Тәбәрік – береке тілеу деген мағынаны білдіреді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Мuftyat.kz-ке сілтеме жасап.
Әр-Рағиб әл-Әсфәһани: былай дейді: «Береке – бір нәрседе иләһи жақсылықтың тұрақталғанын аңғартады». Ибн Манзур: «Береке – өсу, арттыру деген мағынада. Тәбәрік – адамға немесе басқа нәрсеге береке тілеп, дұға ету»[1], – дейді.
Ешбір нәрсе өздігінен берекелі болмайды. Берекені беруші бір ғана Алла. Алла Тағала белгілі бір уақыттарды, белгілі бір орындарды берекелі еткендей, қалаған пенделеріне берекені дарытады.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шашын, қолданған ыдыстарын, киімдерін ұстау, сүю, сүрту арқылы тәбәрік жасауға рұқсат етіледі[2]. Бұл нәрсені сахабалар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көз алдында істеген. Олардың біреуіне де сөгіс бермеген. Өйткені Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) денесі, киген киімі, пайдаланған ыдыс-аяқтары беркелі саналады. Бұл мәселеде ғұламалардың арасында ешқандай дау жоқ[3].
Умму Атиядан жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызын жуындырып жатқан әйелдерге «изәрін» (жамылғы, жамылғыш) беріп:
«Оған мынаны жабыңдар» [4], – деген. Жамылғыны жабудың негізгі мақсаты тәбәрік ету болған[5].
Асмә бинт Әбу Бәкірден жеткен риуаятта:
«Бұл Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапаны. Ол қайтыс болғанша Айшаның қолында болды. Ол Алланың рахметіне кеткенде менің қолыма өтті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) киген шапанын біз жуып, суын ауру адамдарға шипа ретінде қолданатын едік»[6], - делінген.
Бұл Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатысты дүниелермен тәбәрік ету мәселесі. Ал салиқалы құлдарға келсек, жоғарыдағы дәлелдердің барлығы салиқалы адамдардың да киімімен, ыдыс-аяқтарымен т.б. тәбәрік етудің болатындығын қамтиды. Бұны имам Нәуауи, Ибн Хажар т.б. мухаддис ғалымдар құптаған[7].
Имам Нәуауи Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапанымен шипа тілеу хадисінің соңынан: «Бұл хадис салиқалы адамдардың киімдерімен т.б. тәбәрік ету мұстаһаб екендігінен дәлел болады»[8], – дейді.
Қорыта айтқанда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және салиқалы жандардың киімдерімен, ыдыс-аяқтарымен т.б. тәбәрік етуге рұқсат етіледі.
Исламқұл Иманқұлұлы,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің
Шымкент қаласы бойынша жауапты маманы.