Шын дінді шатақ діннен айырудың үш амалы

Қоғамымыздың бүгінгі күнгі діни сауаттылық деңгейіне көңіл толады деуге ертерек. Қазақстан үшін дәстүрлі емес діндердің құрған торына жас буынның топырлап түсуі қалың жұртшылықты алаң еткен мәселенің біріне айналып отыр. Шатақ діннің тамыр жаюы жайлы әңгімені әріден бастайық.

Халқымыз төл дінімен қайта қауышқан 1990 жылдар әлі күнге есімізде. Дінді меңгеруде, әсіресе, жасы 20-ға дейінгі жеткіншектер белсенділік танытты. Бірақ дәстүрлі дін (ислам, православие) ұстаздары жоқтың қасы еді. Сондықтан мешіт, шіркеудегі діни уағыздар ғибадат қылу тәртіптерін үйретуден әрі қарай аспады. Дәстүрлі дін өкілдері «ең абзал, ең дұрыс дін біздікі» деумен шектеліп, таяз, біржақты сөйленді. Ең жаманы, теология қатысты қиын, бірақ жастар үшін аса маңызды, сұрақтар жауапсыз қалып келді. Сана-сезімді жаулап алу тетіктерін жетік меңгерген шетелдік жаңа діни ағымдардың іздеген өрісі де осы-тұғын.

Бір сөзбен айтқанда, дін саласындағы олқылық пен таяздықтар біртіндеп қордалана берді. Қазіргі таңда солардың «жемісін» татудамыз. Сол 90-жылдардың басында дінге бет бұрған жасөспірім жеткіншектердің алды қазір 35-40 жаста, яғни орта жасқа іліне бастады. Бірақ олардың діни сауаты сатылады ма, былайша айтқанда, дін ісін Құдай ісінен айыра алатын дәрежеге жетті ме? Бұл жағынан күмәндіміз. Өйткені, мешіт ішінде қатар-қатар сәждеге тұрғандардың арасында намазды «өзінше» оқитын мұсылман бауырлардың азаяр түрі көрінбейді. Олардың көпшілігін жас деуге ауыз бармайды. Дін тазасын іздеп, ата сақалы аузына түскенше сенделе бермек пе, шіркіндер?!...

Шын дінді шатақ діннен қайтсек айырамыз деген келелі мәселе екеніне осы айтқандарымыз да жеткілікті сияқты. Енді тақырыбымызға ойысалық.

Күллі пайғамбарлардың миссиясы бір. Олар бүкіл әлемде мейірімділік пен әділет салтанат құру қажеттігі жайлы рақымды Құдай тағаланың жарлығын жер бетіне жеткізеді. Мәселен, қасиетті Құранда: «(Мұхаммед с.ғ.с.) біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік» делінген (Әнбия сүресі, 107-аят). Иса пайғамбарға түскен «Інжіл» кітабы да осы миссияны айтады. Ондағы бір аян былай дейді: «Киелі мәтіннің қай қайсы да құдайылық рухқа ие және пендені үйретуге, былықты аршуға, қатені түзетуге, әділетті қорғауға қызмет етеді» (Тимофейге 3:16).

Өзіңіз де ойлаңыз, қай ұлттың өкілі болмасын, егер ол адал, мейірімді кісі болса, кім кімнің де оны «кәпір» дей алмасы анық. Керісінше қатігез кісіден аулақ болуға тырысады. Мысалы, мешітте намаз оқып тұрған, өзін кәміл мұсылман санайтын, түсі суық «салафистке» жақындаудың өзі қорқынышты. Сүйіспеншілік пе, әлде қатігездік уағыздала ма? Шын дін мен шатақ діннен айырудың ең басты кілті, амалы осы арада. Ғұлама ойшыл Шәкерімнің «Бұл кездегі діндердің бәрі нашар» деген өлеңінде:

Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп, дұспандық қару жасар.

«Інжіл», «Құран» - бәрі айтып тұрса-дағы,

Адасып ардан күсіп, қара басар, - дейтіні сол.

Шәкерімнің сөзінен ұғатынымыз: Інжілдің де, Құранның да өзегі - мейірім, әділет. Демек, діншілдіктің де өлшемі осылар. Егер мешітке намаз оқуға барып жүрген мектеп жасындағы немесе студент балаңыздың мінез-құлқынан қатігездік белгілері байқалса, айталық, ата-ананың тілін алудан бас тартса, оқу үлгерімі төмендесе, онда болды, бітті, мұны жат діни ағымның теріс ықпалы деуге әбден болады. Ал, егер оның ісінде қайырымдылық, жүзінде мейірімділік көбейсе, былайша айтқанда, жүрегі жұмсара бастаса, әңгіме мүлде басқа. Солай болуға тиісті қалыпты жағдай міне осы. Өйткені, адам жүрегі Тәңіріні танып-білу, хикметін сезу арқылы жұмсарады. «Жүрегі жұмсақ білген құл» (Абай). Қайырымсыз, қиянатшыл баладан не үміт, не қайыр? Оның келешекте шатақ діннің өкілі, діни фанатик болып шыға келмесіне кім кепіл.

Сонымен, шын діндарлықтың айнасы - төзімділік пен сүйіспеншілік екендігі күмән туғызбайтын ақиқат.

Сайып келгенде, шатақ дінді дәстүрлі діннен айырудың төмендегі амал-тәсілдері осы ақиқаттан туады. Кейбір ислами топтар дәстүрлі дінді қабылдамай, оның жергілікті ерекшеліктеріне өре түрегеліп, қарсы тұрады. Әсіресе, салафизм идеологиясынан радикализм мен төңкерісшілдіктің исі аңқиды. Мұндай рухтың жастар санасын тез жаулап алатыны белгілі. Бірақ бұл Құранды теріс оқығандық болады. Неге? Өйткені, оны тек мейірімділік, әділет, ғылым жайлы аяттар ғана көктей өтеді. Егер ғылыми тұрғыдан сарапқа салар болсақ, барша киелі кітаптардың түпкі мән-мағынасын, мұсылманша, тәулиін осы үшеуі ғана құрайды.

Құранда: «Құдай әділ адамдарды сүйеді, ал залымдарды сүймейді» деген аят қайталанып отырады. Ол - әлемдік діндерге ортақ темірқазық. Сонымен қатар, зерттеушілер Құранда әлеуметтік әділеттілікке қатысты ондаған сүрелер барын анықтап отыр. Атап айтқанда, бұл сүрелер 87-107 аралығын қамтиды. Мысалға, «Мағұн» сүресінің жеті аятын алайық:

Сондай дінді өтіріксінген кісіні көрдің бе?

Жетімді шетке қағатын сол емес пе,

Ол міскінді тамақтандыруға ынтасыз.

Сөйте тұра намаз оқығаны нендей өкініш!

Екіжүзділер намазды немқұрайды оқиды.

Олар ұсақ заттарын беруге де қимайды.

Келтірілген жеті аятты мұқият оқыған адам, оларда шынға сен, жетім-жесірді жебе, сараң болма, мырза бол, екіжүзділік қылма, ісің мен сөзің бір болсын деген астар барын, қысқасы, әділ, шыншыл болуға үндейтін үкімдер тұнғанын еш қиындықсыз аңдайды. Сол сияқты «Білімді ізде», «Ғылым жолын тап» дегенге саятын аяттар саны 700-ден асып жығылады екен.

Бұл арада радикалды ағымдардың ортағасырлық ғұламалардың еңбектерін үзіп-жұлып алып, өздеріне идеологиялық қару қылып алғандарына көпшілік назарын аударып отырмын. Шындығында Құранның жүгі «ширк», «бидғат», «жихад», «кәпір» ұғымдарына түспейді. Бұлар хақында аят-хадистерді дұрыс тәпсірлеу данышпан ғұламалардың ғана сыбағасы.

Айта кетелік, әр адамға жақсы-жаманды айыруды үйренуге мүмкіндік беретін өсиет-заңдардың саны Інжіл мәтіні бойынша 613 (оның ішінде 248-ін орындау парыз, ал 365-і керісінше тыйымдар) екені анықталып отыр. Атап айтқанда: «Қиянат, ұрлық, зомбылық жасама», «Әділетке жақ бол», «Кекшіл болма, көпке топырақ шашпа», «Туған халқыңды сүй, кешірімді бол», «Өзің нені ұнатсаң, өзгелерге соны жаса», «Қайырымдылық жасауды үйрен», «Жетім-жесірді жебей жүр», «Соттың әділ болуын талап ет» т.с.с.

Сөйтіп, Қазақстандағы діни ағымдардың қайсысы еліміздегі дәстүрлі діндерді қаралау арқылы қоғам тұтастығына жік түсірсе, сол ағымды жат немесе шатақ дейміз. Дәстүрлі дінді терістеп, оның жамағатынан өздеріне мүше тарту әрекетін «прозелитизм» дейді.

Енді шын дінді шатақ діннен айырудың үшінші амалын қарастырайық. Әр халықтың отбасылық және ұлттық құндылықтары бар. Егер әлдебір ағым оларды сыйламаса, жергілікті әдет-ғұрыпты сыртқа тебетін болса, бұл оның шатақ дін екенінің куәсі. Ғылым тілінде бұл дертті «космополитизм» дейді. Кейбір ислами топтардың ұлттық мәдениетімізден мұсылманшылықты бөліп алып, екеуін соғыстыра бастағаны белгілі. Олардан «Сендер кімсіңдер?» десең, «Мұсылманбыз» дейді, «Ұлтың кім?» десең, «Ұлтымыз жоқ, біз мұсылманбыз» дейді. Мұның аты қоғам тұтастығына жік түсіру емей не. Діндегі «біз» және «олар» деген бөлініс пен кешегі кеңестік дәуірдегі бай және кедей деп екі тапқа бөліну арасында айырма шамалы.

Егер ері - бір, әйелі - екінші дінде болса, мұндай отбасы күйремегенде қайтеді. Бұл ретте «Иегова куәгерлері», «Кришна Санасы», «Муна Шіркеуі» сияқты жат ағымдар өз «үлестерін» қосты. Жаңа діни қозғалыс саналатын христиандық протестанттық ағым өкілдері өздерін Құдайдың әмірі мен ізгі хабарын таратушылармыз деп санайды. Сөйте тұра, әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан, мейірім, әділетке қызмет ететін салт-санасын, тәрбиелік жүйесін күйретіп жүргенін өздері де аңдамайды.

Қорыта айтқанда, космополиттік көзқарас, біз және олар деп бөліну негізінде ұлттық мәдениетті тәркі ету, барлық секталар мен шатақ діндерге ортақ сипат екендігі сөзсіз.

Шын дін мен шатақ діндерді айырудың амалдары жайлы айтпағымыз әзірге осы. Олар, әрине, сыртқы нышандар.

Енді діннің ішкі жағы, тереңге бет қойып, Құдайға құлшылық қылудың мәнісін және ол жайлы ұлы Абайдың танымдарын қарастырмақпыз.

Исламда, мейлі, христиандықта болсын, дін негізін Жаратушыға сенім, яғни иман ұғымы құрайды. Ойшыл ғұламалар Құдайдың ісін, ғылымын, даналығы мен заңдарын танып-білуді «кәміл иман», «хас ғибадат» деп атайды. Өзге құлшылықтың түрлері тағатқа, яғни сыртқы ғибадатқа жатады.

Алла тағаланың адам баласына нәсіп еткен игілігі мен ырыздығында шек жоқ, басқаны қоя тұрғанда, жұтқан ауа, бір тамшы су, бір түйір нанға дейін Жаратушыға қарыздармыз. Сондықтан Құдайға құл болу, құлшылық - діндарлық қана емес, адамшылықтың да басты шарты. Осыны көпшіліктің санасына шөктіру - дінді сабасына түсірудің, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың алғышарты болса керек.

Рас, құлшылықты әр дінде әрқилы түсінеді. Мәселен, христиан және будда діндерінде монах болып, қоғамнан оқшау өмір сүру таза құлшылыққа баланады. Ал, исламдағы ғалым сымақтар: «Жындар мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» деген аятты (Зәрят сүресі, 56-аят) сәжде қылу арқылы Құдайға жалбарыну деген тар мағынасында қарастырып, ғибадат ұғымымен шектеп қояды. Бәленің басы осы арада емес пе.

Ендеше Құдайға құлшылық қылудың мәнісі неде?

Қарапайым халықтың ұғымында Құдайға құл болу - дүниеге құл болмаудың амалы. Қазақ халқы ежелден ішкі иманды осылай түсінді және оны сыртқы тағаттан айыра білді.

Имандылық - жүрек тазалығында деген принцип тұғыры кеңестік дәуірде де шайқалған емес. Алдыңғы буын, біздер көріп өстік, қызыл беті - ұяты жоқ, әділдікті белінен басқан, қиянатшыл қылықтарға барған пендені ғана халық «әй, кәпір-ай» деп сөгетін. Яғни «кәпір» ұғымы намаз оқымайтын кісіге емес, ар-ұяттан жұрдай, Құдайдың мейірім, әділет заңынан бейхабар наданға қарата айтылушы еді.

Қысқасы, құлшылық қылудың мәнісі - Алланың пендесіне салған тура жолына, тазалыққа ұмтылуға саяды. Ынталы жүрек, шын пейілмен. Егер бұлай талпынбайтын болса: «Күллі тәнмен қылған құлшылықтарың ешбір ғаделетті мархаматты бермейді, - дейді Абай 38-ші сөзінде. - Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не халәттә екендіктерін, оған дәлел керек емес».

Құдай ісін дін ісінен айыру да аса маңызды ілім. Бұл екеуін бір деп біліп, адасып жүрген азаматтар арамызда баршылық. Ғасырлар бойы қалыптасқан құлшылық ғибадатын (діни рәсімдер, ғұрыптар, догмалар, культтік ғимараттар т.б.), жинақтап айтқанда, «дін ісі» дейді. Құдай ісі мүлде басқа ұғым. Оған он сегіз мың ғаламның жаратылуы, жер мен аспан, күн мен түн, өлім мен өмір, жан мен тән, ақиқат пен жалған сияқты дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырлары кіреді. Жаратушының сипаттары мен есімдері, мейірім, әділет сияқты заңдары да осы қатарда.

Көрдіңіз бе, Құдай ісі мен заңы мәңгі, олар ешқашанда өзгермейді. Ал дін ісі өзіндік даму жолынан өтіп барып, орнығады. Мәселен, христиан дінінде католиктер солдан оңға қарай алақанмен, ал православтар оңнан солға қарай қос бармақпен шоқынады. Мұндай өзгешеліктер (намаз оқығанда бірі қолын жоғары, екіншісі төмен байлау деген сияқты) ислам әлемінде де жетіп артылады. Сөйтіп, дін ісін Құдай ісімен жарыстырып, оны қатып қалған қағидаға айналдыруға тырысушылықтың арты жақсылыққа апармайды. Араб елдерінің қазіргі хәл-ахуалы сөзіміздің бір дәлелі.

Дін жолы - тарихат туралы «Бұл жол - бек шетін, бек нәзік жол» десе, Құдай жолы туралы мүлде басқаша айтады Абай: «Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса, ол жол - Құдайдың жолы емес. ...Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадәлет-шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол - Құдайдың жолы» (38-сөзі). Мешітті төңіректеген жастардың осы анықтаманы жатқа білгендері жөн-ау.

Әлеуметтік зерттеулер жат ағымдарға жасы 30-ға да жетпеген жастар тартылатынын көрсетіп отыр. Аға буын өкілдері жоқтың қасы. Неге? Өйткені, соңғылар Құдай жолы әділетті өмір сүру, өзгелерге қамқор болу екенін жақсы біледі. Бұл сабақты оларға өмір тәжірибесі береді. Шатақ дін иіріміне кіл жастардың тартылуы осы жәйтпен өз түсінігін табады.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», «Адамды сүй, Алланың хикметін сез». Ұлы Абай адам болу да, кәміл мұсылмандық та осы жолда деп ұқтырады. Соңғы өсиеттері осылар. Діндар болудың, дін жолы тарихатқа түсудің жөні осы екен деп, анасы пісірген астан бас тартудың, намаз оқымағаны үшін әкесіне кәпір деудің, ол ол ма, кісі өлтіруге барудың бетін әрі қылсын!

Зайырлы мемлекет жағдайында діндарлықты емес, ғылымды және қоғамның интеллектуалдық байлығын арттыру маңызды. Сондай-ақ, қоғамның мақсаты - жастарды ғылым-білімге үйір қылу, адал еңбекке баулу екеніне кім таласар? Алла тағаланың пендесіне салған жолы қайсы деп тынбай ізденген хакім Абай махаббат, әділет және ғылымды бұл жолдың үш айқын белгісі деп анықтап береді.

«Бұларды, - дейді Абай, - әр адамның бойында Алла тағала тәхмин (өлшеулі, шамалы) бар қылып жаратқан. Бірақ оған рәуаж (даму, өрлеу) беріп гүлдендірмек, бәлки адам өз халінше кәмәлатқа жеткізбек, оның жәһәтінде (тарапынан) болмақ» (38-сөз). Аталмыш үш феноменді: «Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан Тәңірінің ісі», - деп тағы бір нықтайды 45-сөзінде.

Сөз соңы, жоғарыда қарастырылған Құдайға құлшылық қылудың мәнісін, дін ісін құдай ісінен айыруды, шын иманды, сондай-ақ, дін мақсаты неде, киелі мәтіндердің рухы қайсы дегенді танып-білу имандылық тәрбие мен діни сауаттылық негіздері болып табылады. Сондықтан бұл ілімдерді халық санасына нық жеткізу шарасы мемлекеттік органдар мен зиялы қауым өкілдерінің басты назарында болу керек деген ойдамыз.

Асан Омаров 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста