Өз парақшасында Айгүл Орынбек қарындасым жақсы сауал қойыпты, орынды мәселе қозғапты. Ел-жұрттың пікірі де екіұдай екен. Менің білуімше, тұмар таққанның пайдасынан зияны көп! Ішінде Құран сүрелері жазылса да, солай! Мойнына тұмар таққан адам дәретханаға кірмей қоймайды, темекі шеккен, арақ ішкен жерге және т.б. лас орындарға бір бармай тұрмайды, ол дегеніңіз, ойлап қарасаңыз, қолыңа Құран ұстап сондай жерлерге кіргенмен бірдей емес пе?! Демек, сол жағынан өзіңізге өте зиянды. Одан гөрі тұмар ішінде жазылған Құран сүрелері сияқты екі-үш аятты жаттап алып, күніне бірнеше рет оқып жүрсеңіз, Алланың еске алып, сыйынып жүрсеңіз, содан артығы жоқ... Мысалы, сіз бір жеріңіз ауырып, дәрігерге бардыңыз дейік, ол сізге "пәленше, түгенше" деген дәрілер сатып алып, ішіп, емделіңіз" деп рецепт жазып береді. Ал сіз сол дәрілерді сатып алмай, құр рецепті мойныңызға тағып жүрсеңіз, жазыла қоярмысыз?! Тұмар да сол рецепт сияқты боп тұр бұл жерде, Құран сүрелерін мойынға құр іліп жүргеннен гөрі, оны іштей оқып, күн сайын қайталап жүрген өте пайдалы және сауабы да көбірек.
Ия, рас, Ислам дінінде, ақыл-есі толмаған балаларға, немесе есін білмейтін ауру адамдарға рұхсат. "Ата-бабаларымыз бұрын тұмар таққан" деуіңіз мүмкін?! Ия, дұрыс айтасыз, бұрынғы ата-бабаларымыз оны көбіне, кішкентай нәрестенің бесігіне тағып қоятын болған. Біріншіден, сәбидің ақыл-есі әлі толмаған, екіншіден, бесіктің маңайы әрқашан таза болады. Тұмар тағудың тағы бір және ең басты "күнәсі" бар, сіз тұмар таққан соң, "бұл мені жын-періден, түрлі қауіптен қорғайды" деп сенесіз, сондай сәтте бірінші, сол тұмарға, екінші Аллаға сенесіз. Бұндай сәттерде шайтанның арбауына түскендей, Алла еріксіз екінші орынға ысырылып қалғандай болады... Шайтанның да бар мақсаты да сол, сенбейтін нәрсеге сендіріп, Жаратушыны кейінге ысыру! Сөйтіп, ол сізді Исламдағы ең үлкен күнә - бір Аллаға ширк (серік) қосуға итермелейді, және де ұстаған оразаларыңызды, тілеген тілектеріңізді, жасаған сауаптарыңызды жойып, бәрінен жұрдай қылуы мүмкін...
Бұның бәрі Құран сүрелері жазылған тұмарға қатысты ойлар. Ал қасқырдың тісі, аққудың қауырсыны, үкінің жүні, бүркіттің тырнағы, немесе пласмассадан жасалған көзмоншақ, бойтұмар, үйтұмар секілді заттар сізді қайтып қорғамақ? Аңшының мылтығынан, жыртқыштың азуынан, Алланың ажалынан өзін-өзі қорғай алмай, өліп қалған сол қасқыр, аққу, үкілер тірі адамды қайтіп, бәле-жаладан, түрлі қауіп-қатерден арашалап, аман сақтамақ?! Өзіңіз ойланып көріңізші? Қайдағы кесек пласмассадан, ағаштан жасалған дүниелер де тірі адамды қайтып қорғамақ? Солай ойлаудың өзі күлкілі, түк қисынға келмейді... Пласмасса көз моншақтарды, үй тұмарларды сатып алу, оған сену, оны тағып жүру - Қытайдың саудасын жүргізіп, сол елдің экономикасын дамыта түсу. Ал егер тұмарға сыйынбай, сенбей, аққудың қауырсынынан жасалған тұмарды әдемілік үшін ғана машинаға тағам десеңіз, үйтұмарларды сувинир, сыйлық ретінде сақтаймын десеңіз, онда бір жөн, ол өз еркіңізде...
Тұмар тағу дегеніміз – түрлі қауіптен қорғайды деп, өзіңді-өзің жұбату ғана, психологиясы әлсіз, рухы нашар адамдардың ісі секілді, меніңще. Егер Рухыңызды күшейткіңіз келсе, өзіңізге деген сенімді арттырғыңыз келсе, Құран сүрелерін жаттап алып, оқып жүріңіз, мұңайған, қиналған, шошынған сәттерде жаныңызға демеу болары сөзсіз, және де оның пайдасы болмаса, жеке басыңызға ешбір зияны жоқ...
Алмас Темірбай
(Фейсбуктегі жеке
парақшасынан алынды.
Негізгі тақырыбы
«ТҰМАР ТАҒУ ДҰРЫС ПА?!»)