Таң намазы оқылып болған соң, күн шыққанға дейін нәпіл намаздарды оқу – мәкруһ.
Алайда бұл уақытта қаза намаздарды оқуға болады. Бұған дәлел ретінде әл-Ихтияр кітабында былай деп келген: «Таң намазынан бастап күн шыққанға дейін, екінті намазын оқығаннан соң, күн батқанға дейін нәпіл намазын оқуға болмайды. Әбу Сағид әл-Худри риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) осы екі уақытта намаз оқуға тыйым салған[1].
Бұл екі уақытта қаза намаздарды, тиләуат сәждесін орындауға рұқсат. Бірақ тауафтың (Қағбаны айналған кездегі) екі ракағат намазын оқымайды. Тыйым салудың негізгі мақсаты сол уақыттың барлығын парыз намазбен шұғылдануға жұмылдыру. Өйткені парыздың сауабы мол. Жоғарыдағы тыйым парыздың дәрежесіндегі құлшылықтарға жүрмейді. Ал тауафтың екі ракағат намазы парыз болмағандықтан тыйымның құрамына кіреді[2].
Сондай-ақ әл-Фәтәуа әт-Татарханида: «Екі уақытта нәпіл намазын оқу мәкруһ. Ол таң намазының уақытынан күн шыққанға дейін және екінті намазын оқығаннан кейін күн батқанша. Алайда бұл уақыттарда парыздарды, жаназа намазын, тиләуат сәждесін орындауға рұқсат»[3] - делінген.
Әл-Фәтәуә әл-Һиндия атты кітапта: «Бұл уақыттарда қаза намаздарды, жаназа намазын, тиләуат сәждесін жасауға болады»[4] - деп келген.
Сондықтан таң намазының парызын оқып болған соң, күн шыққанға дейін бұрынғы қаза намаздарды өтеуге рұқсат етіледі.