Жоқты бар етуші, он сегіз мың ғаламның Жаратушысы, күллі әлемнің Раббы Алла тағала жер астындағы шылаушанның, судағы балықтың, аспанда қалықтаған құстың, жер бетінде жыбырлаған құмырсқа мен жер бауырлаған жыланның ризығын кешіктірмей беріп, бұл дүниедегі игіліктің бәрін мінсіз жаратып, бір тиын ақы сұрамай-ақ адам баласына тегін тарту етті.
Нәзік те әлжуаз жәндіктердің де тегіс ризықсыз қалмауы соқырға таяқ ұстатқандай Жаратқан Жаббар Иенің күллі жаратылыстың ырыздық-несібесін қамтамасыз етуші екенін көрсетеді. Бұл ақиқат Құранда: «Жер бетіндегі әр жәндіктіңқорегі Алла Тағалаға тиесілі» («Һуд» сүресі, 6-аят.),- деп білдірген. Екі дүние бақытына бастар жолдың жаңылтпас нұсқаушысы әз Мұхаммед (с.ғ.с) «Егер Алла Тағалаға шынайы түрде тәуекел етсеңдер, сендерді таңертеңұясынан аш құрсақұшып шығып, кешке қарай жемсауы тоққайтқан құстар секілді ризықтандырар еді»,-деген хадисі арқылы бізге тамаша мысал береді.
Тағы бір хадисінде: «Еңбекқор қолдарыңқимылдап тұрған кезде ризық-несібе жайында уайымдамаңдар. Өйткені адам анасынан туылғанда жалаңаш, қызылшақа боп дүниеге келеді. Содан кейін оны Ұлы Алла әр түрлі ризықпен ризықтандырады», &ndash дейді. Мына аятта Жаратқан иеміз: «Олардың дүние тіршілігіндегі несібесін араларында біз үлестірдік» («Зухруф» сүресі, 32-аят.),- деп, ана құрсағында жатқанда адамның ырыздық-несібеcінің өлшеніп қойылғанын баяндайды.
Күллі мақлұқатты ырыздық-несібесіз қалдырмаған шебер Алла ардақтап жаратқан адам баласын ашжалаңаш қалдырмақ емес. Пайғамбарымыздың кезінде кейбіреулер кедейліктен қорқып балаларын өлтіретін болған. Ал қазір де кедейліктен қорқып жас баланы алдырып тастау әдетке айналды. Бұлай істеудің дұрыс емес екендігі жайлы Құдай Тағала: «Кедейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да, сендерді де ризықтандырамыз», &ndash дей отырып шыр етіп дүниеге келген әрбір сәбидің ырыздығымен қоса біздің де несібемізді жіберуші Өзі екенін анық білдіруі түсінгенге сабақ емес пе?!
Атам қазақ та бұл ақиқатты «Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан артық шығады» деп керемет айтып кеткен ғой. Ана құрсағында жатқанда аузын қозғалтпаса да кіндігі арқылы адам баласына қорегі үздіксіз келіп тұрады. Сосын қызылшақа боп дүниеге келгеннен соң аузын шамалы ғана икемдесе болғаны, мейірімді анасы иіп қоя береді. Ең әлсіз ағаш құрты керемет шырын боп пісіп тұрған жемістермен қоректенеді.
 Көкірек көзі ояу жандарға осы мысал-ақ жетіп артылады. Ғалымдар арасында «Сен ризықты іздемесең де ол сені іздеп табады» деген мәні терең сөз бар. Исламды бойына судай сіңірген қазекем де «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» демей ме?
Реті келгенде ғибратты мына бір оқиғаны да айта кетейік.
Ғұлама кісі өз көзімен көрген бір жайтты былайша баян етеді:
 «Бір соқыр жыланды көрдім. Басын көкке созып тұр екен. Сол кезде бір құс ұшып келіп қанатын қағып шырылдай бастады, тұмсығында бір түйір еті бар екен. Құс қанатының үнін естіген жылан аузын ашты, әлгі құс етті жыланның аузына тастады да ұшып кетті».
Иә, расында бүкіл дүние-мүліктің иесі Алла Тағала кімге қанша мөлшерде беретінін және қай кезде беретінін Өзі біледі. Ибраһим (а.с.) Аллаға деген сенімінің беріктігі сонша, әрбір ісін Раббысынан деп біліп, ішкізіп-жегізетін тек бір Алла екендігін біздерге мысал етіп:  «Ол маған жегізеді де ішкізеді»(«Шұғара» сүресі, 78-аят),-деген. Өйткені асқазанымызды, ауызды жаратқан Алла нәсіпсіз-нәпақасыз қалдырмайды. Олай болса, адам баласы кісінің ала жібін аттамай, адал жолмен тапқан ризығына қанағат етуі керек.
Қазақ атам да: «Бай болып көргеніміз жоқ, кедей болып өлгеніміз жоқ»,-деген.
 mazhab.kz