Төрдегі төрт ана
«Әлем әйелдерінің ең абзалдары төртеу болып табылады. Олар: Мәриям, Әсия, Хадиша және Фатима аналарымыз». (Хадис)
1. Әз Мәриям анамыз
Мәриям анамыздың қайтыс болуымен мазары жайлы аят пен хадистерде еш мағлұмат жетпеген. Ал жеткен деректердің көбі дерлік христиандардың тарихи әдебиеттерінде келген. Иса ғ.с көкке көтерілген кезде елуді еңсерген Мәриям анамыз, елу алты, жетпіс, жетпіс екі тіпті оданда көп жас жасағаны, қай жерде қайтыс болғаны, жерленгені жайлы нақты ақпарат жоқтың қасы. Анамызда көкке көтерілді деген жаңсақ пікірде кездеседі. Ал ислами әдебиеттерге үңілер болсақ әз Мәриям анамыз Иса ғ.с өмірде болған кезінде көз жұмып, Иса ғ.с анасының жаназасына қатысқаны жайлы айтылады. Ал мазары Құдыс, Эфес немесе Антакьяда деген әртүрлі көзқарастар бар. Шам (Дамаск) тарихын жазушы Ибн Асәкир анамыздың қабірі Сирия астанасы Дамасктағы әл Фирдауста екендігін жазып қалдырғанымен, қабірі Бәйтул Мақдисте болғаны ақиқаттың ауылынан алыс емес. Ол кісіге Аллаһ ерен ерекшеліктер сыйлаған. Олар:
Ғимран отбасы деп мақталған отбасының қызы.
Анасының дұғасының жемісі.
Мәсжидул-Ақсаның қызметіне аталған алғашқы қыз.
Бір пайғамбар бағып қаққан. Ол Зәкәрия ғ.с еді.
Бір пайғамбар бөлесі. Ол Яхия ғ.с еді.
Баласы жөргекте сөйлеген әз ана.
Әкесіз бала дүниеге әкелуі.
Құранда аты аталған тек әйел заты.
Ұлы анасының атымен аталған ана. Мысалы Иса Мәриямұлы.
2. Әсия анамыз
Перғауынның жұбайы болған Әсия анамыз сиқыршыларға жасалған Мұса (ғ.с) ның мұғжизасын көрген соң мұсылман болды. Сол сәттен бастап Мұса (ғ.с) ға иман келтіріп бақытқа қауышты. Бірақта, Әсия анамыз иманын жасырып бақты. Дегенмен иманды жасыруда оп-оңай дүние емес, Перғауын біліп қойып қаншама рет ескерту жасап, Мұса (ғ.с) ның дінінен аулақ болуын баса айтады. Бірақ анамыз ақиқаттан ешқандай ауытқымайды. Ашуға мінген Перғауын анамыздың қол аяғын кісендеп кеудесіне тас бастырып күйген күннің астына тастап азаптайды.
Өмірінің соңғы сәттерінде жасаған дұғасы: «Уа Раббым! Мен үшін Өз құзырыңда, жұмақта бір үй тұрғызғайсың! Мені Перғауыннан және оның жаман ісінен (зұлымдығынан) сақтай гөр! Мені бұл залым қауымнан құтқара гөр!» – деп жалбарынған еді. (Тахрим сүресі – 11 аят). Аллаһу тағала бұл сүйікті анамыздың дұғасын қабыл етті және Мәриям анамыз секілді әз аналардың қатарына қосты.
Әз анамыздың қанша жасында шаһид болғандығы жайлы мәлімет жоқ. Ал мазары Мысырда екендігі айтылса да нақты қай елді мекенде екендігі айтылмаған.
3. Әз Хадиша (р.һа) анамыз
Мүминдердің анасы Хадиша қазақша баламасы «тұңғыш» Әз елшіміз Меккеден Мәдинаға көшерден үш жыл бұрын 65 жасында дүние салды. Ол қайтыс болмастан аз ғана уақыт бұрын Пайғамбарымыздың сөзін сөйлеп, мүшриктердің азабынан қорғаштап келген ағасы Әбу Тәліп те көз жұмған еді. Екі бірдей қолдаушысынан айырылған Ақиық елшіге бұл ауыр соққы болып тиді. Сондықтан да бұл жыл “қаралы жыл” деп аталды Исламнан бұрынғы замандарда Меккенің мазарлығы болып табылатын Жәннәтул Муьалла Қағбаға шамамен 2 км жердегі Жинн мешітінің жанында болатын.
Жәннәтул Муьаллада Парасатты елшінің атасы Абдулмуталиб, немере ағасы Әбу Талиб, жұбайы Хадиша анамыз, ұлдары Қасым мен Абдуллаһ және сахабалардан Абдуллаһ бин Зубайр (р.һ) жерленген.
Қазіргі таңда қажылық пен ұмраға барған мұсылмандардан сол мекенде көз жұмғандары да сонда жерленеді.
4. Әз Фатима (р.һа) анамыз
"Фатима - менің бір бөлшегім. Оны ренжіткен адам мені де ренжіткен болады, оны қуантқан адам мені де қуантқан болып саналады".(Хадис)
Хазірет Фатиманы сахабалар да жақсы көріп, құрмет көрсететін. Әкесіне аумай тартқаны әрі қызы болсада Әкесіне қамқоршы болғаны үшін оны "Үмму Әбиһа" (Әкесінің анасы) деп атайтын еді.
Фатима Пайғамбарымызға әлі пайғамбарлық міндеті берілместен аз ғана уақыт бұрын дүниеге келген. Алты ағайынды еді. Олар: Қасым, Абдуллаһ, Зейнеп, Рұқиия, Үммү-гүлсүм және әз Фатима. Ол - Пайғамбарлар мөрі, Екі Жаһан Сұлтанының сүт кенжесі болатын. Пайғамбарымыздың пәк ұрпағын жалғастырған, түгел сәйдтің түп анасы еді.
Хазірет Фатима хижраның он бірінші жылының әкесінің өлімінен кейін алты айдан соң рамазан айында ақтық сапарға аттанды. Жаназасын құдай қосқан қосағы хазірет Әлидің өзі шығарды. Али Фатиманың денесін жасырын жерлеген. Әһлу сүннет ғалымы Ибни Шубба ән Нумайридің «Мәдина тарихы» атты еңбегінде: ... Жағфар б. Мұхаммед әкесінен жеткізген риуаятта «Фатима анамыздың қабірі (кейінгі) үйінде болатын. Омар б. Абдулазиз Мәсжидин-Науауиді кеңейткенде мешітке қосылып кетті» делінген. Сондай-ақ нақты қай жерде екені білінбеуімен қатар, төмендегі екі жердің біреуінде екені де анық.
а) Пайғамбарымыздың қабіріне жақын маңы немесе қабірі мен минберінің арасында.
ә) Жәннәтул-Бақиғ қабірінде.
Баянауыл ауданы «Мұса мырза» мешітінің ұстазы
Берікбай Германұлы
mazhab.kz