РИЗЫҚТЫҢ ОННАН ТОҒЫЗЫ – САУДАДА
Алла Тағала пенделерінің екі дүниеде де бақытты болуы үшін жол бастаушы етіп сол қоғамның ішінен пайғамбарлар жіберді. Олардың әрқайсысы өзіне тән кәсіпкерлікпен айналысқан. Нұх (ғ.с) – ағаш ұстасы, Ыдырыс (ғ.с) – тігінші, Дәуіт (ғ.с) темірші және сауыт ұстасы болуымен қатар, барлық пайғамбарлар өмірінің бір бөлігін шопандықпен өткізген. Ал соңғы әрі сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саудамен айналысқан. Демек, саудада кәсіпкерлер үшін көптеген үгіттер бар. Ол қандай үгіттер? Осы мақалада сол жайында тарқатып айтамыз...
Пайғамбарлардың соңғысы болған Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келместен бұрын және келгеннен кейін де саудамен айналысты. Пайғамбарымыз саудаға қатысты белгілі бір ұстанымдарға байланып, үмметіне және оның ішінде мұсылман кәсіпкерлерге арнап бірқатар қажетті өсиетін қалдырды. Сауда кәсібіне қатысты бірнеше кеңес бере отырып, бұл мәселеде соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп кетті.
Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауда кәсібін таңсәріден бастауды талап еткен. Бұл жайында Пайғамбарымыз: «Уа Аллам! Үмметіме азанда ерте тұрып, іске кіріскендердің ісіне берекет бер» деп дұға еткен Таңсәріден тұрып, әр мұсылман өзінің кәсібіне Алладан берекетін сұрап кірісудің артықшылығын ұғынған дана халқым «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің бір ырысы артық» деген мақал қалдырды. Демек ісіміздің берекеті мен ырысының мол болуы – сол күнгі ниетіміздің ақтығы мен ерте тұрып бастауымызда.
Дамыған Батыс елдерінде таң сәріден тіршілігін бастайды. Бұл елдің бюрократтар, кәсіпкерлер, бизнесмендер, офицерлер, жұмысшылар, қысқасы қоғамның барлық бөлігі, оның ішінде қарттар да таңертең ұйқыдан ерте оянады. Ал дамушы елдің азаматтары, оның ішінде Шығыс елдері мен көптеген мұсылман елдеріндегі зерттеулер нәтижесі қоғамның ұйқыдан кеш тұратынын анықтаған.
Біздің елімізде жұмысқа ерте баруға болады. Өйткені өндірістік секторлар мен мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс істеу сағаты шектелген және кәсіпкерлердің 90 пайызы ауысымдық жұмыс қызметкерлерін қолданбайды. Әрбір кәсіпкердің және саудагердің жеке тұлға ретінде өз жұмыс орнын ертерек ашуға, қызметкерлеріне қамқорлық жасап, оны әдетке айналдырар болса, Пайғамбарымыздың дұғасымен сусындап, ісінің берекесі болары сөзсіз.
Пайғамбарымыздың кеңестерін осы негізде қолдана отырып, ата-бабаларымыз бастан кешкен жақсы үлгілерді табуға болады. Мысалы, «Әр істің басы «Бисмилла», «Әркет – бізден, берекет – Алладан» деп, таң намазын оқығаннан кейін кәсібі мен қызметіне, сауда-саттығы мен шаруашылығымен айналысқан.
Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баршамыздың сауда-саттықпен айналыса алатынымызды және ризықтың оннан тоғызы саудада болғанын айтқан. Бұл өсиетті естіген Мәдина қаласының тұрғыны Қайлә, Мулейкә, Әсма және Һаулә деген әйелдер саудада атақты болған. Мункиз есімді мылқау сахаба әйелге саудагерлікпен айналысуына қолдау білдірген. Бұған қоса, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) он жасында жетім қалған Жағфардың ұлы Абдулланың базарда саудамен айналысып тұрғанын көргенде, қасына барып оны құттықтап әрі саудаға үгіттеп, екі қолын жоғары көтеріп, берекет дұғасын оқыған. Бұл мұсылмандардың адал саудаға насихаттынан бір мысал.
Экономикалық дамудың даңғыл жолында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында егемен еліміз көптеген бағдарламалар ұсынып, оның жүзеге асырылуына қаржылай да көмек беруде. Осы тұста кәсіпкерлерді оқыту ерте жастан білім мен тәжірибе жинауы маңызды. Шын мәнінде жастайынан саудамен айналысқан Пайғамбарымыздың өмірі мен тәжірибесі – ең жақсы үлгі.
Пайғамбарымыздың саудадағы тағы бір ұсынысы, қолымыздағы қаржыны сандықта сақтамай, айналымда болуын қамтамасыз ету. «Кім бір жылжымайтын мүлік немесе құнды зат сатып, қаржысына осыған ұқсас нәрсе сатып алмайтын болса, оның берекетін көре алмайды» деген Пайғамбарымыз экономиканың құлдырамауын, айналымдағы қаржының көп болуын көздеген. Сонымен қатар, нарықтың бір өсіп, бір түсуіне себепкер болуға тыйым салған.
Егемендігіміздің арқасында халықаралық байланыстар жолға қойылып, көптеген елдер арасында сауда қарым-қатынасы дамыды. Инвесторлардың келуімен еліміз өркендеп келеді. Осы тұста шетелдіктермен, оның ішінде діні мен ұлты басқа болған адамдармен сауда келісімін жасасып, қызметтес болып жүрген қазақ мұсылмандар үшін Пайғамбарымыздың кеңестері мен тәжірибелері мол. Осы кеңестер мен тәжірибелерге сүйенер болсақ, мұсылман саудагері немесе кәсіпкері, мұсылман емес адамдармен коммерциялық серіктес бола алады деп айтуға болады. Алайда мұсылман кәсіпкерлері мен саудагерлері сатуға рұқсат етілмеген тауар айналымында серіктес болмауы керек. Сонымен қатар екі жақтың келісіміне сай іс-әрекет ету мен мұсылмандық ұстанымға сай болуын талап еткен.
Қорытындылай келе айтарымыз, еліміздегі мұсылман кәсіпкерлер немесе іскер адамдар өзінің Исламға сай тұлғасын сақтай отырып, қарым-қатынас орнатуға толықтай құқылы. Өйткені, серіктестері қарым-қатынас құрған адамдар арқылы мұсылмандарды таниды. Кәсіпкерлер мен саудагерлердің адалдығы, ісінің берекетімен көрінеді. Кәсіпкер қарамағындағы қызметкерлері мен бала-шағасын адал аспен қамтамасыз етуі міндетті. «Маңдай термен тапқан нан тәтті» деген мақалы кәсіптің адалдығын меңзесе керек. Алла ісімізге берекет берсін!
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Ислам құқық ғылымдарының докторы