Жамандықтың көмесінен сақтану, көрнеуінен сақтанудан қиын болатыны секілді, кейде күнәнің де сауаптың терісін жамылып келетіні болады екен. Одан сақтану бек қиын көрінеді. Әлдебір әңгіме дүкен үстінде ағаларымнан естіген мына бір әңгіме соның дәлеліндей.
Баяғыда бір өңірдегі ауыл-аймақ тұтасымен тақуа санайтын бір кісі болыпты. Ол кісінің білімі де телегей теңіз, шынында тақуа адам екен. Елдің бәрі ол кісіні ұнататын болыпты. Күндердің күнінде ел шетіне жау келіп, азаматтар соғысқа аттанады. Сол өңірде елдің бәрі білетін ағайынды батыр жігіттер болыпты. Екеуі соғысқа кетейін десе, ай десе аузы, күн десе көзі бар аса сұлу жалғыз қарындастары бар екен. Енді оны кімге тапсырып тастап кетерлерін білмей дал болады. Сөйтіп дағдарып тұрғанда естеріне әлгі тақуа кісі түседі. Олар қуанып кетіп, сол кісіге апарып, аманаттып, табыстап, алаңсыз соғысқа аттанып кете барады.
Бөлек бөлмеде тұрып жатқан қызға әлгі тақуаның назары да түспейді, өз шаруасымен болады. Бір күні әлгі қыз күндіз-түні кітаптан бас алмай отырған ғұламаға жаны ашып, ас пісіріп әкеліп терезеден ұсынады. Асты ала берген әлгі кісінің көзі сұлу қыздың аршыған жұмыртқадай аппақ жүзіне түсе кетеді. Жүрек құрығыр сол сәтте шым ете қалмай ма. Әлгі әсем бейне еніп алған соң енді маза берсеші, ішкен асы бойына тарамайды. Дөңбекшиді. Өзін небір нәпсілерден тиып үйренген әлгі ғұлама көптеген амалдармен өзін басуға әрекет жасайды. Сонда да бәрібір көңілі орнықпай қиналады. Ақыры бір күн: «мен оған уағыз айтайын, ол білімін молайтсын, мен сауап табайын» деген бекімге келеді. Сөйтіп қызға перденің сыртында тұрып уағыз айтады. Айтқан уағызының күштілігі сондай, қыз тыңдаған сайын «аһілеп», «үһілеп» тамсанады. Енді қыздың тасбұлақтай сыңғырлаған үні баураған әлгі адам перденің маңынан ұзап шыға алмай қалады. Сонымен не керек, күндердің күнінде сұрақ-жауаппен сұхбаттаса бастайды, тіпті сырласады. Бір күні перде ашылады, көздері тұманданады, естерінен айырылады…
Соғыс аяқталып, азаматтар елге оралар тұста қыздың ай күні жақындап қалған еді. Енді қайтпек? Қаншама жылдардан бері бүкіл ел сенген, жақсы көрген, тақуа санаған кісінің беті айдай болғалы тұр. Сол кезде баяғыда «уағыз айтып сауап ал» деп сыбырлаған шайтан сап етіп пайда бола кетеді ғой. «Өлтіріп көміп тастап, өзі аурудан қайтты десең болды. Саған бұл өңірдің адамдарының сенбейтіні жоқ» деп сыбыр ете қалады. Дүйім жұрттың алдында қарабет болудан қатты ұялған ол екіқабат қызды қарақұстан балғамен ұрып құлатып, жерлеп тастайды.
Батырлар елге оралады. Қарындасын сұрайды. Сенген адамдары сенімді етіп сөз айтады. Қанша қайғырса да бұл кісінің сөзіне күмән келтіру олардың ойларына да кіріп шықпайды. Өз-өздеріне келеді. Ғажабы, қарындастарын ойлай-ойлай талықсып ұйқтап кеткен екі жігіт түс көреді. Таңертең тұрып біреуі түсін айтса, екіншісі де сол түсті айтады. Екеуінің де көргендері қыздың бала көтеріп қалғаны, жерленген жерін қазып көрсе көздері анық жететіні аян етілген түс екен. Екі түс бірдей шыққан соң күмәнданбай болмайды әрине. Қабірді ашып қарағанда тура түстерінде көргендей екіқабат, күні таяу күйінде жерленген қарындастарын көреді.
Бәрі түсінікті болды. Әлгі ғұламаны дедектетіп қазының алдына алып келеді. Дәл сол мезетте «Сен маған сәжде жаса, табын! Болмаса қазыға сәжде жаса, соған табын! Сонда ғана мына жағдайдан құтқарыласың» деп сыбырлайды оның ойына еніп алған бағанағы шайтан малғұн. Айбалтаның астында тұрған аласапыран сәтте сасқалақтаған әлгі кісі шайтанға да, қазыға да сәжде жасап, құлдық ұрады, табынады! Сөйтіп жатқанда «басы шабылсын!» жарлық жетеді. Ол сол сәтте мүлтіксіз орындалады.
Сөйтіп, анау кезде жүзін көріп, жүрек шымырлатып, екеуара ғана отырып уағыз айтып, дауысын естіп, сырласудан басталған әрекеттің аяғы ғұлама, тақуа деген кісінің өзін Алладан басқаға сәжде жасап, кешірілмес, ауыр күнә батып жатқан сәтінде жан үздіреді. Жақсылық көрінісінде (уағыз айттыра) келген күнә бірінен соң бірі балалап ақыры қияметте арылмас азап, мәңгілік тозақтың түбінде қалар халге душар етіп кетеді.
Бұл да шайтанның бір айласы екен. Әдетте біз жай қарайтын кейбір нәрселер бірін ұстасаң екіншісін де ұстау керек болатын шырмауықтың сабағындай ауыр жағдайларға тап қылатын дүниелер (күнәлар) болуы бек мүмкін. Алла пана болмаса адам баласы оның бәріне ақыл, иманымен төтеп бере алмасы анық. Сондықтан қандай істе болсын шайтан малғұнның азғыруынан үнемі Алладан ғана пана сұраймыз!
Тақуаны жолдан тайдырған шайтан
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора