ШАРИҒАТТА КӨҢІЛ АЙТУ ҚАЛАЙ БОЛМАҚ?
Қайтыс болған адамның туыстарын жұбату мақсатында айтылатын «иманы саламатты болсын», «артта қалғандарға өмір берсін», «топырағы торқа болсын», «арты қайырлы болсын» деген сияқты сөздер шариғатқа қайшы емес.
Дегенмен, сабырға шақыратын, Алланың жазғанына көну керектігін білдіретін сөздер айту – сүннет. Өйткені, қызының ұлы өлім үстінде жатыр деген хабарды естігенде Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Қызыма айтып бар! Алғаны да, бергені де – Оныкі (Алланікі)! Ешнәрсе мәңгі емес, әр нәрсенің уақыты шектеулі. Сондықтан, айт, сабыр етсін, Алланың жазғанына көнсін»[1], – деп басу айтқан екен.
Сондай-ақ, сахаба Муғаз бин Жәбәлдің ұлы қайтыс болғанда сүйікті Пайғамбарымыз оған баға жетпес сөздермен былай деп жұбату айтып, сабырлыққа шақырып хат жолдайды:
«Бисмиллаһир Раһманир Раһим. Алланың Елшісі Мұхаммедтен Муғаз бин Жәбәлға. Сәләмун Алейк. Аллаға мадақ, Одан басқа тәңір жоқ. Саған сауабын жаудырсын. Сабыр беріп, бізді, әсіресе, сені ризығына бөлесін! Шындығында, жанымыз да, малымыз да, бала-шағамыз да Алланың бізге берген уақытша сыйы. Уақыты келгенде қайтарып алатын аманаты. Аманатты пайдалануың мүмкін, алайда, белгіленген уақыты келгенде қайтарып алары анық. Ендеше, басыңа түскенге көнер болсаң, Алланың есендігі мен мейрімі, тура жолы берілмек. Сондықтан, сабыр ет. Сауабыңды іштегі күйінішің су сепкендей өшіріп, өкініште қалып жүрме. Ұмытпа! Қанша күйінсең де, өлген қайтып тірілмейді, басқа түскен қайғыны да сейілте алмас. Жазмыштан озмыш жоқ! Уәс Сәләм»[2].