Әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке кеңінен танылған имам Нұрлан қажы Байжігітұлы кімнің жобасы екенін айтты. Дін өкілінің сөзіне сүйенсек, кейбір имамдар мен ұстаздар өзінің соңына түсіп алғанға ұқсайды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Имамға әлеуметтік желідегі кезекті тікелей эфир кезінде "Нұрлан имам кімнің жобасы?" деген сұрақ қойылған. Бұл сауалға дін өкілі ашып жауап берді. Оның видеосын ТікТок қолданушысы жариялады.
Мен Құдайдың жобасымын. Құдай жаратпаса, ешкімнің жобасы бола алмайсың. Содан қалса, ата-анамның жобасымын. Болды, қойыңыздар ондайды. Мен ешкімнің сөзін сөйлеп, мынаның сөзін сөйле деп отырған жоқпын, — деді ол.
Бұдан өзге имам жолдан қосылған адам еместігін, 14 жасынан бастап уағыз айтып келе жатқанын атап өтті.
"Бұл қайдан шыққан?" дейді. Мен 14 жасымнан бастап уағыз айтатынмын. Барлығының жазбалары сақтаулы. Өскемен, Жезқазған, Жамбыл, Қостанайдағылар біледі. Ұстаздар, имамдар мені аңдымай-ақ қойсын. Коррупцияны, ұрлағандарды, тонағандарды айтсын олар, — деді ол.
Нұрлан қажы Байжігітұлы өз сөзінде кейде қатты айтып қойып, тілінен таяқ жеген кездері де болғанын алға тартты. Тіпті лауазымды адамдарға артық сөз айтып, жұмысынан айырылған сәттері де болыпты. Талай рет түсініктеме жазып, басшылық жиналыстарда орнынан тұрғызып қойған екен.