Дүниенің өткінші салтанатына алданбай, халықтың игілігі үшін ғұмыр кешкен сахабалардың бірі осы хазірет Саид (р.а) еді. Ол әкім болып тұрған кезде халифа Омар әл-Фаруқ (р.а) Хумус халқының ішіндегі кедей- кембағалдардың тізімін жасауды адамдарына тапсырды. Пақырлардың тізімі жазылған парақ хазірет Омарға әкелініп табыс етілді. Тізімнің ең басында Саид ибн Әмир есімін көрген Омар аң-таң болды. Бәлкім, аттас шығар деген оймен:
– Бұл қай Саид ибн Әмир? – деп сұрады.
– Уа, мүминдердің әміршісі, бұл біздің әкіміміз, – деген жауапты естігенде халифа таңданып:
– Сендердің әмірлерің кедей ме? – деді.
– Иә, ол кедей. Қолына не түссе бәрін кедей- кепшікке таратып бере салады, – деді адамдар.
Мұны естіген халифа көз жасына ие бола алмады. Хазірет Омар әкімінің тұрмысын түзетуді ойлап, бір елші арқылы оған мың динар жіберткізеді. Ол елшіге:
– Менен оған дұғай-дұғай сәлем айт. Бұл ақшаны мүминдердің әміршісі өз қажетіңе жұмсау үшін жіберді де, – деп тапсырды.
Елші Хумусқа барып аманатты әкімге табыс етті. Саид ибн Амир (р.а) мұншама көп ақшаны көре сала шошынғандай “иннә лиллаһи уә иннә иләйһи ражиу- ун” (Шындығында біз бәріміз Аллаға тәнбіз және оған қайта ораламыз) деген дұғаны оқыды. Саидтың бұл халін көрген әйелі қасына келіп:
– Не боп қалды, қожайын? Халифа Омарға (р.а) бір нәрсе болды ма? – деп сұрады.
– Жоқ, одан да бетер. Дүние менің басыма шүйлігуде, шаңырағыма азғырушы бүлік келді, – деп әйеліне жағдайды айтты. Ол да бұл ақшаны қалаған жеріне жұмсауға болатынын айтқаннан кейін, хазірет Саид (р.а) бұл қаржыдан бір тиын қалдырмай, кедей- кепшікке садақа етіп таратып жіберді.
Ақшаларды тегіс таратып жібергеніне әйелі ренжіңкіреп:
– Кішкене болса да өзіңе қалдырып, қажетімізге жұмсасақ болмас па еді? – дегенде, хазірет Саид (р.а):
– Жәннаттың мәңгілік нығметтерін өткінші дүниеде түгескім келмейді, – деп, өзінің ақыретке деген сенімінің шынайылығын көрсеткен еді. Хижраның қырқыншы жылында мәңгілік өмірге аттанған Саид ибн Әмир (р.а) өзінің адал қызмет атқарған жері Хумуста жерленді.