ТЕКТІЛІКТІ САҚТАУДЫҢ ЖОЛДАРЫ
Қазақ - қашаннан ұрпағымен, баласының саналы тірлігімен мақтанған халық. «Иә, Аллам, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деген сөз – соның дәлелі.
Еліміз қашаннан соңында қалған тұяғының есті, тәрбие көрген текті болуын қалаған. Ал тектілік деген не? - Тектілік деген – адам бойындағы бар ізгі қасиеттердің, көркем мінездің жиынтығы. - Тектілік дегеніміз – ең алдымен, өзіңді өмірге әкелген ата-анаңды сыйлау, оларды жаман атқа қалдырмау. - Тектілік дегеніміз – туған туыстарыңа қарайласып, айналаға мейірімді болу, қай істе болсын ірілік таныту. Мұны басқаша өзгелердің қателігіне кешіріммен қарау, яғни «таспен атқанды аспен ату» деп түсіндіруге болады.
ТЕКТІЛІКТІ БАЙЛАП ТҰРАТЫН «ТЕМІР ҚАЗЫҚ» НЕМЕСЕ ОНЫ ҚАЛАЙ САҚТАУҒА БОЛАДЫ?
Тектілікті сақтап тұратын бірден-бір «темір қазық» – ол иман. Себебі, иманы бар адам ата-анасын ренжітпейді, отбасына жайлы болады, еліне еңбек етеді, өзгелерге пайдасын тигізеді. Ол күншілдік, қызғаншақтықтықтан аулақ болады. Өзгелерге жомарттық танытады. Көргені көп қазақтың «Жиғаным емес, иманым пайда берер», «Иманнан басқа нәрсені – Құдайдан көп сұрама» деуі сондықтан болса керек.
«ЖІГІТТІҢ ЖАҚСЫСЫ – НАҒАШЫДАН!»
Тектілікті сақтаудың екінші жолы – – ұрпағыңның анасын дұрыс таңдаумен тікелей байланысты. Бұл ретте келін таңдаудағы қазақтың қырағылығына таңданбасқа болмайды. Қазақ келешек құдасын орынды, құрметті жерден, аталы, іргелі ауылдан қараған, ұрпақ жалғастырушы әйелдің көргенді, өнегелі, биязы, тәрбиелі болуын қалаған. Себебі, алма сабағынан алыс түспейді. Түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы қалыптасатыны белгілі ғой.
Кезінде Омар ибн әл-Хаттабтан
«Баланың әкесіндегі ақылары қандай?» деп сұрағанда халифа: «Анасын дұрыс таңдауы, жақсы есім қоюы және оған Құран үйретуі», - деп жауап берген екен.
«Анасын көріп, қызын ал», «Анасын сүйгеннің баласын сүй», «Шешеге қарап қыз өсер», «Ана көрген тон пішер», т.б. деген мәтелдер, міне, осы себептен туған болса керек. Демек, текті ұрпақ қалыптастыруда жар таңдаудың да рөлі зор.
mazhab.kz