Кезекті бір дәрісінде түркиялық дін ғалымы, бұрынғы мүфти Мехмед Гөрмез ұстаз :
"Қазіргі кезде ораза кезінде тіл, көз, құлақ, он екі мүшеңді жаман істен тыйған сияқты, саусақтарымызды да күнәлі істен тыйып, ораза ұстатуымыз қажет деп ойлаймын",- деп, сөзін әрі қарай жалғастырды:
XX ғасырда адамдар бір-бірімен почта, телеграф, телефон арқылы байланысса, ал басқа ақпараттарды радио, теледидар, кинотеатр, театрлардан алды.
Ал, 21 ғасырда цифрлы ғаламтор жүйесі пайда болып, адамзатты толығымен өзгертті.
Көпшілік қолдарына үлкенді-кішілі экрандар ұстап, бұл экрандар әр үйге де, қалталарға да кірді.
Андроидты қалта телефонына тыным бермей, саусақпен шұқылай беруге дағдылануда.
Бүкіл ғаламды кішкентай ғана экранға сыйғызған мына телефон кімді болса да, елітіп әкетуде.
Осындайда өзімізді қалай ұстауымыз керек?
Ең әуелі Пайғамбарымыз (с.а.с):
" Ұят пен иман - екеуі бірге...",- деп айтқан хадисіне амал жасауымыз қажет.(Бухари)
Өйткені, осы әлеуметтік желідегі тоқтаусыз келіп жатқан ақпарат адам баласының психологиясына қатты әсер етуде.
Адам баласында үш көру жүйесі бар:
1.Көзбен көру - назар;
2.Ақылмен көру - тафаккур;
3.Жүрекпен көру - басар деп аталады.
Көп уақыт әлеуметтік желіден келген визуалды ақпараттар адам баласының визуалды қабылдауын арттырғанмен, соңғы екеуіне кері әсерін туғызуда.
"Визуалды қабылдауға басымдылық беру" деген ұғым қалыптасты.
Бұл басымдылық адамды шынайы өмірден ұзатып барады.
Визуалды қабылдау басымдылығы үш түрлі дерттің есігін ашуда:
Біріншісі - тафарруж (көру, қарау,елестету, бейнелеу), яғни әркім жүрген - тұрғанын, қоршаған ортаны фотоға, видеоға салып, бейнелеуге тырысуда және осы нәрсеге тәуелді болуда.
Екіншісі - тажассус (өзіңе қатысы жоқ нәрсеге қызығу, түсінуге тырысу, аңду)
Яғни, адамдар көбі өзіне қатысы жоқ болса да, біреудің, атақты адамдардың өмірін зерттеуге ынталы болуда.
Бұл істердің сақтанатын, күмәнді амалдар қатарына жататыны жайлы Алла Тағала:
"Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын...",- деп ескертті.(Хужурат :12)
Үшінші дерт - такашшуф (құпияларды ашу, көзге түсу)
Иә, қазір әлеуметтік желіде телебағдарламалар, фильмдерден бөлек, қатардағы адамдардың өзі әртүрлі ұятқа, моральға сәйкес келмейтін видеороликтер, фотолар жасауға, көрсетуге, жария етуге құмар болып бара жатыр.
Осының бәріне мұсылман адам қалай амал жасайды?
Жоғарыда айтқандай, визуалды қабылдауға ғана басымдылық бермей, ақыл көзін, жүрек көзін, барлық сана - сезім мүшелерін қосып, әрнәрсеге сыни көзқараспен қарау қажет.
Сондай - ақ, ең бастысы - ұятты жоғары қоя білуіміз керек.
Ұяттың өзі төрт түрлі болады:
1.Алладан ұялу;
2.Адамнан ұялу;
3.Періштеден ұялу;
4.Өзінен ұялу.
Ұят &ndash мұсылманның барлық ісі мен сөзінің бақылаушысы.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен мына бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с) :
"Иман жетпістен астам тармақтан тұрады. Ең абзалы «лә иләһә иллә Алла» (Алладан басқа құдай жоқ). Ең төмені жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ұят &ndash иманның бір тармағы",-деген екен.(Муслим)
Сондықтан, иманымызды сақтап, осы заманғы сынақтардан шығу жолдарын іздеу - мұсылмандық парызымыз болып табылады.
Алла баршамызға тура жолды нәсіп етсін!
Қуат Қабдолда