Жоспар құру
Кейде бірнеше маңызды шаруаларды жасау керектігі Рамазанның соңғы күндерінде есімізге түсіп жатады. Әлгі шаруаларды 70 еседен көп сауап жазылатын осы айда жасағанда ғой деп өкінеміз. Бірнеше күнді кері қайтара алсақ қой деп армандаймыз. Сондықтан, сан соғып қалмас үшін не істеу керек?
Бұл бізге таныс жағдай. Менеджмент саласындағы мамандар осы олқылықтың алдын алу мақсатында бір әдіс ойлап тапқан. Бұл аналогты әдіс Құранда айтылған, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолданған. Идеясы өте қарапайым: осы айға жоспарлаған істеріңізді тізіп шығу. Басында барлығы жалпы тізімге кіргенімен, кейіннен топқа, аптаға, күндерге бөлуге болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қасиетті Рамазан айының алғашқы он күні рақымға толы, ортаңғы он күні кешірімге толы, соңғы он күні тозақтан қалқан» деп, қасиетті айды үшке бөлген.
Рамазанның әр сәті қымбат, әрбір секунды бағалы. Отырсаңыз Құран оқыңыз, жүріп бара жатып зікір айтыңыз, құлшылық етіңіз, арасында көз іліп алыңыз. Рамазандағы ұйқыңыздың өзі құлшылық болып саналады. Әрине, ол келесі құлшылықты жасауға әлденіп алу мақсатында болса. Түске дейін немесе күннің көп бөлігін ұйқымен өткізу дұрыс емес.
Құран оқу мен жаттаудың кестесін жасау
Рамазан – Құран айы. Барлық мешіттерде осы қасиетті ай бойы Құран бастан аяқ бірнеше рет хатым етіледі. Арабшасын оқи алмайтындар аудармаларын оқуға тырысады. Рамазан айында Құранды кемінде бір рет хатым еткісі (бастан аяқ оқу) келген адам, әр намаздан соң 4 беттен оқып тұруы тиіс. Екі рет хатым еткісі келген кісі 8 беттен оқиды. Құран 30 парадан тұрады. 1 пара 20 бет болады. Бесті төртке көбейткенде (5*4) 20 бет, яғни 1 пара болады. Осылайша бір айда 30 параны бастан аяқ оқып шыға алады.
Рамазанда кемінде 4 ұзынды-қысқалы сүре жаттауға болады. Абзалы қысқа сүрелерден бастап жаттау керек. Сонда келесі аптада көбірек сүре жаттауға мүмкіндік туады. Сүре оқу мен жаттаудың графигін жасап, оны белгілеп отыру керек. Рамазанның соңында графиктің беті белгілерге толы болса, қандай жақсы.
Кейбіріміз Рамазанның алдында іс жүзінде орындай алмайтын мақсаттар қойып қоямыз. Рамазанға дайындық жақсы болмаса, онда жоспарлаған істеріңізге күш-қуатыңыз жетпей қалуы мүмкін. Мысалға, күнде бір-екі бет Құран оқып жүріп, Рамазан айында Құранды үш-төрт рет хатым етем деу, таң намазына әрең тұрып жүріп, осы айдың барлық түнінде тәһаджүд намазына тұрамын демек. Бұл сізге физикалық әрі психологиялық қысым түсіруі мүмкін. Бір аптадан кейін әл-дәрменіңіз құрып, алға қойған мақсаттарыңызға қол жетпей, үмітіңізді үзіп аласыз. Аз болса да, үздіксіз жасалып тұрған істің қайырлы екендігін Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтып кеткен.
Сондықтан өзіңізді кейін кінәлап жүрмес үшін, шамаңыз келетін ғана құлшылықтарды атқарыңыз. Мысалға, Құранды бір рет хатым ету, түнде екі рәкат қана тәһаджүд намазын оқу секілді құлшылықтарды аз-аздан, бірақ үздіксіз атқарсаңыз өзіңіз де қатты қиналмайсыз.
Ниеті бір топ құру
Бұл айда сенімді, тақуа жолдастармен жақын қарым-қатынаста болу керек. Себебі, адамға қоршаған орта әсер етеді. Жұмыстан, сабақтан қолыңыз тимеуі мүмкін. Бірақ, қалған уақытты сондай ортада өткізген жөн. Бір топ құрып, сол топқа арнайы график жасап, оның дұрыс орындалуын қамтамасыз ету үшін бір-бірін қадағалап отыру керек. Ортадан қаражат шығарып, ауызашарды ұйымдастырып тұру. Шамасы келгендер өзі ұйымдастырып, ауызашар беруі құптарлық іс. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – деген.
Қайырымдылыққа деген қаржыны есептеңіз
Пайғамбарымыз (с.а.у.) жомарт кісі болатын. Ал, Рамазан айында асқан жомарттық танытушы еді. Алла елшісінің осы сүннетіне берік мұсылмандар қаржысын ораза ұстағандарға ауыз аштыруға, жетім-жесірдің мұқтаждықтарын өтеуге т.б. жұмсап жатады. Сіз Алла разылығы үшін қанша қаражат жұмсауға дайынсыз? Алла оны 70 немесе одан да еселеп қайтаруға дайын!
Барлық қаржыңызды сарып қылып, өзіңізге қажет қаражаттың артылмай қалуының алдын алу үшін есептеп алғаныңыз жөн. Рамазанда қанша қаржылай көмек жасай аласыз? Мысалға, күніне 100 немесе 200 теңге болсын десеңіз, соны 30-ға көбейтсеңіз, жалпы сомасы белгілі болады. Сол соманы қайырымдылыққа мақсатқа бөлек алып қоясыз. Бір күнде 200 теңгеден бергенде, отыз күнде жиналған ол ақшаға бір оқушының бір жылға шыдарлық сөмкесін сатып алуға болады.
Құдіретті Алла Тағала: «Расында, ата-анаға, жақындарыңызға, жетімдерге, кедейлерге және жолаушыларға жұмсалған қаражат абзалырақ. Сендер қандай жақсылық жасасаңдар да, Алла оны көруші» деген.
Сәресі мен ауызашар
Әнәс (р.а.): «Алла елшісі (с.а.у.): «Сәресіні ішіңдер, өйткені сәресі уақытында ішілген аста береке болады», – деп айтты», – деген (Бұхари, саум 20; Муслим, сиям 45). Басқа бір хадисте Амр ибн әл-Ас (р.а.): «Алла елшісі (с.а.у.): «Біздің оразамыз бен Кітап иелерінің оразасының арасындағы негізгі айырмашылық – сәресін ішу», – деп айтты», – деген (Муслим, сиям 46).
Иә, хадисте айтылғандай сәресін ішу басқа дін өкілдерінің оразасынан біздің оразамыздың ерекшелігін білдіреді, әрі берекелі болады. Кейбір кісілер сәресіге тұруды ауырсынады, былайша айтқанда ұйқысын қимайды. Ауызашарда артығымен жеп алғаны тағы бар. Осы жерде айта кететіні, ауызашарда шектен тыс тамақтануға болмайды. Асқазанға зиян.
Рамазан – бұл денені әрі жан дүниені тазалайтын ай. Ораза бізге асқазандары аштықтан бұратылып жүрген көптеген пенделердің жай-күйін көз алдымызға әкеліп, олардың жағдайын түсінуімізге көмектеседі. Сондай-ақ, біздің күнделікті жеген асымызды бір жыл бойы қорытумен айналысатын асқазанымызға да аздаған демалыс береді. Кейбір кісілер сәресі мен ауызашарда тамақты көбірек жеп қояды. Салмақ тастаудың орнына, салмақ қосып алатындарын қайтерсің. Ағзаға күш түсіріп, таңертең аштықты сезінудің орнына, тамақ толы асқазаннан өзімізді жайсыз сезінеміз.
Ауызашарда түрлі-түрлі тағамдарды жегеннен кейін адам жалқауланып, ұйқысы келіп, түнгі намаздарды лайықты түрде атқара алмай жатады. Ауызашарға дайындалатын тамақ қарапайым, тойымды болуы керек. Түрлі-түрлі тамақ қоя берудің қажеті жоқ. Сәресі немесе ауызашар кезінде дастарханға тек бойға қуат беретін, шөлдетпейтін тамақтар қойылғаны дұрыс. Әрі Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Асқазанның бір бөлігін суға, бір бөлігін тамаққа, енді бір бөлігін ауаға толтырыңыздар» деген кеңесін де ұмытпаңыз.
Рамазандағы сауаптың санында шек жоқ
Алла Тағала әрбір ізгі амал жасаушыға ізгілікпен жауап береді. Ол өзінің ықыласты құлдарын осы дүниеде нығметтерге бөлеп, арғы дүниеде одан да көп көз көріп, құлақ естімеген сый әзірлеп қояды. Рамазанда жасаған істеріңіз кестені толтырып қана қояды мақсат тұтпай, Алла разылығы үшін болуы керек.
Рамазанда отыз күн ораза ұсталады. Рамазан оразасы – әр мұсылманның әрі бар мұсылманның өмірінде бір-ақ рет келетін ұлы құлшылық. Ол Алла Тағаланың тарапынан рухани қуат алу үшін, қуат ала отырып Оның бұйрықтарын бұлжытпай орындауға дайындайды. Рамазаннан көптеген пайда алып қалу үшін, бар ынта-ықыласымызбен, шын жүрегімізбен оны қарсы алуымыз керек. Қарсы алғаннан кейін оның қонақ екенін де ұмытпауымыз керек. Ал, қонақтың көп аялдамасы белгілі. Рамазанның берекелі болып-болмауы оған деген дайындығымыздан белгілі болады. Алла Тағала өз құлдарын Рамазанға дайындық ретінде алдыңғы Рәжаб пен Шағбан айларында ораза ұстауға ынталандырды. Рәжаб пен Шағбан егін егу науқаны болса, Рамазан соны жинайтын мезгіл.
Өзгелерге дұға ету
Көп адамдар Рамазанда мұң-мұқтаждықтарын айтып, дұға тілейді. Ақыреттік әрі дүниелік қажеттіліктерін сұрайды. Кейбіреулер Алладан сұрайтын нәрселерінің тізімін жасайды. Бұл жақсы әрине. Бірақ, біз дұғамызда өз жақынжарымызды да ұмытпауымыз керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай: «Қандай да бір құл өзінің бауыры үшін дұға еткенде, періште оған: «Саған да соны тілеймін» дейді, - деген. Бауырларымызға дұға ету арқылы бір оқпен екі нысананы көздегендей болады екенбіз. Көптеген бауырларымыздың мүшкіл жағдайының жақсаруын осы айда тілеп, дұға етуден қапы қалмауымыз керек. Дінге толық бет бұра алмай жүрген, адасып жүрген бауырларымыз үшін дұға етіп қойсақ, Алла Тағала олардың жүрегін тура жолға бағыттар.
Жан дүниені тазалау
Ораза – тамақ пен судан тыйылып қою ғана емес, сонымен қатар, өсектен, кек сақтаудан, қызғаныштан, жаман ойлардан арылу. Бұл оңай шаруа еместігі белгілі. Дегенмен солай жасай алған адам бақытты дер едік. Бұндайда шайтанның кедергі жасайтынын ойлаудың да қажеті жоқ. Себебі, Рамазанда шайтандар кісенделеді. Сондықтан, Рамазан кемелдікке жетудің бірден-бір жолы. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де, Уа Мұхаммед! Кімде-кім Рамазан айына жетіп, сол айдың құрметі үшін кешірімге ие бола алмай өмірден өтіп, тозаққа кетсе, Алла оны мейрімінен алыстатсын», – деді. Сол кезде мен де «әмин!» дедім» деген. Сондықтан, бұл қасиетті айда Алланың мейіріміне одан сайын жақындай түсуімізді нәсіп етсін!
Бұл енді кеңес ретінде ұсынып отырған атқарылатын жақсы амалдардың кейбірі ғана. Әркім өзінше жоспар құрып, бұл айтылғандарды толықтыра алады. Рамазан айы барлық мұсылман қауымға жемісті болсын!