Төрт мәзһаб имамдарының Құранмен байланысы берік болғаны мәлім.
Атақты ғалым Әбу Ханифыа Құран ілімін атақты жеті қырағат ғалымы Асымнан үйренді. Тарихи деректердің бірінде Яхия әл-Химмәни әкесінің: «Мен Әбу Ханифамен алты ай бойы бірге болдым. Ол құптан намазының дәретімен таң намазын оқитын және әр түні таңға дейін Құранды толық хатым ететін» деп айтқанын естідім деген. Имам Әбу Ханифаның Құран Кәрімді әр күні хатым ететіні туралы деректер жеткен. Ал, Имам Мәліктің Құран Кәрімді сәби кезінен-ақ толық жаттап, оны өмірінің темірқазығына айналдырған. Әбі Бәкір әл-Ауси Имам Мәлік жайлы: «Мәлік ибн Әнәс дүние салмастан бұрын бірнеше жылдар бойы мұсхафтан назарын аударған емес. Сондай-ақ ол Құранды өте көркем оқып, ұзақ жылайтын». Ұлы ғұламалардың бірі Имам Шафиғи бала күнінен-ақ ерекше жаттау қабілетімен көзге түсіп, Құран Кәрімді толық жаттаған. Имам Шафиғидің шәкірті әр-Рабиғ ұстазы жайлы былай дейді: «Шафиғи Құранды әр айда отыз реттен хатым етіп отыратын. Әсіресе Рамазан айында Құранды алпыс рет хатым еткен. Яғни, түнде бір рет, күндіз бір рет хатым ететін». Бахр ибн Наср: «Имам Шафиғи заманында одан асқан тақуа әрі Құранды әсем оқитын кісіні көрмедім әрі естімедім» деген. Имам Ахмад жастайынан Құран Кәрімді жаттап, өмірінің сарқылмас қазынасына айналдырған. Ахмад ибн Ханбалдың баласы Абдулла: «»Әкем бір тәулікте үш жүз ракат намаз оқитын, кейіннен қамшымен соғылған соң, ауырып әлі кеткен кездерде бір тәулікте жүз елу ракат намаз оқитын болды. Ол кезде әкемнің жасы сексенге таяған шағы еді. содан әкем әр күні Құранның жетіден бірін оқып, әр жеті күнде Құранды хатым етіп отыратын. Сондай-ақ күндізгі намаздардан бөлек әр жеті түнде Құранды бір рет хатым ететін» деген. Атақты төрт мәзһаб имамдарының әр қайсысы ерте кезден бастап Құран жаттайды, іліммен айналысты. Сол арқылы барша мұсылмандар үшін шынайы өнеге болды. Алғашқы төрт ғасырда жоғары деңгейде Құран үйрету мешіттерде жүзеге асатын. Мешіттерде ғибадат жасау барысында ой бөлінуі мүмкін екендігі назарға алынып, кіші жастағы балалар «куттаб» атаулы мектептерде Құран үйренуді бастады. Имам Бухаридің риуаяттарынан бірінен көретініміз Пайғамбар (с.ғ.с) кезінде болған бұл ұйымдарда Құран курсынан басқа пәндер өтілетін. Осы мектептердің арасында жоғары дәрежелі Құран дәрістері өтілетіндері «Құран куттабтары» деп аталады. Жоғары деңгейде қалыптасқан ислам мәдениетімен бірге Құран үйретуде де өзгерістер орын алды. құран ұстаздары төрт категория бойынша қарастырылды: 1.Құран Кәрім медреселерінде ұстаздық ететіндер және орта дәрежелі алқада Құран сабақтарын үйрететіндер. 2.Бай кісілер мен халифалардың балаларына Құран үйрететіндер. Бұларды «Муаддибун» деп атады. 3.«Муаддибтерден» жоғары деңгейдегілер. Бұлар араб және ислам мәдениетін меңгергендер. Қазіргі таңдағы университетте сабақ беретін ұстаздарға ұқсас. 4.Ғұламалар деңгейі. Бұл топтағылар шөлде өмір сүретін бәдәуи өлеңдері мен тайпаларын, ең жоғары дәрежеде араб тілін меңгергендер жатады. «Муаддибундер» Құран медреселерін аралап жүріп, ілімдерімен бөлісетін.
материал «Қари болғым келеді» кітабынан алынды,