Іштен шыққан жау жаман. Қай заматта қасыңда жүріп, басыңнан ұратынын білмейсің. Сәләфизм ағымының еліміздегі стратегиясы, іс-жоспары, мақсаттары қалай орындалып жатқанын қоғам бейнесінен айқын байқаймыз. Қауға сақалдар мен көселердің селдір сақалдары, шолтиған шалбарлар, қоғамдық орында мисуакпен тіс тазалау т.б. көріністерге көз үйреніп кетті.
Аяқ астынан "кәпір" атанып кеткен ата-аналар, бет сипалмай берекесі кеткен баталар, келін сәлем саларын не салмасын білмей, әже немересінің тұсауын кесерін не кеспесін білмей әбден абдыраған, бояуы кеткен бір бейберекеттік сипат алды. "Дұшпаннан емес, досыңнан қорық. Себебі досың сырыңды біледі" демекші, тегіс жерде түзу жүрген достарымыз "сәләф" болып, қатарын көбейтпекке бізді тартып, тұқыртып жүргені бар. Елімізде жат ағымдарға біраз бұғалық салынғаннан кейін, олар енді ақпараттық шабуылға көшті.
Мына заманда әркімнің ғаламтор желісінде, әлеуметтік желіде табандап отыратыны жасырын емес. Осыны зор мүмкіндік деп ұққан "сәләфтар" үлкен қауіпті қадамға барып отыр. Олар Ұлық имам Әбу Ханифаның атын жамылып, көпшілікке қолжетімді сайт ашып алған. Біріншіден, Әбу Ханифаның нағыз ілімі, мұрасы осылар деген сыңаймен өздерінің уахабиттік ілімін тықпалайды. Екіншіден, Әбу Ханифаның ілімін "сәләф" ғалымдарының теріс пікірі арқылы "қате! " деген тұжырымға әкеледі. Үшіншіден, Әбу Ханифаның белгілі бір жағдайда айтқан пәтуа не пікірін басқа бір жағдайларда да өрескел қолданып, өзінше қате шығарып отырады. Төртіншіден, Әбу Ханифаны өзінің шәкірттеріне, басқа сунниттік үш мазхаб имамдарына және Матуридиге қарсы қояды.
Қазақшаны еш жерде қарық қылмай жүрген мына уақытта сайттың қазақшасы өте сауатты әрі түсінікті тәржімаланған. Сайттың редакциясында жоғары білімді, тәжірибелі мамандар жұмыс жасағаны анық көрінеді. Қысқа уақытта біршама материалдардың тез аударылып бітуі де мұның артында үлкен пәрмен тұрғанын аңғартады.
Ханафи мазхабын ұстанушылардың негізгі сипаты – діннің жай-жапсарын, бұйрығы мен тыйымын ұзақ жыл дін оқуын оқыған имамдардан, ғалымдардан біліп отырады. Яғни әрбір мұсылманға ғалымдар жолбасшы. Қарапайым мұсылманға әрбір пәтуаның қалай, қайда, қандай негізде, кім шығарғанын, қай дереккөздеріне сүйенгенін біліп отыру ауыр келеді. Ғалымға бойсұну жеткілікті. Бұл жерде айтпағым, бірнеше жылдан бері намаз өтеп жүрген жанның өзі аталмыш сайтты оқығаннан кейін, екі таңдаудың арасына түсіп, дүдәмал күй кешеді. Сайттың аты "Әбу Ханифаның мирасы" болса, ондағы материалдар "мынау мынадай, анау анандай" деп тұрса, оны оқыған адамның миы ашымай қайтсін!? Ал дінге енді бет бұрып келе жатқан бауырларымыздың халі не болмақ сонда? "Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық" демекші, бір сенімнің жетегіне еріп, "ақиқат осы екен" деп ұққан жанның бертін келе одан бас тартуы өте ауыр үрдіс. Сайттың материалдары дінді білмейтін адамдар түгіл, аздап сауаты бар адамдар үшін де өте сендірімді.
Соңғы кездері қоғам арасында, бұқаралық ақпарат құралдарында, тіпті билік басында сәләфизм ағымын "қалыпты сәләфизм" (умеренный саляфизм) және қауіпті (радикалды, тәкфир жамағаты) сәләфизм деп бөліп көрсетіп, кең талқылауға түсіп жүр. Тіпті, есімі елге белгілі кейбір сарапшыларымыз "қалыпты сәләфизмді" жақтап, диссертациялық жұмыс жазып жүрсе, танымал саясаттанушыларымыз солардың шашбауын көтеріп, аудиториясы ауқымды БАҚ беттерінде сұхбат беріп жүр. Олардың сендіруінше, сәләфизм (уаһабшылық) екі түрлі болады: бірі қолына қару алған сәләфилер болса, енді бірі – бейбітшілікті ту еткен, билікке қарсы шықпайтын қалыпты сәләфизм.
Сәләфизмді, расымен де, осылай екіге бөліп қарауға бола ма? Ешқашан! Екеуінің де оқитын әдебиеттері, көзсіз еретін ғалымдары бірдей. Тек саяси көзқарастарында ғана аздап айырмашылық бар. "Қасқырды қанша асырасаң да тауға қарап ұлиды". Алда-жалда бірінің басына қауіп төнсе, екіншісі болысады. Саяси шиеленіс орын алса, екеуі бірігіп кетеді. Сәләфиліктің қай тармағы болса да ұлттық құндылықтар мен әдет-ғұрыптарымызды "Аллаға серік қосу" деп, елімізде ғасырлар бойы қалыптасқан діни мектептерді адасқанға санайды. "Ата-бабаң адасқан, таза ислам ол емес, мынау" деп, ата-баба дінін өз ұрпағының аузымен мансұқтата бастады. Осыдан кейін ел іші екіге жарылуда. Халықтың арасынан бет сипап, аруаққа Құран бағыштауға қарсы шығатын жамағат бой көрсетті. Осының кесірінен алауыздық туындап, ат шаптырып, ас беріліп жатқан жерде екі қазақтың басы бір дастарханда түйіспейтін болды.
Бұл екі тармақ та бүгінде Қазақстанға тұмсық сұғып, өз идеологияларын екі жақтап насихаттауда. Сондықтан еліміздің құқық қорғау органдары "қалыпты сәләфизмді" "қауіпті сәләфизмге" қарсы қолдану үшін олардың жолына тосқауыл болмай, керісінше бар мүмкіндіктерін ашып беруде. Бұған дәлел – сәләфилікті ашық уағыздап жүрген "қалыптылардың" бірқатар сайттары еш тосқауылсыз емін-еркін жұмыс істеуде. Сол сайттары арқылы онлайн сабақтарын ашық жүргізіп келеді. Елдің дүрдараздығын тудыратын сайттарды жабу туралы неше мәрте ұсыныс түссе де, әлі күнге дейін тиісті шаралар қолданылмай келеді. Сондай-ақ, олардың улы әдебиеттері мен аудио-бейне уағыздарына мемлекет тарапынан арнайы сараптама жүргізілмей, ресми тыйым салынбаған. Соның себебінен уағыздары мен әдебиеттері әркімнің қолында, үйінде, ғаламторда кезіп жүр. Жастар да қазіргі технологияның мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, сол әдебиеттерді бір-біріне таратуда. Егер бұл әдебиеттер мен уағыздарға заңмен тыйым салынғанда, бұл әрекеттердің иелері заң алдында жауапқа тартылар еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр.
"Қалыпты сәләфизмді" қолға қару алып билікке қарсы шығатын радикалдарға қарсы қолдану тактикалық тұрғыдан дұрыс десек те, оларға бар мүмкіншілікті ашып беріп, тайраңдатып қою үлкен қателік. Себебі осының салдарынан қаншама діннен хабары жоқ немесе дінге енді-енді бет бұрып келе жатқан талай жастарымыз олардың емін-еркін айтылып, еш кедергісіз таратылып жүрген уағыздарының құрбанына айналуда. Сондықтан оларды тек билікке қарсы әлгі топтың мүшелеріне ғана бағыттап қолдану керек. Яғни оларға ақпараттық кеңістікті тұтастай беріп қою қауіпті.
Билік тез арада шұғыл қимылдап, сәләфизмге қатысты ақпарат ағындары мен көздерін түгелдей құрықтауы тиіс. Бір ғана "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде 100-ден астам сәләфилікті уағыздайтын әлеуметтік парақша жұмыс істейді. Сәләфтардың басым көпшілігі орыстілді аудиториядан құралса, енді қазақ тілінде белсенді жұмыс жасай бастады. Ғаламтор кеңістігінде сәләфизмге қарсы сүзгі орнатып, сот шешімімен сәләфизмнің исі шығатын барлық сайттарға тыйым салу қажет.
Алтынбек Ұтысхан, ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімі және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі:
–Сәләфизм ағымының ұлық имамның атын жамылып, осындай істерге барып отырғаны жанымызды ауыртады. Мұндай мәселені ел болып, БАҚ-та жоғары деңгейде көтеруіміз керек. Соңғы уақытта уахабилікті уағыздайтын сайттар, ақпараттар ғаламтор желісінде тым қатты көбейіп келеді. Ондай сайттарды анықтасақ та, оларды жауып тастауға бізде құзірет жоқ. Әлеуметтік желілердегі парақшалар мен сайттардың тізімін, оның ішінде, әрине, "Әбу Ханифа мирасы" сайты бар, бәрін Дін істері жөніндегі агенттікке тапсырдық. Ендігі әрекетті сол жақтан күтеміз.
Досай Кенжетай, Л.Н. Гумилев атын-дағы ЕҰУ-ның Дінтану кафедрасының профессоры, ғалым:
–"Әбу Ханифа мирасы" сайты туралы, біріншіден, жарияланған мәтіндер мен сараптамаларының тенденциясы, методологиялық ұстанымы УАХАБИЗМ НЕГІЗДЕРІ болып табылады. Екіншіден, ханафи фикх ұстанымы мен идеясын комментарий арқылы да, мәтін арқылы да қасақана бұрмалау бар. Үшіншіден, Ханафи платформасын Матуридимен диалектикалық қайшылықта көрсетеді. Бұл методология осы топтың сыртқы күштердің "социал —инженерлердің" басқаруымен мақсатты жұмыс жүргізіп отырғандығын көрсетеді. Төртіншіден, сайт материалдары қазақ тілі мамандарымен, солардың редакциялық тобымен атқарылып отыр. Сайт ауқымы атқарылып жатқан көлеміне және олардың психологиялық тұрғыдан ашық та батыл қимылдауынан үлкен қаржылық және саяси қолдау көріп отырғандығын тұжырымдауға болады. Олардың кез келген мәтіндері зайырлы ел конституциясында көрсетілген Әбу Ханифа жолына, дәстүріне қарсы бағытталып отыр.
Сәләфтар Әбу Ханифаның атын жамылып, уаһабизмді насихаттап жүр...
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора