бастадым. Мені ылғи ұратын. Оған да талай жыл шыдадым. Ислам екен деп басқа ағымға кіріп, қап-қара болып киініп алдым. Миымды улағаны соншалық, Алла разылығы үшін деп тіпті таза суды қолданудан қорқатын едім", - дейді кейіпкер.
Жәнияның тауқыметі бір бұнымен бітпейді. Жарыққа ұмтылған жалғызбасты ана мешітті паналайды, ол жерден де "қамқор" адам табыла кетеді. Ол да намазхан адам.
"Мешітте кездестірген адам "бар жағдайыңды жасаймын" деп артымнан қалмады, мен оған сендім. Өйткені мен құл болып үйренгенмін, менде құлдық сана қалыптасқан. Бұл адамның бірінші әйелі тоқал алуға рұқсат берген, кейіннен менің жас екенімді көріп, бәйбішесі "таста мына әйелді" деген. Бұл адам да біраз уақыт күйеуім болып, сосын тастап кетті", - дейді Жәния.
Жәния осылай жүріп үш күйеуге тиеді. Әрқайсының әртүрлі азабы болған. 13 жыл бойы қараңғы өмір кешкенін кеш түсінген. Талақ айтып тайып тұратын діншіл күйеулерден соң, енді күйеуге тимеймін дейді адасқан әйел. Жәнияның айтуынша, өзі сияқты адасып жүрген қыздар қоғамда өте көп.
"Сақал өсіріп, намаз оқыса болды, Алла жолындағы адам деп сенеміз. Мүлдем олай емес. Ондай еркектер бірінші әйелдерін жамандаумен болады. Мешіт жағалап жүрген қыздар ондайларға өте көп алданады. Бірінші әйелдері де біз сияқты бақытсыз жандар. Оларда екі әйел ғана емес, 5-7 жеті әйелге дейін болады. Бәрін талақ айтып тастап жүре береді", - дейді Жәния.
Адам психологиясын, жан дүниесін, қалыптасқан өмір салтын өзгерту өте қиын. Ол үшін өте қажырлы, әрі тұрақты байланыс пен өте тәжірибелі білім қажет, дейді дін істері басқармасының мамандары.
"Бізге көбіне олармен байланысқа түсу қиындық тудырады, өйткені сізді адасқан деп есептейтін адамға өзіңнің дұрыс адам екендігіңді дәлелдеп, оның сеніміне кіру өте қиын. Одан кейін жат ағым өкілдерінің санасын жаулаған жат идеяларды тазалау кезіндегі олардың қатып қалған қағидаларын өзгерту терең білім мен тәжірибені қажет етеді. Сондықтан бұл қызметке екінің бірі келіп, істеп кете алмайды, әрі көбінің батылы жете бермейді. Осы тұрғыда бізге өте білімді әрі тәжірибелі мамандар ауадай қажет. Сондай-ақ жат ағым өкілдерінің арасында әйел азаматтармен байланыс жасау өте қиын. Себебі ағым өкілдері оларға тек өз айтқанымен жүруді үйреткен және "кез келген адаммен тек біздің рұқсатымызбен ғана байланыс жасайсыңдар" деген қағиданы бекітіп берген", - дейді Алматы облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Ерлан Матаев.
Облыстық дін істері басқармасы жылына жат ағым жетегінде жүрген 1000-ға жуық адамға көмек көрсетеді екен.
Үш күйеуі талақ айтқан әйел: Миымды улағаны соншалық, таза суды қолданудан қорқатын едім
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора