Үңгірдегі үрей

Солбір әңгімені естігеннен бері «тұтқынға» жиі түсетін болдым. Тұтқын да, тұтқындаушы да өзім. Өз еркіммен қапасқа қамалып алып, ал кеп жанталасам. Мен ішіне енгенде алан-ашық үңгірдің аузы тас бекітіліп, жаным сығылады-ай келіп. Шығар есікті ғайыптан кеп жауып қалған дәу қара тасқа қарап, үнсіз ойға кетем. Өткен өмірім кино лентасындай көз алдымнан сырғиды. Мұндайда аздап жасаған жақсылығыңнан гөрі, күнәлі істерің көбірек көлбеңдеп, деміңді онан сайын сығады. Осынша ғұмырда тебіреніп еске алар бір қылығың еске түспей, өңкей қылдан тайған қиянаттарың қырына алады. Қалыптасқан қоғамдық қағиданы ғана ескеріп жасаған жарымжан жақсылықтың үңгірді жапқан қара тастың жанында быт-шыты шығып, шашылып қалғанын көргенде көзге жас, көкірекке шер толады…
Әлқисса, жанды азапқа салып, қапасқа қамап, Құдай алдында жалғыз қалар сәтті қайта-қайта еске салар хикая былай баяндалатын. Абдулла бин Омар пайғамбарымыздан ықылас, жақсы ниет жайлы мынадай қиссаны жеткізген. Күндердің күні үш кісі жолаушылап келе жатып, кенет нөсер жаңбыр жауып, жолаушылар тау ішіндегі бір үңгірге барып паналайды. Таудан домалап түскен үлкен тас үңгірдің аузын бекітіп, жолаушылар қамалып қалады. Сонда олар бір-біріне: «Алла ризашылығы үшін істеген амалдарың бар ма, соны айтып Жаратқанға жалбарынайық, бір көмегі болар», – дейді. Үшеуі бірден ойға кетеді. Сәлден кейін біріншісі: «Менің қартайған ата-анам және жас балаларым бар еді. Өзім қой бағатынмын. Өрістен келгенде қойларды сауып, сүтін бала-шағамнан бұрын ата-анама беретінмін. Бір күні өрістен қараңғы түскенде бір-ақ қайттым. Күндегідей қойларды сауып, ата-анама алып келсем, ол кісілер ұйықтап қалыпты. Сосын ұйқысын бұзғым келмеді. Бала-шағам сүт сұраса да, әке-шешемнен бұрын оларға бермедім. Осылайша таң атқанша әке-шешемнің оянуын күттім. Аллам! Егер мен осы амалымды ризашылығың үшін істеген болсам, үңгірдің аузын аша гөр», – дейді. Қара тас біраз жылжиды. Сонда екіншісі тұрып: «Мен бір әйелді қатты жақсы көрдім. Оның отбасы өте нашар тұратын. Күндердің бір күні олар жеуге қара нан таппай қатты қиналды. Әлгі әйел менен жәрдем сұрап келді. Мен көптен ойлап жүрген арам ойымды айттым. Ол көнбеді. Ақыры бала-шағасы аштан қататын болған соң, әйел алдыма қайта келді. Мен арам ойымды тағы айттым. Шарасыз бейшара ақыры көнді. Мен ол әйелге жақындай бергенімде, аштықтан құлайын деп тұрса да, денесі қалшылдап кетті. «Не болды?», – деп едім, ол: «Алладан қорқып тұрмын», – деп қорқыныштан денесі онан сайын дірілдеп кетті. Сол кезде мен: «Түгің жоқ, жеуге нан таппай тұрсаң да, Құдайдан сонша қорқасың. Сонша дүнием бола тұрып мен Құдайдан қорықпайды екенмін. Мені кешір», – деп өз ісіме өкініп, әйелге керек азық-түлігін бердім де шығарып салдым. Аллам! Егер мен осы қарекетімді ризашылығың үшін істеген болсам, үңгірдің аузын аша гөр», – дейді. Жартас тағы біраз жылжиды. Жолаушының үшіншісі қолын жайып, дұға қылып: «Мен бір кісіні жалдап жұмыс істеткен едім. Еңбек ақысына бір қалта күріш беремін деп келістік. Ол жұмысын бітірген соң, ақысын сұрады. Мен оған уәделескен бір қалта күрішті беріп едім, алмай кетіп қалды. Мен ол күрішті егіп, сосын өнімін саттым. Түскен қаражатына көп мал алып қойдым. Күндердің күні сол жалшы ақысын сұрап келді. Мен: «Мына өрістегі малдың барлығы сенікі» –, деп едім, ол: «Мені мазақ етпе, Алладан қорықпайсың ба?», – деп сөзіме сенбеді. «Бұл сенің ақың, мен тек оны қарап, осындай дәрежеге жеткіздім. Ешбір әзідеп тұрғаным жоқ», – деп малды оның алдына түгел салып бердім. Иә, Аллам! Егер мен осы амалымды ризашылығың үшін істеген болсам, үңгірдің аузын аша гөр», – деп жалбарынады. Сол кезде үңгірдің аузындағы тас домалап, есік толық ашылады. Үшеуі аман-есен еліне қайтады…
***
Алматыдан шығып, Оңтүстікті бетке алып жүйткіп келе жатқан автобус күн ұясына еніп, сам жамырағанда, иендегі асхананың алдына келіп тоқтады. «Кешкі астарыңызды осы жерден ішіп алыңыздар, енді Жетісайға жеткенше тоқтамаймыз» деген жүргізушінің даусы қалғып келе жатқандардың ұйқысын шайдай ашты. Автобус іші абыр-сабыр, жолаушылар көліктен түсе бастады. Сүрепеті кеткен деңнің (жол бойындағы ас ішетін орын) көңілсіз кеші қабағы түсіп, қабарып тұрса да елдің алды-артын ораған көңілді даяшылардың даусы бір тынбайды. «Бізге келіңіз, бізге келіңіз. Дәмді тамақтың түр-түрі бар!» «Жан бар жерде, қаза барын» тағы бір еске салған суық хабардан соң асығып, жүрерде жөндеп ас та ішпей, аттанып кеткен бетіміз осы еді. Қарт әкей, балдызым, мен – үшеуміз. Таңдай жібітпесек, жол ұзақ, жер шалғай. Маңдайшасындағы жазу бүкіл шежіреңді қозғап, тарихи жадыңды дір еткізетін асхананың жұлдызы оңынан туып тұр екен, жұртпен ілесіп біз де солай ілбідік. Бүйірін таянып, өрімдей даяшы қыздарды сықпыртып боқтап тұрған қожайын ба, әлде қожайынның көмекшісі ме, жігіт ағасының түр-сипаты бір мезетте қырық құбылады. Жолаушыларға қарап жымиып, жайылып жастық, иіліп төсек болады да, беті ары қараса «арыстандай айбатты, қабыландай қайратты». Бір басында екі беті бар, соны аса жылдам ауыстыруды жатық меңгерген жанның «өнері» ешкімді қызықтырмаса керек, оған назар салмастан бәрі құрсақтың қамымен әуре. «Бізге үш сорпа, бір шәйнек шай бере салшы», – деп жымиғаны жылаған секілді көрінетін даяшы қызға тапсырыс бергеніміз сол еді, әкей: «Өздерің іше беріңдер, мен шай ішсем болды», – деді жан-жағына тағы бір шола қарап. «Жол әлі алыс, қарныңыз ашып қалады». Ақыры осы сөзді мың қайталап жүріп, әкейге де сорпа алдырттық. Батасын жасап, бір-екі қасық татып көргені болмаса, әкей түшіркеніп ішкен де жоқ. Қара шайдан сораптап, екі-үш кесесін сімірді.
Автобус әуелгі бағытымен қозғала жүйтки жөнелді. Арғы жағына ел қонған жұрт қалғып-шұлғып, көліктің іші тыныштыққа шомды. Ананы-мынаны ойлап отырып, мен де қалғып кетіппін. Таң атып қалған шақта әкей түртіп оятты. «Ішім ауырды, шоферге айтшы, автобусты тоқтатсын». Шоферге барып, жағдайды түсіндіріп, әжетханасы бар жер болса тоқтай кетуін өтіндім. Мақұл болды. Күн көтеріліп, автобус Жетісайға таяған сайын әкейдің мазасы кетіп, шоферді жиі мазаладым. Іш ауру деген азапты айтпағанда, жетпістің жуан ортасына келген адамнның ұзақ жолды жай отырып басып өтуінің өзі қиын. Басында түсіністікпен қарап, әрбір жерге тоқтап келе жатқан жүргізуші енді мен қасынан барғаннан-ақ, қабағы қарс түйіліп, арс етіп айқайлап ұрыса жөнелетінді шығарды. Аудан орталығына таяғанда әкейдің өңі қуарып, тіптен мазасы кетті. Енді тоқтап бізді күтпесін білдім де шоферге: «Келесі әжетханасы бар жерден бізді түсіріп кетіңіз», – дедім. Қараң-құраң елі бар, әжептеуір үлкен ауылдың тұсына келгенде автобус тоқтады. Көтерген бір-екі сөмкені балдызыма алып қалуды тапсырдым да, әжетхана іздеп жолдың қарсы бетіне өттім. Жұрт сол жақта іш босататын жер барын айтқан. Шағын каналға салынған көпірден өтіп, әжетханаға таяй бергеніміз сол еді әкей: «Ой, мына құрғыр кетті», – деп әжетханаға жүгіре жөнелді. Шалбарын түсіріп отырғанша болған жоқ, судай аққан іші сар ете түсті. Үлгермеді. Шалбарының арты, екі жақ балағы сап-сары ала болды. «Енді не болса да асықпай отырсын» дедім де бос баклажка іздеп тентіреп кеттім. Бүйірі жабысқан үш-төрт баклажкаға каналдан су толтырып келгенімше, әкей де қажетін өтеп болыпты. Әжетхананың жанындағы қалтарысқа апарып әкейдің бүлінген шалбарын қолымды сулап, сүртуге кірістім. Баклажкадағы суды құйып-құйып қойып, қолыммен жұққан дақтарды ысқыладым. «Апат деген осы ғой, апат! Кешегі тамақты бекер татыппын», – деп әкей баладай жасып қалды. «Ештеңе етпейді. Қазір Жетісайдың базарынан жаңа киімдер сатып аламыз, соған жеткенше сәл амалдай тұрсақ болды», – дедім…
Біз келгенде автобус айтқанымызды екі еткізбей орнын сипатты. Таксиге отырып, аудан орталығына тарттық. Жетісайдың базары енді-енді ашылып жатыр екен, әкейге лайықты киім іздедік. «Осы киім алмай-ақ қойсақ қайтеді, шалбарым тап-таза болып кеуіп кетті ғой. Ақшаңды ысырап қып қайтесің», – дейді әкей. Жуас адам ғой, көңілім босап кетті. «Ой, қойыңыз! Қазір топты адам жиналған жерге барасыз», – деп базардың барлық жерін көзіммен түртіп келем. Ішкиімнен тартып, костюм-шалбардың бәрін алып болғанша, уақыт та біраз жерге барды. Ауылға тарттық. Қайтыс болған құдасының бала-шаға, туыс-туғандарына көңіл айтып болып, әкей сыртқа шыққанда, моншада бірер шелек су ысып, дайын тұрған. Жаназаға дейін жуынып-шайынып алды…
Үңгірге қамалып, көзге жас, көкірекке шер толып, Жасаған жаратқан жарыққа зар болғанда, сәл саңылау сыйлар қарекетім осы шығар деп ойлаймын көбінде. Өйткені әкеңдікі болса да дәрет – дәрет. Бірақ еш жиіркенбестен сол «дақты» жуып-шайғаным өзіме белгілі, Тәңірге аян.
…Иә, Жаппар Ием, осы қарекетті разылығың үшін істеген істің қатарына қоссаң, мені қас надандардан аулақтай гөр!..

Ырысбек ДӘБЕЙ 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста