Көне кітаптың көлемі сіріңкенің қорабындай ғана. Қасиетті жазбаны Семейдегі татар қоғамдық орталығының мұражайына жергілікті тұрғындардың бірі жеткізген.
Оның айтуынша, сирек кездесетін кітап оған атасынан мұра болып қалған. Жәдігердің басты ерекшелігі – оның келесі бетінде ұлғайтқыш әйнек орналастырылуы. Осы құрылғы арқылы кітапты еш қиындықсыз оқуға болады. Кітаптың сыртқы мұқабасы таза мыстан жасалғандықтан, әріптері жақсы сақталған.
Шауқат Файзуллин, Татар орталығы мұражайының жетекшісі:
-Мен өмірімде бірінші рет осындай кішкентай Құранды көріп тұрмын. Бәлкім сол кездері қасиетті кітаптың көлемі шағын болғандықтан, қалтаға салып немесе мойынға тұмар ретінде іліп жүрсе керек-ті. Ал, ұлғайтқыш арқылы кітаптағы кез келген сүрені қиындықсыз ашып оқуға болады.